17.06.2021, 11:21
Оқылды: 30

Жұмыс іздесең, Красновқа бар

Ауыл десе осы күні көп адамның көз алдына қираған үйлер мен бұрқыраған шаң елестейтіні жасырын емес. Ал шалғай ауыл дегенде бұл картина тіптен өзгере түсетіні анық. Шыны керек, соңғы жылдары көп ауылдың сәні кетті. Тіпті болашағы жоқ деп танылып, картадан жоғалған елді мекендер де жетерлік. Бірақ инфрақұрылымы дамып, кәсіпкерлік саласы өркендеген ауылдар да жоқ емес. Ауданға қарасты Краснов ауылдық округінің орталығы Погодаев селосы сондай ауылдар санатына кіреді. Аудан орталығынан да, облыс орталығынан да шалғай орналасқан Погодаевқа барған адам өзін шетелде жүргендей сезінеді. Бұл жерде спорт кешені де, түрлі кәсіпкерлік субьектілері де бар. Ал жұмыссыздық атымен жоқ.

CDD80470-E8DD-44F3-BE25-4BA75CC298E2

Округ әкімі Жұмабай Сатаевтың айтуынша, жергілікті кәсіпкерлер елді мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосып келеді екен.

-Кәсіп иелері ауылға деген қамқорлығын аямайды. Биыл қыста ауа райы салдарынан сымдарға мұз қатып, 64 бағана құлады. Соның салдарынан біраз ел жарықсыз қалған еді. Сол шақта облыстық электр тарату торабы мен Дариян электр таратушы мекемесінің жұмысшылары келіп жұмыстанды. Ауылды жарыққа қоссақ деген жігіттерге барлық жағдайды жасап, өз техникасын ауыл кәсіпкерлері берді,- дейді ауылнай.

10D3AC60-7D80-435B-8641-A80B1C73400A

Әкімнің сөзінше, ең алғаш болып көмек қолын «Асанаул» ЖШС-нің басшысы Бейбіт Асанов ұсынған. Өз көмегі үшін ол бір тиын ақша да, бір литр жанармай да алмапты. Сондай-ақ «Айдос», «Эврика» шаруа қожалықтары электриктерді тамақпен қамтыған. Осындай ауызбіршіліктің арқасында еш алаңсыз жұмыс жасаған жарық қосушылар бір апта ішінде барлық жұмысты ойдағыдай аяқтаған екен.

-Қазіргі таңда округ аумағындағы 350 ондық бағаналар мен тозығы жеткен сымдар ауыстырылып жатыр. Бұдан бөлек ауыл ішіндегі бағаналар да жаңартылатын болады. Осы жұмыстар ойдағыдай аяқталса, келер қыста жарықтан ақау болмайды деген үміттеміз, - дейді округ әкімі Жұмабай Сатаев.

Бұдан бөлек округ орталығын абаттандыру бағытындағы жұмыстар да ойдағыдай атқарылып жатыр екен. Бұл істің басы-қасында әдеттегідей «Асанаул» ЖШС-нің басшысы Бейбіт Асанов жүрген көрінеді. Кәсіпкер ауыл ішіндегі кеуіп қалған ағаштарды кесіп, шағын саябақтардың сәнін кіргізген. Ол іске ауылдағы мекемелер мен ұйым жұмысшылары да белсенді атсалысыпты. Сонымен қатар бейіттерді де тазалап, ол жаққа баратын жолдарды ретке келтірген.

-Ауылды абаттандыру ісі тоқтамайды. Оған барша ел бірлесе кіріскені қуантады. Мұсылмандар, христиандар зираты деп бөлмей, бейіт айналасын реттеу ісіне де ел жұмыла кірісті,-дейді әкім.

2001-2025 жылдарға арналған Батыс Қазақстан облысын дамыту бағдарламасы аясында биыл 4,7 шақырым болатын ауылішілік жолды күрделі жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ бұл бағдарлама бойынша ауылдық амбулаторияны жөндеу қарастырылған. Ол іс 2023 жылы жүзеге аспақ болса, 2024 жылы округке қарасты Котельников ауылына ауыз су тарту мәселесі шешілмекші екен.

86165B6D-D1D7-4D60-AF36-583911B48339

-Ауыл ішіндегі жолды жөндеуге қажетті сметалық құжаттарды толықтай жергілікті кәсіпкер жасады. Ал жұмысқа қажетті қаражат бюджеттен қарастырылады,-дейді Ж.Сатаев.

Округте жұмыссыздық жоқ десе де болады. Басқа ауылдардағыдай қоғамдық жұмысқа орналасам дегендерден шерет қалыптаспайды бұл жақта. Керісінше, таппай қалатынын айтады әкімі. Осы күні елді мекен ішін тазалауға санаулы адам тартылған. Кәсіпкерлер мен жұмысшылардың еңбегін бағалайтын тұрғындар әр апта соңында сенбілікке шығып, үйінің айналасын тазартып отыруды әдетке айналдырған. Болашақта округ аумағындағы «Бекен» шаруа қожалығы арнайы техника шығарып, қыс бойы ауыл ішіне жиылған мал көңін арнайы орынға төгіп беруді өз мойнына алыпты.

Жоғары, төмен деп екіге бөлінетін ауылдың бір мәселесі төмен беттегі ауылда тұрған су сорғыш насостардың жазды күні жоғары жаққа су жеткізе алмай қалатыны болып отыр.

-Бұл жайт су пайдалану уақыты көбейген кезде аздаған қиындық тудырады. Бүгінде кәсіпкер, меценат Бейбіт Асанов 600 метр құбырларды алып берді. Алдағы уақытта ауыл ішіндегі құбырдан жоғарыдағы арнайы мұнараны толтырып, тіршілік нәрі жетпей қалатын ауыл бетіне су жеткізбекшіміз,- дейді округ әкімі.

Бұл жұмыстың да нобайын «Айдос» шаруа қожалығының басшысы Қазбек Хайдарұлы жасаған. Ол құбырларды көметін жерді өз техникасымен қазып беріпті. Енді «Коммунальник» мекемесі суды қосуы ғана керек.

Бұл жұмыс толық аяқталса, жоғары ауылға ауыз су жеткізу мәселесі толық шешіледі. Ауылға техникалық су жеткізуді де жергілікті әкімдік біржақты еткенге ұқсайды. Жұмабай Сатаевтың сөзіне сенсек, бүгінде ауыл маңындағы тоғаннан көшелерге екі бағыт бойынша техникалық су жіберілген, алдағы уақытта үшінші бағыты қосылмақ екен.

3A973D9A-ACDC-4ED7-B14B-3483C78C9562

Өткен жыл соңында «Айдос» ШҚ басшысы Қазбек Хайдарұлы округке қарасты Чапурин елді мекеніне өз қаражаты есебінен газ өткізген болатын. Болашақта оның баспана салсам деген ойы да бар екен. Өйткені ауылда жұмыс жасаймын деген адам екі қолға бір күрек табады. Оның үстіне қоныс аударсам дегендер де табылыпты. Жаңа үй салушылар да көбейген.

-Қазір Дариян, Переметный ауылдарына үйлер салынып жатыр. Алдағы уақытта Погодаевқа да үйлер салынса деген ой бар. Неге десеңіз, жол бойы сервисі мықтап дамып жатыр. Қазірдің өзінде жұмыс жетеді. Оған баратын адам таппай жатырмыз. Бір емес, екі жұмыста жүрген тұрғындар да бар ауылда. Қаладан келіп жұмыстанып жатқандар бар,-дейді округ әкімі Ж.Сатаев.

Расымен, ауыл тым жақсы дамуда. Бірден үш жанармай құю бекеті, автокемпинг бой көтеруде.

6BA84B5D-BA1F-45E6-ACDA-29A0F603BC3C

Әкім ауыл мектебіндегі 140 оқушының 20-сы ғана қазақша оқитынына алаңдайды. Бәйтерек ауданының құрметті азаматы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Иван Митичкинмен де аталған мәселені шешу жолын қарастырып жатқан көрінеді. Жиын сайын қазақ сыныптарын толтыру туралы мәселе көтеретін Иван Яковлиевич тұрғындар арасында көптен бері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

-Қазақстан – егеменді ел. Өз ата заңы, өз мемлекеттік тілі бар. Болашақта әліпбиіміз латын графикасына ауысады. Сол кезде орыстілді ағайын қиналып қалуы мүмкін. Сондықтан қолымызды мезгілінен кеш сермемес үшін бүгін қамданып, ел болашағы саналатын ұл-қыздарымызды қазақ сыныптарына беруіміз керек,-дейді ардагер И.Митичкин.

Иә, 30 жылдан бері жөнді қазақ тілінде білім бере алмаған мектептің жайы шынымен алаңдатады. Бұл іске кіріскен арнайы топ мүшелері қазақ сыныптарын көбейту жайын мықтап қолға алмаса болмайтындай.

Барлығы жақсы, ауыл дамып жатыр, дегенмен, тоқсаныншы жылдардың салқыны бұл елді де айналып өтпеген. Бір кездері жайқалған саябағы осы күні қаңырап қалыпты. Жергілікті кәсіпкерлер ауыл әкімдігімен бірігіп, бақ ішіне брусчатка төсеп, субұрқақ орнатпақшы. Бұл жұмыстың алды осы күні басталды. Жеңіс мерекесі қарсаңында шекара бекетінің сарбаздары алғаш болып қаңыраған саябақ ішіне 120 түп ағаш отырғызған.

-Саябақ ішін ауыл кәсіпкерлері өз қаражатына реттемекші. Инвесторлар арнайы ландшафтты дизайнерлер алдырып, қаражатын беріп жасатпақшы ниетте. Бұл іске мемлекеттен қаражат бөлінбейтін болады,- дейді ауыл әкімі.

Меценат, ауыл жанашыры Бейбіт Асановтың алдағы уақытта ауыл ішіне мұз айдынын салсам деген ойы бар екен. Сол арқылы ол ауыл жастарының коньки спортына деген қызығушылығын арттырғысы келеді. Жоспардағы мұз айдынының тағы бір ерекшелігі – ол жерде жаздыкүні ролик тебуге де мүмкіндік жасалмақшы. Десе де, ол жұмыстардың барлығы алдағы күннің еншісінде.

Ауыл әкімі қазір жұмысшы мамандық иелерінің жетіспей жатқанына да алаңдаулы. Сол себепті механизаторлар мен комбайншыларды дайындау мақсатында жергілікті кәсіп иелерімен бірігіп, мектеп түлектері мен техникаға икемді малсақ жігіттерді ауылға қажетті мамандықтарға оқытып алсақ деген ойлары да бар.

Биыл округте атқарылған ең басты жұмыстың бірі ауыл атын тәуелсіздік талаптарына сай өзгерту болып отыр. Жергілікті қауымдастықпен бірлесе, үлкен жұмыс атқарған әкімдік Краснов округінің атауын Бейбітшілік етіп өзгертті. Ал округке қарасты Котельников ауылы Сырым батыр етіп өзгертілмек.

Ауыл шалғай болса да, талай іс тындырылған. Кәсіпкері жанашыр, әкімі іскер ауылдар қашан да дами түсері хақ. Әр округ осындай болса, шіркін!

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале