4.12.2024, 16:15
Оқылды: 30

«Жұмыстың жеңілі болмайды» – Айгүл Хаирлиева

Еңбек адамы қашан да құрметке лайық жан. Төменгі қызмет атқарса да, алдындағы жұмысын адал атқаратын жандар да қоғамымызда баршылық. Олар «Еңбек түбібереке» екенін жақсы біледі. Табысы аз болса да күнін көріп, нәпақасын тауып жүрген жандардың да жасап жатқаны еңбек қой.

WhatsApp Image 2024-11-28 at 21.52.49

Бүгінгі кейіпкеріміз қарапайым еңбек адамдарының бірі – Айгүл Хаирлиева. Ол негізінен Теректі ауданының Дуана ауылының тумасы.

Ауданымыздың Бөрлі ауылына 2012 жылы көшіп келіпті. Қазіргі уақытта Бөрлі ауылының «Бөрлі» спорт кешенінде жұмыс жасайды. Осы жерде аула сыпырушы болып жұмыс жасап келе жатқанына биыл алты жыл болыпты.

«Бөрлі» спорт кешенінен бұрын ауылдық мәдениет үйінде еден жуушы болып жұмыс жасаған екен. Марқұм жолдасы Асылбек Хаирлиевпен колхозда 8 жыл қой баққан.

Кейіпкеріміз – күміс алқа иегері, алты баланың анасы. Оның – 3 ұл, 3 қызы бар. Солардан тараған 4 немере мен 3 жиеннің әжесі. Қазіргі таңда кіші бала келінімен бірге Бөрлі ауылында тұрады.

Негізінен кейіпкеріміз бала кезінен дәрігер болуды армандаған. Бірақ өзі де көпбалалы отбасыдан шыққан екен. Сонымен қатар үйдегі балалардың үлкені болыпты. Отбасылық жағдайға байланысты оқуға түсуге мүмкіндік болмапты.

Дегенмен балаларының бәрін оқытып, бір-бір диплом алып берген ана. Үлкен ұлы дәнекерлеуші, одан кейінгі қызы алдымен тігіншілікті оқыған, кейіннен балабақша тәрбиешісі мамандығын оқып, қазір жұмыс жасап жатыр.

Үшінші ұлы ағаш ұстасын оқыса, төртіншісі трактор машинист мамандығын бітірген. Одан кейінгі қызы да колледжге грантқа түскен. Ең кенжесі бүгінгі күнісыныпта оқиды.

– Жұмыстың жеңілі болмайды. Әр жұмыстың, мамандықтың өз қиындығы мен қызығы бар. Өзім армандаған мамандықта оқи алмасамда, балаларымның бір-бір дипломы болғанын, күнін көре алатын жұмысы болғанын қаладым. Балаларымды ешкімнен кем қылмай өсіру үшін жұмыс таңдамадым. Қой да бақтық, еден де жудым, аула да сыпырудамын. Ең бастысы адал жұмысымды жасап жүрмін. Соған байланысты табысымды да табудамын. Балаларыма да адал еңбектің арқасында мақсатқа жетуге болатынын айтып отырамын. Барлығы да төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Бірақ ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретінде де баршылық. Адам тұрақты болуы керек деп ойлаймын, - дейді кейіпкеріміз Айгүл Хаирлиева.

Кейіпкеріміздің басты арманы бала-шағасының амандығы мен тұрақты баспанасының болуы. Үкіметтен берілгені арнедалық пәтер.

Кейіпкеріміз сияқты табысын қарапайым жұмысшы болып адал еңбек арқылы тауып жүрген жандар қоғамда көп. Олар – жұмыстың ауырына, ыстығы мен суығына қарамай еңбектеніп жүрген қарапайым жандар.

Президентіміздің «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» деп атап өтуі өте орынды.

Халқымызда «еңбегімен елге сыйлы», «адамды адам еткен, еңбек» деп бекер айтылмаса керек.

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале