2025 жылдың 1-5 қарашасы аралығында Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласында өткен дәстүрлі садақ атудан “WORLD CUP-2025” әлем кубогі – нағыз мергендердің мерекесіне айналды. 32 елден келген 537 саңлақ садақшылар бақ сынаған байрақты бәсекеде Қазақстан намысын қорғаған жерлесіміз, сырымдық сұңқар Мұрат Лұқпанов командалық «Пута» нысанасы бойынша тамаша нәтиже көрсетіп, қола жүлдені жеңіп алды.

Бұл жеңіс – еліміздің садақ ату тарихындағы елеулі жетістік, ал жас спортшылар үшін – нағыз үлгі мен рухтың символы. Садақ ату өнерінің отаны саналатын Корея елінде, атақты садақшы Жумонг жерінде жеңіс тұғырынан көріну – нағыз ерлік!

Әлемдік додада ел абыройын асқақтатқан Мұрат Серікұлын туған жері – Сырым ауданының жастары мен спортсүйер қауымы ерекше ықыласпен, салтанатты түрде қарсы алды. Қарсы алу кезінде мергенге атбегі, аударыспақшы Төлеби Қайыржанов ат мінгізілді.

Кеше аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов жеңімпазды қабылдап, шын жүректен құттықтап, ел атынан алғыс хат пен тұлпар табыстады.
– Бұл жеңіс – Сырым еліне, Қазақстан спортына ортақ қуаныш. Мұраттай мергендер көбейсін! – деді аудан басшысы өз сөзінде.

Қабылдауда сөз алған Мұрат Серікұлы садақ атуға жастарды баулуға ниетті екенін айтып, ауданнан бұл спортқа арнайы орын бөлініп, қолдау көрсетілсе деген өтінішін білдірді:
– Садақ ату – ата-бабамыздан келе жатқан өнер. Аз уақыттың ішінде үлкен жетістікке жетуге болады. Артымыздан ерген жастарды әлемдік деңгейге шығаруға болады, – дейді мерген.

Оның айтуынша, садақ ату нысанасымен ара қашықтық 90 метр болуы керек, ал кәрістер 145 метрге дейін атып, дәл тигізеді екен. Тіпті, 71–72 жастағы егде мергендері де көздегенін мүлт жібермейді. Ульсан қаласындағы жарыста 145, 90, 70 және 30 метрлік қашықтықтарда сайыс өткен. Мұрат Серікұлы 70 метр қашықтықта бақ сынап, ел намысын қорғады. Мерген әлемдегі ең алыс нысанаға ату Индонезияда екенін, ату қашықтығы – 200 метр екенін айтады.
Мұрат Серікұлы – соңғы жылдары еліміздегі садақ атудың белді өкілдерінің бірі. Ол қатысқан әрбір дода – жеңіс пен жетістіктің айғағы: “Saraishyq” мергендер лигасы (Атырау) – II орын, Орал қаласы турнирі – I орын, “Ақбидай” облыстық спорттық ойындары – II орын, ҚР чемпионаты – I орын, әлемдік “WORLD CUP – 2025” (Оңтүстік Корея) – III орындарды иеленді.

Бүгінде Мұрат Лұқпановтың басты арманы – өз ізін жалғастыратын жас мергендерді дайындау, ұлттық өнерді ұлықтап, ел намысын қорғайтын жаңа буын спортшыларын тәрбиелеу. Оның қажыр-қайраты мен еңбекқорлығы – бүгінгі ұрпаққа үлгі, ерік-жігердің, намыстың, отансүйгіштіктің жарқын көрінісі. Ол садағын аспанға емес, ел абыройына қарай кезеп жүрген шын патриот.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы