18.05.2020, 17:07
Оқылды: 157

Жұбайлар бар әңгімесі таусылған...

Белен мен Риза жоғары оқу орнында жүргенде танысты. Алдымен екеуі сырлас досқа айналды. Уақыт өткен соң достық махаббатқа ұласты. Оқуларын түгесе сала шаңырақ көтерді.

AD2ADB23-ED64-49CD-8C79-C803751CCE1D

Жыл өтпестен Белен әке атанды. Тұңғышы дүниеге келгендегі сезімін ол сөзбен сипаттап жеткізе алмайды. «Мен әке атандым» деп бар даусымен айқайлағаны - сол кезде ол үшін еш сөкеттігі жоқ дүние-тұғын. Риза да аналық сезімі оянып, кішкентай Бекзатқа емірене көз тастайтын. Тұңғыштары дүниеге келе сала Белен мен Ризаның арасында түсініспеушіліктер орын ала бастады. Сәби дүниеге келмес бұрын да «ыдыс-аяқ сылдырлап» тұратын. Бірақ Риза жүктіліктің әсері шығар деп тұспалдаса, Белен жас отбасыларда орын алатын қалыпты құбылыс деп білді. Алайда сол құбылыс күн өткен сайын өрши түсті. Белен жұмыстан кешігуді дағдыға айналдырды. Риза серігінің бұл қылығын отбасылық қиыншылықтан қашқақтау деп түсінді. Екеуі жүзбе-жүз отырып сөйлесіп, талқылап та көрмеді. Ұрыс басталса бір-бірін кінәлауды ғана білді. Белен үшін Риза лайықты әйел, ал Риза үшін Белен жауапкершілігі мол отағасы бола алмады.

Екеуінің де ата-анасы өз баласын жақтады. Белен әкесінен ерте айырылған. Ал анасы жалғызын ешкімге қимайтын. Ұлы үйленемін дегенде қызғаныш сезімі оянғанын әр отбасылық отырыстарда айтатын. Ал Ризаның әкесі де, анасы да қыздарына шаң жуытпайтын еді. Анасының «Күйеу бала, қызымды әлпештеп өсірдік. Оны ренжітуші болма» деген тойдағы сөзін Риза санасына құйып алды. Отбасылық өмірдің алғашқы айларында орын алған шағын кикілжіңде Риза анасына жылап барғанда, анасы «Қызым, ішіме сыйдың, сыртыма да сыясың» деген «қолдауы», әрине, алдағы өмірлеріне әсерін тигізбей қоймады.

917F238D-C6A1-42B1-9F05-FFB4735D5C44

Сөйтіп, анау жаман, мынау жаман деп жүргенде Бекзат 2 жасқа толды. Ұлының туған күнінде болмайтын жерден ұрыс шығып, Белен әйеліне алғаш және соңғы рет қол көтерді. Риза баланы алып, ата-анасының үйіне кетті. Белен анасының әйелі туралы айтқан сөздерін тыңдап үйде қалды. Екі күннен соң соттан хабарлама келді. Риза ажырасуға шешім қабылдапты. Отбасылық өмірде екеуара олар сөйлесіп те көрмеді. Ашуды сабырға жеңдіре алмады. Қазақстанда тағы бір шаңырақ ортасынан түсті.

Кейіпкерлердің есімдерін өзгертіп, назарларыңызға ұсынған бұл оқиға расымен өмірден алынған. Дәл осындай жағдаймен қаншама отбасының шырқы бұзылып, қаншама сәби әке мен ананың махаббатына зәру болып қалды. Отбасылық құндылықтар аяқасты болуда. Ойланып көрсек, бұл заманның дертіне айналды. Көбісі, ажырасу фактілерінің күн санап артып жатқандығына мән бермеуі мүмкін. Алайда Отан отбасынан басталарын біз жақсы білеміз ғой?!

