11.02.2025, 17:40
Оқылды: 255

Жұмыс көп, жұмысшы жоқ

Бүгін Казталов ауданы орталығында «Жұмысшы мамандықтар жылына» орайластырылып, Казталов аудандық Мансап орталығы мен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

IMG20250211102339

«AMANAT» партиясының қолдауымен өткен жәрмеңкеге қатысқан жұмыссыздарға аудандық Мансап орталығы мен аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары кеңес беріп, бос жұмыс орындарын ұсынды. Жәрмеңкеде аудандағы бөлім, мекеме, өкілдері мен шаруа қожалық жетекшілері де бос жұмыс орындарына жұмыссыздарды қабылдады.

IMG20250211103922
Бізбен тілдескен аудандық Мансап орталығының директоры Эльмира Сармалаеваның айтуынша, қазіргі таңда аудан бойынша жұмыссыздар болып тіркелген 1300-дей тұрғындар бар екен. — Негізінен көп мекемеде мамандар тапшы. Мысалы, ауданда есепші, заңгер, полиция қызметкері, электрик, малшы, механизатор, аспазшы секілді мамандар жетіспейді. Аудандық полиция бөлімінің бір өзінде 13 штаттық бірлік бос тұр. Барлық бос ваканциялар Enbek.kz интернет порталында жарияланғанымен, жұмыс сұрап келіп жатқан адамдардың қарасы аз. Ал шаруа қожалықтарына барып, малшы, механизатор болып қызмет жасауға ешкім барғысы келмейді. Көбісінің сұрайтыны жылыту қазандық операторы мен күзетші мамандықтары,-деп турасын айтты Эльмира Кәрімқызы.

IMG20250211102703
Расында, жұмыс көп, жұмысшы жоқ. Бүгінгі өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 51 адам қатысып, тұрақты жұмысқа 6 адам, әлеуметтік жұмыс орнына 2 адам жолданды. Сондай-ақ «Жастар тәжірибесі» арқылы 3 адам, «Күміс жас»  бағдарламасымен 5 адам, қоғамдық жұмыспен 8 тұрғын қызметке орналасуда.
Бірақ, әлі де болса аудандағы мекемелерде бос жұмыс орындары толып жатыр. Қызмет жасағысы келген азаматтар аудандық Мансап орталығы арқылы мамандығына сай жолдама алып, жұмысқа тұруға ниет білдіре алады.

Нұр Рахман,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале