Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметовтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтіп, оған комиссия мүшелері қатысты.
Күн тәртібінде Ө.Сахипов атындағы орта мектептің директоры Жандос Меңдіғалиев құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылған іс-шаралар туралы хабарлама жасады. Оның айтуынша, жасөспірімдер арасында қылмысты болдырмау, есірткі және басқа да зиянды заттарды қолданудың алдын алу жұмыстарын ұйымдастыруда мектеп әкімшілігі мен ата-аналар, қоғамдық ұйымдар бірлесіп жүйелі жұмыстар жүргізуде. Ақпараттық, үгіт-насихат, әдістемелік және түсінік жұмыстары жандандырылуда. Мектеп оқушылары арасында тәртіп бұзушылыққа қарсы 2024-2025 оқу жылына арналған жұмыс жоспары және мектеп әкімшілігі мен ұстаздар арасынан құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша комиссия құрылған. Тоқсан сайын комиссияның отырысы өтіп тұрады.
-Жастар ресурстық орталығының негізгі жұмыс бағыты ел президентінің жастар саясаты жөніндегі бастамаларын жергілікті жастарға жеткізу, аудандық жастар саясатын жүзеге асыру, олардың белсенділігін арттыру, жас кәсіпкерлерді қолдау, - деді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Меңдіхан Халиханов өзінің хабарламасында. –Ауданда 14-35 жас аралығында жалпы саны 3012 жас бар. Аудан бойынша 14 маман жастармен тікелей жұмыс істейді. Олардың 5-еуі аудан орталығында болса, қалған 8 маман ауылдық округтерде және бір техникалық қызметкер қызмет атқарады. Діни сауаттылықты арттыру мақсатында теолог маман жұмыс істейді. Былтыр 80 іс-шара өткізілсе, биылғы жылдың өткен мерзімінде 5 шара ұйымдастырылды.
Күн тәртібінде қаралған екі мәселенің де маңыздылығын айтқан Жаннұр Бекбауұлы бұл бағыттағы жұмыстарды ширата түсу керектігін тапсырды.
Асқар Құсайынов
Жәнібек ауданы