Қазақстан ТМД елдері арасында ажырасудан алғашқы ондықта екен. Қазіргі ажырасқан жастардың 90 пайызының балалары бар. Психологиялық зерделеудің нәтижесі бойынша сол балалардың бақытты балалық шақтан гөрі өмірге ашу-ызасы көп болады екен. Тағы бір адам шошырлық статистикаға назар салыңызшы. Қазақстанда әрбір екінші неке ажырасумен аяқталады екен. Оның 83 пайызының ортақ балалары бар. Яғни, 400 000 ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, 60 000 жалғызбасты әке бар. Сонда «күйем, сүйем» деп қосылған екі жастың уақыт өте екіге айрылуына не себеп? Психологтар осы сауалға да жауап іздеп көрген. Олардың айтуынша, жас жұбайлардың бірінің немесе екеуінің де балалық шақта алған психикалық жарақаты отбасын бұзуға әкеп соғады. Екінші себеп, қазақстандық жастардың дұрыс таңдау жасай алмауы. Бір-бірін жете білмей, дұрыс танымай қосылудың соңы ажырасуға әкеп соғады. Тағы бір себеп – сексуалдық проблема. Қазір жастар бір-бірінің көзіне шөп салуды дағдылы жайт қабылдайды. Адалдық құндылығын жоғалтып барады. Отбасында шекара деген жоқ, әркім қалағанын жасайды. Осыдан соң отбасында кризис басталып, соңы ажырасумен аяқталады. Психологтар ажырасудың алдын алу мақсатында бірінші кезекте ерлі-зайыптының ортақ мақсат-мүддесі болуы керектігін айтады. Ол тек бала тәрбиелеп, демалыс күндері киноға бару ғана емес, ортақ бизнес ашу, үй салу сияқты ортақ мүдделер.

597367FE-8157-497F-A8B5-B81D1D61F664

Енді ауданға бұрсақ бағытты. Елдегі проблема Теректіні де айналып өтпеді. 2019 жылы аудан бойынша 65 неке тіркелсе, 109 ажырасу фактісі орын алған. Отбасылы болғандардан ажырасқандар екі есеге көп. Ал 2020 жылдың басынан күні бүгінге дейінгі мезгілге үңілсек, 11 неке тіркеліп, 12 отбасы ажырасқан. Көз салсаңыз, дене тітіркендірер статистика Теректіден де табылып отыр. Сүйіншілеп жариялар жайт емес, әрине. Алайда, «ауруын жасырған өледі» деген тағы бар. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Жаңылысу да, қателесу де, кей кезі аяқты шалыс басу да адамзат баласының бәріне дерлік тән нәрсе.

Бүгінгі қоғамда өмір сүріп жатқан әйел адамдардың арасында эгоцентристік, яғни қазақы түсінікке салғанда менмендік көзқарас басым түсуде. Мұндай көрініс ер адамдардан да байқалады. Рас, қоғамда әйелдер құқығы біршама нығайған. Бұрын отбасы, бала-шаға үшін қандай болмасын қиындыққа шыдап, күйеуінен ажырасуды құп көрмейтін әйелдер бұл заманда өзі үшін өмір сүруге болатынын түсінген сыңайлы.

Отбасын құру – өмір заңдылығы. Сайып келгенде, ажырасу да өмірдің бұлжымас қағидасына айналып үлгергендей. Біз қазір қолда бардың қадірін жете түсінбеуге айналдық. Отбасы тыныштығы, баланың бақытты сәттері, денсаулықтың маңыздылығы дегендерді сана қабылдаса да, әрекетіміз мүлдем басқа. Жоғарыда мысалға келтірілген Белен мен Ризаның шаңырағының құлауына түсініспеушіліктен бөлек, ата-ананың араласуы да себеп болып отыр.

Ия, сырт көздің пікірі соңғы орында болуы тиіс. Әйел отағасын, ері отанасын сыйлап, бір-біріне кішіпейілділік пен құрмет көрсеткен отбасында береке болады. Қазір ер бүгежек, әйел - адуын. Әркім өз орнын білмесе, жауапкершілікті сезінбесе ажырасудың саны өсе беретіні ақиқат.

Белен Мұхтар Шахановтың кітабын қолына алып, көзі бір өлеңге түсті.

Жұбайлар  бар әңгімесі таусылған,

Ал, махаббат таусылмайтын әңгіме...

Олардың әңгімесі таусылғандай....

Әділет Орынбасаров

Теректі ауданы    

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале