2.10.2020, 11:36
Оқылды: 149

Жұмысы жанданған «Қазбек» шаруа қожалығы

“Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” дейді аталы сөзге тоқтай білген атам қазақ. Бүгінгі таңда істің қиюын келтіріп, әр салада өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандар аз емес. «Жақсының аты - жария» болатыны рас қой. Бүгінгі кейіпкеріміз де бала күнінен еңбекке ерте араласып, ақыл парасатымен көпшілікке үлгі бола білген жайсаң жан. Жаңақалалалық Болат Туманов асыл тұқымды ақ бас сиыр өсіріп, игілігін көріп отырған шаруа, өзінің маңдай тері еңбегінің арқасында шаруасын шалқытып отырған жандардың бірі. Ағамыздың қиындығы бір басқа жетіп артылатын мал өсіру ісімен айналысып жүргені көңілімізді қуантты. «Қазбек» шаруа қожалығының иесіне хабарласып, тыныс-тіршілігімен танысудың сәті түскен еді. Бүгінде екі қолға бір күрек таппай жүрген жандарға үлгі болсын деген ниетпен, Болат Тумановтың қожалығына қарай жол тартқан едік.

Kazbek (3)

Қазбек» шаруа қожалығы 2000-шы жылы құрылған. Содан бері өз ісін өрге жүргізіп келе жатыр. Осы уақытқа дейін шаруашылықтың жұмысы бір жүйеге түскен. Малдың саны жыл сайын өсіп келеді. Ауданға 25 шақырым жерде  орналасқан «Қазбек» шаруа қожалығының жұмысымен танысқанда көзіміз жетіп, көңіліміз тоғайды. Мұнда ақ бас тұқымды ірі қара малы, жанға жайлы қыстақ үйі мен аула-қорасы, жылыжай, ауыл шаруашылығына қажетті техникалар да бар. Мұның бәріне ағамыз ақ адал еңбегінің арқасында қол жеткізген. Шаруашылық құрғанға дейін өз мамандығы бойынша жұмыс атқарып келген Болат ағамыз заманталабына сай іс қылуды ойлап, өзінің жеке шаруашылығын ашуға бел байлаған.

Kazbek (4)

– 2000 жылдан бастап мал ұстадым. Мемлекетіміз ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығын дамыту үшін жағдай жасап жатыр. Сол себепті, біз ерінбей, аянбай жұмыс жасауымыз керек. Несиені алып, малды сатып алып үйде жатып алсақ, ешқандай өсіп-өну болмайды. Малды бағу оңай шаруа емес. Оларды қарап, баптап отыру керек. Уақтылы вакциналарын алып, ветеринарлық құжаттарын толтырып, түгендеп ұстау қажет. 2015 жылдан бастап асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиырын өсіріп келемін. Шаруашылығымыз жүріп келеді. Мал санын жылдан-жылға өсіріп жатырмыз. Ауыл шаруашылығына арналған көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар. Біздер үшін мемлекеттен берілетін көмектің пайдасы өте зор. Бүгінгі таңда 250 бастай ірі қараны өсірудемін. Әрине, қандай жұмыстың болмасын өз қиындығы болады. Қожалықтың басынан үй салдым, қажетті бұйымдармен қамтамасыз еттім. Қазір үш жұмысшым бар. Бірі – мал бақса, екіншісі өзге шаруаларды атқарады. Еңбекақыларын уақытында алады. Азық-түлік беремін. Өзге де қажеттіліктеріне көмектесіп тұрамын. Мал бағатын адамның жағдайын жасамасаң, шаруа алға баспайды. Жалпы, жұмыс жасаймын деген адамға мемлекеттен қолдау бар. Тәуір табыс еңбексіз келмейді. Ерінбей іс бастап, мал бақсаң ғана игілігін көресің. Қазір халық табиғи өнімнің пайдасын түсінді. Ет пен сүттің таза, қоспасыз болғанын қалайды. Мал шаруашылығымен айналысқан адам оның игілігін көретіні анық. Құдайға шүкір, қазір ел қатарлы жүріп жатырмыз. Жұмыстың жеңілі жоқ, қиындықтың бәрін жеңіп, алға ұмтылу керек. Ерінбей еңбек етсең ғана, бақыт келіп басын иеді, сондықтан барлығы маңдай термен келеді,-дейді «Қазбек» шаруа қожалығының иесі Болат Ғайсаұлы.

Kazbek (2)

Осындай еңбек майданында жанында жан жары Индира апай жүреді. Индира апай бала тәрбиесіне барлық уақытын арнаған ұлағатты ұстаз. Сөйте жүріп Болат ағай екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Қатарынан кем қылмады. Ұл-қыздарының бәрі жоғары оқу орнын аяқтап, мамандық иесі атанып, алды өз алдарына шаңырақ көтерді. Қолдары ұзарып, келін жұмсап, балалардың болашағына сүйсінген ата-ана осылайша еңбек жолында тіршілігін жалғастырып жатыр. Әлі де алға қойған мақсаттар, тындыратын тірліктері көп. Ветеринария саласында оқып жатқан кенже баласынан осы мал шаруашылығы саласында жұмысын жалғастыратынына сенімі мол.

«Еңбек-бәрін де жеңбек» деген аталы сөз бар ел ішінде. Басынан небір ауыр кезеңдер өтсе де қиындық атаулыға мойынұсынбаған ағамыз әңгіме барысында қазіргі таңда аудандағы  су мәселесінде айтып өтті. Осы уақытқа дейін жылыжайдағы жеріне су толып, шөпті өзіміз шауып, артылғанын сатып жүруші едік дейді. Иә, мал өсірудің де өзіндік қыр-сыры, одан түсер пайдасы, қиындығы да бар. Шаруашылық жайымен таныса жүріп, төңірекке көз жүгірттік. Малшы қауымның үйі алыстан менмұндалайды. Іргетасы биік қаланған шатырлы үй даңғырап тұр. Мал басын өз төлі есебінен өсіру арқылы өнімдерінің сапасын молайтуды көздеген шаруа қожалықтың алдыға қойған мақсаты жоғары. «Қазбек» шаруа қожалығы осы мақсатта жұмыс жүргізе бермек. Әрбір науқандық жұмыстың жүзеге асырылуынан, тындырымды тірліктен рахат тапқан шаруа қожалықтың еселі еңбегіне табыс тіледік. Кейіпкеріміз өзі айтқандай, қол қусырып қарап отырмайтын, қай жұмысына да үлгеретін, епті де іскер жан. Шаруасын дөңгелетіп отырған Болат Тумановтың игі ісі басқаларға үлгі болса дейсің...

Ақсәуле Сексенбайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале