30.04.2024, 17:17
Оқылды: 68

Жұбатуға арналады бұл жиын немесе «Нұрлы жолдықтардың» жолын кім ашады?

Бүгін Теректі аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мирхат Ибраев және аудандық мәслихат депутаттары Гүлдариға Амандықова, Әділет Орынбасаров пен Марат Сыхов «Нұрлы жол» саяжайының тұрғындарымен кездесті. Подстепной ауылының мәдениет үйіне жиналған жұртшылықтың талабы – нақты, ашуы – қатты. Бүтін саяжай қызыл судың астында қалып, ондағы тұрғындар қайда барып күн көрерлерін білмей, дал болды. Бір нақты шешімін сұраған халықтың арасында жағдайы өте қиын мүгедектігі бар жандар мен көпбалалы аналар бар.

440871072_2588105424704669_61340508079642415_n

- Подстепнойда дәл осы су тасқынынан зардап шеккен жандарды демеу, қолдау шараларын көрсету басталып кетті. Ал бізді, яғни «Нұрлы жолдағы» адамдардың жағдайын кім ойлайды. Мұнда да тіршілік барын біледі ме, жауаптылар, - деді аталған саяжайдың тұрғыны Данияр Дәулетов.

438128673_2588105371371341_7817854080425155029_n

Әлжан Жақсыгерейұлы ашудың тағында бұлқынып отырған жұрттың базынасын асықпай тыңдап, сабырға шақырды. Жағдайды егжей-тегжейлі түсіндіріп, уақыттың төреші екендігін ескертті.

- Дегенмен біз әуел бастан өмірімізді саяжаймен байланыстырмау керектігін білдік қой. Бұл жер тек қана жазда келіп, бау-бақша егуге арналған. Белгілі нәрсе еді. Байқап отырсақ, көп тұрғынүйдің тіпті құжаттары да жоқ, - деді аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев.

440768850_2588105328038012_4377459989414913685_n

Сонымен қатар саяжай тұрғындары эвакуциялық пункттің көрсететін қызметінің талапқа сай келмейтіндігіне наразы. Қаладағы бағасы аспандаған пәтерлерде күн кешіп жүрген олар көмек көрсететін пунктке тұрақтағысы келеді-ақ. Бірақ шиеттей бала-шағасынының қолайлы өмір сүргендерін де қалайды. Ал пәтер жалға беретіндер балаларды көріп, бірден бас тартады. Сонда екі оттың, нақтырақ тарқатсақ топан судың арасында қалған тұрғындар қайда барады? Сенделген халық саяжайдың жетекшісі Андрей есімді азаматты тасқын басталғаннан бері іздеп жүр. Тұрғындардың айтуынша, ұялы телефонға да жауап бергісі келмейтін жетекші жерлестеріне мүлдем қолұшын созбаған. Өзге саяжай тұрғындары алған көмектен де қағылған. Мирхат Мақсотұлы «кімге барып, кімге айтамын» деген қауымға несиелерін уақытша тоқтата тұруға өтініш берудің һәм әлеуметтік көмек алуға қажет құжаттарды жинақтаудың жолдарын түсіндірсе, Әділет Әлібекұлы қос бірдей отбасыға азық-түлік, төсек орындарын алып беруге жәрдемдесті.

440751042_2588105244704687_5224939569702500491_n

Айта кетейік, жиыннан саяжайдағы елден бөлек Подстепной ауылының тұрғындары да табылды. Қалың бұқараның топан су шайып өткен үйлерді бағалаушыларға көңілдері толмайды. Мысалы, жанары жасқа толып келген аталған ауылдың тұрғыны Гүлбегім Сиражова бағалаушылардың бар болғаны тоғыз жүз мың теңгеге бағалағанын айтып, жанайқайын жеткізді. Оның жасын «мама жыламашы» деген кішкентай ғана баласы сүртті. Одан бөлек біраз тұрғын тура осы жағдайды растай кетті. Онымен қоса дәл осы үй-жайлардың жағдайын сараптап, бағамдайтын аудандық комиссия мүшелерінің жұмыстарын түкке тұрғысыз деп бағалады. Жасыратыны жоқ, жиында өзге түйін көрмедік. Барлығын уақыттың еншісіне тапсырып, жанарын жасқа малғандарды жұбатып қана кетті. Өйткені ауданнан аттанған жергілікті депутаттардың қолында түк жоқ. «Нұрлы жолдық» ағайындардың дәл қазіргі жағдайы – мүшкіл. Нақты шешім шықпай, пәлен-түген деуге тағы да болмайды. Сонда олар кімнен пана сұрамақ? Талап-тілектерін қағаз жүзінде қалдырған «Нұрлы жол» тұрғындары үмітін үзбек емес.

Әділет Зере,

Теректі ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале