Атырауда қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша ғылыми жобалар конкурсының республикалық кезеңі өтті. Конкурстың соңғы кезеңіне облысымыздан 13 оқушы, соның ішінде «Әдебиет» секциясы бойынша Абай атындағы мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Еркеназ Жасталап қатысты.
Еркеназ «Жұбан Молдағалиев өлеңдері мен поэмаларындағы Батыс Қазақстан облысының топонимдері мен тарихи тұлғалары» тақырыбында дайындаған ғылыми жобасын қорғап, конкурстағы ерекше жетістігі үшін Грамотамен марапатталды. Талапты шәкіртіміз аталған тақырып аясында ізденісті 2022 жылдан бері жүргізіп келе жатыр. Оның осы жұмысы былтыр ғылыми жобалар конкурсының аудандық, облыстық кезеңдерінде үздік танылды.
Еркеназ өзінің бұл табысын «Жұбан атамыздың 105 жылдық мерейтойына тартуым» деп есептейді және осы конкурсқа дайындық барысында ақыл-кеңесін аямай, ақиық ақын, Желтоқсан жебесі атанған жерлесіміз туралы ақпараттар ұсынып, батасын берген жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызына зор алғысын айтады. Еркеназдың талабын шыңдап, конкурсқа дайындаған жетекшісі – мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-шебер Әсел Ерментаева.
Әлия Шарапива,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz