Қоғам белсендісі Бауыржан Ахметжан өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында Казталов ауданы орталығындағы мектеп 2020 жылдан бері салынып жатқанын жазды. Бұл нысан 2021 жылдың жазында аяқталуы керек еді. Бауыржан осы білім ошағының сақалды құрылысқа айналып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Осы аралықта құрылысқа бөлінген қаржы 2 миллиардтан 2,8 миллиард теңгеге өскен. Мектеп құрылысының уақтылы аяқталмауы оқушыларға қиындық туғызуда. Осы күні олар аудан орталығындағы басқа нысандарда білім алып жүр. Жуырда Казталовқа арнайы барып, шәкірттердің оқуына қандай жағдай жасалғанын бағамдадық.
Біз барған күні аудан басшысы Рүстем Зұлқашевті Казталов мектеп-лицейінің құрылысы жүріп жатқан жерде кездестір-дік. Құрылысшылар білім ошағының ішін әрлеп жатыр екен. Көктемге қарай мектептің сырты реттеліп, айналасы абаттандырылмақ. Аудан әкімінің айтуынша, былтыр Казталовта үш мектеп ғимаратын күрделі жөндеу, үш мектепті жаңадан салу жоспарланған. Жаңадан бой көтереді деген мектептердің қатарына Сарқұдық, Жұлдыз және Алма Оразбаева атындағы білім ошақтары кіреді. Бүгінгі күні Сарқұдық мектебі ғана пайдалануға берілген.
– Жұлдыз мектебінің мәселесі шешілді десек те болады. Өйткені аталған мектептің құрылысын өз мойнына алған мердігердің жұмысын атқара алмайтыны анықталды. Сол себепті жаңа конкурс жариялап, мектеп құрылысын басқа мердігерге тапсырдық. Қазір Жұлдыздағы мектептің есік-терезесі жаңартылып, төбесі жабылды. Бірақ қыс мезгіліне байланысты ондағы жұмыс тоқтап тұр. Биыл екінші тоқсанның соңына дейін мердігер ол нысанды толықтай аяқтауы керек, – деді аудан басшысы.
Ал салыну мәселесі жыр болған Алма Оразбаева атындағы мектепке келер болсақ, ондағы жұмыстар сәуірдің 1-іне дейін тоқтатылған. Өйткені тапсырыс беруші мен мердігер арасында сот үдерісі жүруде.
– Таяуда сот шешімі шығады. Содан соң қаржыландыруды күтеміз. Сол себепті Алма Оразбаева атындағы мектеп құрылысы жаңа оқу жылы басталғанша бітеді деген үміттеміз, – деді аудан әкімі Рүстем Зұлқашев.
Ал күрделі жөндеуге жабылған Талдықұдық ауылындағы Сүлеймен Есетов атындағы және Жалпақтал ауылындағы Ғиният Молдашев атындағы мектептер пайдалануға берілсе, Казталов мектеп-лицейіндегі жұмыс былтыр желтоқсанның 8-і күні аяқталуы керек-ті. Бірақ биылғы қаңтар айының түбі көрінгенімен, білім ошағы оқушыларға есігін аша қоймады.
– Осы күні тапсырылуы керек деген мектепке жылу қосылды. Ішкі әрлеу жұмысын жүргізуге ешқандай кедергі жоқ. Қазіргі ауа райы аталмыш нысанның сыртын жөндеуге мүмкіндік бермейді. Қолдан келген амалды жасап, оқушыларды бірнеше жерге бөліп оқытудамыз. Қайтсек те жөндеу жұмысын мұқият қадағалауымыз керек, – деді Казталов ауданының әкімі Р.Зұлқашев.
Мектеп ішін аралап жүріп, құрылысшылармен де тілдесудің сәті түсті. Аудан орталығындағы мектеп-лицейді жөндеп жатқан мердігер мекеменің өкілі, бригадир Мақсат Әлмырзаев білім ошағының үшінші қабатында плинтустар орнату, кей бөлмелерді жарыққа қосу сияқты жұмыстар қалғанын айтты. «Жұмыс күші жеткілікті. Техника қазір қажет емес. Жер аяғы кеңіген соң өрнектас (брусчатка) төсеуді қолға аламыз», – деді бригадир М. Әлмырзаев.
Кешіккен құрылыстың кесірі
Казталовта салынады деген бір мектептің мердігері тапсырыс берушімен соттасып, бірі жұмысты жөндеп ұйымдастыра алмай, енді бірі қыс келді деп жөндеуді тоқтатып қойған. Енді салғырттық кесірі оқушылар мен ұстаздарға тиіп жатыр. Ауылдағы 600-ге жуық оқушы амалсыздан түрлі ғимаратты паналап, сабақ оқып жүр. Оқу үдерісі қалай ұйымдастырылды, мектепке бейімделген ғимараттар оқушыларға қажетті заттармен қамтылды ма?
– 600-ге жуық оқушы аудан орталығында бес жерге бөлініп оқуда. Алғашқысы – аудандық музыка мектебі. Онда мектепалды сыныптардың оқушылары білім алып жатыр. Сабақ екі ауысымда өтеді. Бұл жерде 65 балдырған бар. Казталов мектеп-лицейі жанындағы интернатқа бастауыш сыныптарда білім алатын 102 балдырғанды орналастырдық. Ал жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ғимаратында 7, 9, 10, 11-сынып оқушылары білім алуда, – деді Казталов аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Жангереева.
Бөлім басшысының сөзінше, аудандық жаңа технологиялар және шығармашылық орталығы, сондай-ақ кітапхана ғимараттары 3, 4, 5, 6 және 8-сынып оқушыларына бұйырған. Аталған бес ғимараттың төртеуі санитарлық талапқа сай жабдықталған. Ал жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықта оқып жатқан оқушыларға ондай жағдай жасалмапты. Өйткені аталған ғимарат ескі және ол жерде санитарлық бөлмелер қарастырылмаған.
Аудандағы мектеп-лицейді жөндеу ісін шымкенттік «Градстройсервис» ЖШС мойнына алған. Осы серіктестік өңіріміздегі 7 нысанды жөндеп жатыр. Қаңтардың 10-ны күні шыққан газетіміздің №3 санында жарияланған «Басқарманы да сынады, мердігерге де ескертті» атты мақалада серіктестік жұмысын облыс әкімі қатаң сынап, құрылысқа жауапты мердігердің кесірінен оқушылар мен ұстаздар жапа шекпеуі керек екенін айтты. Сонымен қатар былтыр жыл соңында облыс әкімдігінде өткен жиында да аталған мекеменің жұмысына өңір басшысының көңілі белгілі болды.
Казталов аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Жангереева да ауыл оқушыларының әр нысанды паналап оқып жүргеніне разы емес. Оған елдің де онша қуанып отырмағаны анық. Бірақ әзірге табылған амал осы боп тұр. Одан ыңғайлы жерде оқытар мүмкіндік болса, жергілікті басшылық міндетті түрде пайдаланар еді. Десе де тұрғындар да, мұғалімдер мен оқушылар да жағдайға барынша түсіністік танытуда. Бұйырған күні мектебімізге кіреміз деп қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Сол себепті білім бөлімі мердігерді жосықсыз деп тану туралы арыз-шағымын жазып, оны БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жолдаған.
– Мердігерді жосықсыз деп тану туралы талап-арызымызды былтыр желтоқсанның 12-сі күні бердік. Одан соң жыл басында мойнына алған жұмысты аяқтауды міндеттеу жөніндегі арызды қоса жолдадық. Екі арызымыз да БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралады, – дейді аудандық білім беру бөлімінің басшысы.
Мердігер не дейді, басшылық не айтады?
600 оқушыға арналған Алма Оразбаева атындағы мектеп құрылысын жүргізіп жатқан «Жиенбай» ЖШС-ның басшысы Александр Қарағойшинмен телефон арқылы сөйлестік. Ол қазіргі уақытта сот үдерісі жүріп жатқанын айтты. «Жиенбай» мемлекеттік сатып алу конкурсында 2019 жылы жеңімпаз деп танылған. Ал негізгі жұмыс 2020 жылы басталған. Осы аралықта материал қымбаттаған. Сонымен қатар жобалық-сметалық құжаттамада салынуы керек болған бағаналар көрсетілмегені анықталыпты.
– Біз құрылыс басқармасына жобалау кезінде Орал қаласынан Казталовқа материалдарды тасымалдауға қаражат қарастырылмағаны туралы хат жаздық. Нысанның құны екі миллиард, оны түзету миллиард теңгеге жасалды және бағаналар қосылды. Бірақ материалдарды тасымалдауға қаражат қаралмады. Тасымалдаудың өзіне 270 миллион теңге жұмсадық. Біз конкурсты ұтып алған кезде дизель отынының литрі 150 теңге болды. Қазір оның құны – 260 теңге. Сондықтан біз тапсырыс берушіні БҚО құрылыс басқармасы атынан сотқа бердік, – деді Александр Қарағойшин.
Мердігер мекеменің басшысы өз мойнына алған жұмысты қалай да аяқтауға әзір екенін айтты. Қазіргі кезде мектеп құрылысы тоқтап тұр. Жоспарлы жұмыстың көп бөлігі атқарылған. Яғни ішкі әрлеу және абаттандыру жұмысы ғана қалыпты. Тіпті қаражат бөлінбей, құрылыс тоқтап қалған кезде жұмысшыларға жалақы төлеп отырыпты мердігер. Александр Қарағойшин қазірдің өзінде де құрылыс басында жүрген қарауыл мен прорабтарға жалақы төленіп жатқанын айтты.
«Сот шешімі шығып, қажетті қаражат бөлінсе, жұмысты аяқтап береміз», – деді А. Қарағойшин.
Құрылысы тұралап тұрған мектептің жайын білмек болып, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Молдашевке хабарластық. Ол Казталовтағы жағдаймен таныс екенін жеткізіп, ақырғы шешімді сот шығаратынын айтты. Тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы сот ақпан айында өтпек.
– Әзірге ол мектеп құрылысының жұмысы тоқтап тұр. Сот отырысынан соң жұмыс жалғасады. Егер мердігер жеңсе, оған сұраған ақшасы бөлінеді, – деді құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Молдашев.
Казталов мектеп-лицейін жөндеуші «ГрадСтройсервис» ЖШС-ның аймақтық директоры Бейбарыс Манашпен телефон арқылы тілдесудің сәті түсті. Ол атқаруы тиіс міндеттерін қалайда орындауға әзір екенін айтты. «Жауапкершіліктен жалтармаймыз. Иә, жұмыс түрлі себептерге байланысты тұралап қалды. Жоспарлағанымыздай болмады. Міндеттерімізді орындаудан қашпаймыз», – деді Б.Манаш.
Сабақ жоспарға сай өтуде
Иә, сонымен, бес жерге бөлінген оқушылар екі ауысыммен оқып жатыр. Ғимараттардың арасы онша алыс та емес. Десе де, сабақ арасында мұғалімдер интернат пен кітапхана, ресурстық орталық пен музыка мектебі арасында әрлі-берлі қатынап, сабақ кестесінен кешігіп жатқан жоқ па? Соны білмек оймен мектеп-лицейдің директоры Нұрлан Хайрушевке жолықтық.
– Оқу жылының басында сабақ кестесін мұғалімдердің уақытын ескере отырып түздік. Мысалы, таңғы сабағын интернатта өткізетін мұғалімнің келесі сыныбы мектептен алшақтау жердегі ресурстық орталықта болса, онда оған келесі сабаққа үлгере алатындай бос уақыт беріледі. Осы аралықта ол келесі ғимаратқа жетіп алады, – дейді Н. Хайрушев. Сонымен қатар кабинеттер де оқушы санына қарай реттелген. Үлкен бөлмелерде оқушы саны көп сыныптар оқыса, кішірек кабинеттер шағын сыныптарға бөлініпті. Ауыл мектебі күрделі жөндеуге жабылатыны белгілі болған бойда мектеп әкімшілігі ата-аналар жиналысын ұйымдастырып, сабақ үдерісі мен кестесінде өзгерістер болатыны жайында түсіндіру жұмысын жүргізген. Жаңа оқу жылының басында тағы да жиналыс өткізген мектеп әкімшілігі бастауыштан орта буынға, ортадан жоғары сыныпқа өткен сыныптар оқитын ғимараттар өзгеретінін ескерткен.
Жалпы, оқу үдерісінде ешқандай ауытқушылық жоқ. Жылдық жоспарға сәйкес апталықтар мен түрлі мәдени-көпшілік шаралар уақтылы өтіп жатыр. Түсінгеніміз, оқуға айтарлықтай кедергі жоқ. Тек дене шынықтыру сабағын уақтылы өткізу қиынға соғуда. Жаздыгүні жаттығу ашық алаңда өткізілсе, қыс түскен соң бұл мәселе қиындай түскен. Десе де мектеп директоры «Осы күні үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ сияқты ойын түрлеріне қызығушылар көбейді» деп күледі. Қалай болғанда да, оқушыларға жағдай жасалды екен деп құрылыс мерзімін соза беруге тағы болмайды.
Түйін
Былтыр облыс әкімдігінде өткен жиында мердігерлер жобалау кезінде қателіктерге жол берілгенін айтты. Бірнеше жылдан бері мектеп салып жатқан «Жиенбай» ЖШС-ның басшысы да осы мәселені қозғады. Неге жобалаушылар ондай қателіктерге жол берді? Мемлекеттік сараптама неге мақұлдады? Мұндай жағдай тек Казталовта ғана емес, облыс орталығы мен басқа аудандарда да ұшырасты. Неге атқарушы билік жобалаушыға нақты талап қоймады? Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына барлық тарап та жауапты. Демек, жаңадан салынатын немесе жөнделетін нысандардың жұмысын әу бастан сауатты жобалау шарт.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz