Наурыздың 1-інші жұлдызында еліміздің жетекші саяси партиясы «Nur Otan» атауын «AMANAT» деп ауыстырды. ҚР Президенті, партия төрағасы Қасым - Жомарт Тоқаевтың ХХІІ сиезде сөйлеген сөзінің желісі газетіміздің алдыңғы санында жарияланды.
Кешегі аптада «Nur Otan» партиясы Сырым аудандық филиалы актив отырысын өткізді. Күн тәртібінде саяси ұйымның кезектен тыс ХІІ сиезінің шешімдерін орындау мәселелері талқыланды.
Партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев «Nur Otan -ның» жаңғыртылуы жаңа Қазақстанды құруда зор рөл ойнайтынын атап өтті:
- Партия ынтымақтастықты нығайту және қоғамның барлық конструктивті күшін нығайту, мемлекеттік аппараттың функцияларын қайталамай идеологиялық және кадрлық жұмысқа назар аудару, мәжіліс пен мәслихаттардағы партия фракциясын қайта жандандыру, аймақтардағы өзекті әлеуметтік - экономикалық мәселелерді шешуге партиялықтардың қатысуын күшейту, қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қызметін белсенді ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, жастарды бейімдеу сияқты жаңа басымдықтарды ұсынды. Барлық басымдық халықтық пікір- сұраныстан туындап отыр, – деді Талғат Дарғожиев.
Баяндамадан кейін аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы, «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Нұртілеу Болат, облыстық саяси кеңестің мүшесі, аудандық мәслихат депутаты, партия филиалы жанындағы қоғамдық кеңестің төрайымы Айнагүл Ойшыбаева сөз сөйледі. Кейін басқа да партия мүшелері ұйымды жаңғырту жұмыстарына қатысты ой -пікірлерін білдірді.
Актив жиналысын партия филиалының төрағасы, Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады:
- «Қаңтар оқиғасынан» кейін елдегі жағдай тұрақталған сәттен біз Мемлекет басшысының барлық саяси институттарды, оның ішінде «Nur Otan» партиясын жаңғыртуға деген табанды шешімінің куәсі болдық. Оған дәлел – саяси бірлестіктің басшылығының ауысуы, партияның алдағы жаңғырту жолдары айқындалатын кезектен тыс сиездің өтуі. Президент «Жаңа Қазақстан» бағытындағы саясатының салмағын партияға артып отыр.
Иә, мәселесі бар тұрғындар көшеге емес, қабылдау бөлмелеріне, көшпелі кездесулерге келуі тиіс. Ол үшін қабылдаулар, кездесу-жиналыстар сөз жүзінде өтетін емес, іске келгенде нақты нәтиже беретін, мәселе шеше алатын орынға айналуы тиіс. Құр уәде мен құрғақ сілтеме халықтың партияға, билікке деген сенімін азайтады.
Әр шағымды, өтінішті тұрғынның жан айқайы деп қабылдау керек. Өтінішпен жұмыстануға, заңға қайшы болса түсіндіруге тиіспіз. Расын айту керек, біз де түсіндіру жұмысы ақсап тұр.
Бұл тек жергілікті атқарушы органның міндеті емес. Осы жұмыстарға халық арасынан шыққан мәслихат депутаттары да белсенді араласуы тиіс. Сондықтан аудандық мәслихат хатшысы мен аудандық партия филиалы төрағасының орынбасарына мәслихат жанынан қабылдау бөлмелерін ашуды тапсырамын. Партиялық бақылауды, түрлі пікірдегі адамдарды ортақ іске жұмылдыруды күшейту керек. Бірінші орынбасар мен аудан әкімінің орынбасарлары лауазымды тұлғалардың сайлауалды бағдарламаны жүзеге асырудағы үлесіне сараптама жасауды, жобалар мен бағдарламаларды орындауда жауапсыздық танытып, немқұрайлылық пен бюрократизмге жол бергендері жөнінде ақпарат дайындасын.
Қасым -Жомарт Кемелұлы «Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның өзгеруі – заңдылық!» - деп атап өтті. Жұмысты партияның аты емес, мүшелері жасайды. Сол құрам сапалы, іскер болуы тиіс» - деді Төлеген Төреғалиев.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz