Жәнібек ауылының тұрғындары 2004 жылдан бастап ауыз суды «Орда» топтық су құбырынан алады. 8 мыңға жуық су тұтынушысы бар Жәнібек ауылынан бөлек Ұзынкөл және оған қарасты Еңбекші елді мекенінің тұрғындары да осы суды пайдаланады. Бүгінде «Орда» топтық су құбырынан келетін ауыз судың 1 текше метрі - 250 теңгені құрайды.

Жәнібек ауданы әкімдігінің «Жолаушы» мекемесінің мәліметіне сүйенсек, уақытымен жіберілетін ауыз суы қыс айларында күніне 4 сағат 30 минутқа, ал жаз мезгілінде 5 сағат 30 минутқа беріледі. Келісімшарт бойынша аудан үшін бір жылға пайдалануға 110 мың текше метр су берілетін болса, соның 60 пайызы жаздың мамыр мен қыркүйек айларының ортасында пайдаланылып кетеді. Бұл заңды, әрине. Бүгінде халықтың қажеттілігін заңды тұлғалардың суды пайдалануын қатаң қадағалауға алу арқылы өтеу мүмкін болып отыр десек те болады. Күні бүгінге дейін халықты ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған, қолданыста болған диаметрі 300 мм болатын ескі шойын құбыр бүгінде 100 пайыз дерлік жарамсыз. Биыл наурыз-сәуір айларының өзінде құбыр 7 жерден тесілді. Уақыт күттірмейтін олқылықтарды жою үшін 2023 жылдан бастап ұзындығы 54,645 шақырымды құрайтын, тозығы жеткен Мұратсай – Жәнібек су құбырларын қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Құрылыс жұмыстарының 18 шақырымы Бөкей ордасы ауданының аумағында жатса, 36 шақырымы Жәнібек ауданына тиесілі. Жоба бойынша диаметрі 370 мм полиэтилен құбыр жаңартылып, 70 дана темірбетон су құбыры құдықтарын орнату жоспарланған.

Кеше жұмыс сапарымен тіршілік көзі құрылысының басына ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев арнайы келді. Келгендегі мақсаты ең басты ресурс болып табылатын – су құбыры құрылысы жұмыстарының қарқыны қалай? Жұмыс неге тұралап қалды? деген сұрақтардың жауабын білу, мәселенің шешімін табу болатын. Құрылыс басына барған ол өткен жылы тапсырылуы тиіс жобаның құжатта бекітілген уақытта аяқталарына сенбек тұрмақ, жүріп жатқанынан да секемденді.

Құрылыс жұмыстары басталар алдында уәдені жаңбырлатқан «Таир» ЖШС жұмысының алға аяқ басар түрі жоқ. Аталмыш құрылысқа 1 737,37 млн теңге бөлінгенін ескерер болсақ, мәселе ақшада емес сынды. Комитет төрағасының сұрағына сылтауы дайын тұрған мердігердің жұмысын көріп ашынған ауыл үлкендерінің де төбесі көрінді. Ананың жайын бір, мынаның жайын бір сылтауратқан мердігердің жауабын негізсіз деп тапқан Арсен Арманұлы мәселенің басын ашып, жұмыс жоспарын нақтылады да, мердігерге алдағы аптаның басына дейін жұмысты жедел қолға алуға бұйрық етті. Өзін күтіп алған аудан әкімі Тимур Шиниязовқа жобаны тікелей назарына алатындығын айтқан Арсен Арманұлы, қалай болғанда да жұмыстың бітіп, жыл соңына дейін тапсырылатындығына сендірді. Бір айдан соң құрылыс қарқынын көруге комитет басшысы тағы да келетін болады.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы
