- Сырым елінің баласымыз. Атқа мінген азаматта ауыл-жұрттың қақы бар. Сондықтан туған жерімізге қызмет қылуға келдік. Әрине, мойынымызда мемлекеттің жүгі бар. Бірақ, болдық, толдық деуден аулақпыз.
Бізді толтыратын, өсіретін - баталарыңыз. «Ауылыңда қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген сөз бар қазақта. Елді аға буынның ақылы алға бастайды. Құндылықтар ауысқан заманда қоғам бәтуәлі сөз, берекелі ақылға зәру, - деп сөз бастады аудан әкімі.
Жаңа әкіммен жүздесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымов, ауылдардан келген ақсақалдар, сала ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Олар Жұмагелді Жолдыбайұлының әкімдік қызметіне сәттілік тілей отырып, бірқатар мәселелерге қатысты пікір-ойларын айтты. Өлеңтілік Тауфих Елубаев аудандағы әлеуметтік дүкеннің жұмысын жаңғырту, судың сапасын қадағалау жайын көтерді.
Мизам Нұрпейісов Жымпитының басты даңғылы, бояулы бейнесі - С. Датов көшесін абаттандырып, соғыста ерлік көрсеткен әкелердің портреттерін көшелерге ілу керек деп есептейді. «Аталар өмірі - ерлік пен еңбек сабағы», - дейді Мизам мырза.
- «Қазақстанның Құрметті байланысшысы» Сыдық Тәжмұқанның Жымпитыны абаттандыруға қатысты ойы бөлек.
Сәнді дүние әрі тиімді болуы тиіс. Мысалы, Жымпитының су ағу жүйесін ретке келтіру керек. Суағарлар салудың қажеті бар, - деді ол.
Ал алғабастық Әбіл Бахтияров:
«Өрт оқиғаларына дайындықты нықтап, техникалық жарақтап, сергек отырмаса болмайды», – дейді.
Ардагер спортшы Еркін Шуренов орталық стадионды жөндеу қажеттігін маңызды мәсәле қылды.
Бірқатар сауалға тиісті басшылар жауап берді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz