31.07.2025, 21:00
Оқылды: 241

Жүйелі жоспар – тұрақты даму кепілі

Жәнібек ауданына Батыс Қазақстан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаева арнайы жұмыс сапарымен келді. Бұл сапар Қазақстан Республикасы Премьер Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың жаңа өңірлік саясатты іске асыруға қатысты хаттамалық тапсырмаларын аудандарда орындау барысын қадағалау және әдістемелік көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылды.

image-31-07-25-07-14-4

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында келелі жиын өтіп, оған Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов төрағалық етті. Шараға аудандық бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері мен бірге көршілес Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Азамат Мұхамбетжанов бастаған делегация қатысты.

Басқосу барысында елді мекендердің әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, «Қаладан ауылға», «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асу барысы, шекара маңындағы ауылдарды инвестиция тарту арқылы дамыту тетіктері сөз болды. Бұл жобалар ауылдық аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жастарды ауылда тұрақтандыруға ықпал етпек.

image-31-07-25-07-14-1

«Аталған жобалардың ауыл халқының әл-ауқатын арттырудағы маңызын ескерсек, жергілікті атқарушы органдар мен жауапты мекемелердің бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізуі өте маңызды», - деп атап өтті басқарма басшысы.

Сонымен қатар Бибігүл Тишанқызы ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы озық тәжірибелермен бөлісіп, нарықта алпыс төрт жылдан бері табысты қызмет етіп келе жатқан «Родина» агрофирмасының жұмысын үлгі ретінде ұсынды. Оның айтуынша, бұл кәсіпорынның жүйелі даму үлгісі облыстың ауыл шаруашылығы саласында қолдануға болатын тиімді тәжірибе. Осы ретте басқарма басшысы сенімді, уақыт сынынан өткен даму жоспарын әзірлеудің қаншалықты маңызды екендігіне де тоқталды.

image-31-07-25-07-14-3

Жиын соңында қатысушылар өзекті мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін білдіріп, ашық диалог орнатылды, сұрақтар қойылып, қозғалған тақырыптар кеңінен талқыланды. Бибігүл Тишанқызы әрбір бастаманың табысты жүзеге асуы үшін жүйелі жоспарлау мен нақты атқарылатын іс-шаралар қажет екенін баса айтты.

image-31-07-25-07-14-2

Сонымен қатар Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Азамат Ермекұлы мен Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Мирболат Бауыржанұлы Бибігүл Тишанқызына мазмұнды кездесуге ұйытқы болғаны үшін ризашылықтарын білдіріп, бұл бастамалар ауданаралық ынтымақтастық пен ауыл дамуына тың серпін беретініне сенімдерін білдірді.

 

Арай Сейфолла, 

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале