3.01.2024, 16:00
Оқылды: 80

Жұмысы жоқтық аздырар адам баласын

Екі қолға бір күрек табудың маңыздылығы айтпаса да түсінікті дүние. Еңбек етіп, соған сай жалақы алудың өзі кей адамдарға арман болып жүргені жасырын емес бүгінде. Қоғамнан өз орнын таба алмай, мамандығы бойынша қызметке тұра алмай жүргендері бары рас.

5f72b8beadcba261942613

Фото: azattyq-ruhy.kz

Біресе бос жұмыс орны жоқ, біресе еңбек өтілі жоқ. "Алма піс, аузыма түс", – деп аяқты аспанға көтеріп, бір "хабар" күтіп отырғандар да бар. Қалай болғанда да осы бір жұмыссыздық қоғамдағы өзектілігін жоғалтпайтын мәселе. Ал оның шешімі қандай, республика мен Бөрлі аудан көлемінде қандай жұмыс атқарылуда?

Президент тапсырмасы

Ел ішінде жұмыссыздықты азайту, жастарды жұмыс орнымен қамту – жыл сайын жүзеге асырылатын маңызды жоба. Маңызды мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назардан тыс қалдырған емес. Былтыр да бірқатар бастаманы қолға алып, жүзеге асыруды Үкіметтегілерге мықтап тапсырған болатын.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет екенін жыл басында өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте айтты.

– Қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді. Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілді. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн. Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент жастардың кәсіп бастауы үшін 40 млрд теңге бөлініп, аймақтарға берілгенін айта отыра: «Халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет. Әкімдер бұл жұмыстың нәтижелерін тұрақты түрде баяндап тұруы керек», – деді.

Кезекті жыл аяқталды. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы бүгінде әр аймақта өздігінше нәтиже беріп жатқанына сенім мол. Ал Бөрлі ауданында ше?

"Мансап" арқылы 996 адам мансабын тапты

Жұмыссыздықпен күрес жоғарыдан басталып, аудандық деңгейге дейін жетеді және осы жерде қызмет табуға көмектесу басталады. Ауданда да жұмыссыз жүргендер баршылық. Оларды қызметке орналастыру үшін де ауданда атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Бұл туралы толықтай білу үшін «Бөрлі ауданының мансап орталығы» директорының міндетін атқарушы Айнұр Серіковамен арнайы тілдестік.

Айта кетерлік жайт, 2023 жылдың 20 сәуірінде Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексі енгізіліп, 1 шілдеден бастап күшіне енгеннен кейін «Бөрлі ауданының жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің филиалы «Бөрлі ауданының мансап орталығы» болып қайта құрылды. Міне, аталған мекеме қазіргі таңда тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесімен айналысып келеді.

Орталық мәліметінше, бүгінгі күні ауданда жұмыссыз ретінде 837 азамат тіркелген. Бұл мәселені шешу мақсатында жұмыссыз азаматтарға мамандығына сәйкес бос жұмыс орындары ұсынылуда. Сондай-ақ бос жұмысы орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Одан бөлек мемлекеттік бағдарламалар, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар, қысқа мерзімді кәсіптік оқу туралы кеңестер беріледі. Нәтижесінде орталық былтыр аудан бойынша 996 адамды жұмысқа орналастырған.

– Жұмыссыз  қалған адам ең бірінші жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Олар «Enbek.kz», электрондық үкімет  порталы арқылы немесе мансап орталығына келіп тіркеле алады. Сонымен қатар жұмысын жоғалтуына байланысты азаматтарға жәрдемақы да қарастырылған.

Жалпы жұмыспен қамту мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Мысалы, аудан бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға - 32, жастар практикасына - 99, әлеуметтік жұмыс орындарына - 40, «Күміс жас» жобасы бойынша - 21, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша - 30, ақылы қоғамдық жұмысқа -207, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша - 1 адам жолданды. Одан бөлек мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнына 1 адам жолданды, – дейді «Бөрлі ауданының мансап орталығы» директорының міндетін атқарушы Айнұр Серікқызы.

Мемлекеттік бағдарлама мол мүмкіндік

Жұмыссыздықты жою, азаматтардың еңбек етуіне мүмкіндік беру мақсатында бірқатар мемлекеттік жобалар жүзеге асырылып келеді. Оқуын кеше бітірген жастан бастап, зейнетке жетер тұста жұмыссыз қалғандарға дейін арнайы бағдарлама қарастырылған. Олардың өз алдына міндетті шарттары да бар.

Мәселен, "Жастар практикасының" мақсаты университет пен колледж бітірген жастарға мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көмектесу болса, ақылы қоғамдық жұмыс арнайы білімі жоқ адамдарға уақытша жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.

Ал жасы 50-ден асқан, зейнетке жақындағанда қызметінен айрылған адамдар "Күміс жас" жобасы арқылы жұмысқа орналаса алады. Мұнда жұмыстың ұзақтығы 36 айдан аспайды және аяқталғаннан кейін қатысушыға зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орны беріледі.

– Жыл басынан бері "Бөрлі ауданының мансап  орталығына" 16-35 жас аралығында 918 жас жұмыс іздеуші ретінде жолықты. Олардың ішінде 630 жас тұрақты жұмысқа орналастырылса, 53-і ақылы қоғамдық жұмысқа, бір адам "Ұрпақтар келісімшарты" жобасымен,  99-ы "Жастар практикасына", 30-ы "Алғашқы жұмыс орны", 5-і "Әлеуметтік жұмыс орнына" орналасты. Сондай-ақ 4 жас кәсіптік оқытуға жолданса, 7 жас қайтарымсыз грант алып өз кәсібін ашты. «Бастау-бизнес» жобасы аясында 89 жас кәсіпкерлік негіздері бойынша оқып, сертификат алды, – дейді аудандағы "Мансап орталығы" директорының міндетін атқарушы.

Бүгінде кәсіп ашқысы келетін азаматтарға бірқатар жеңілдік қарастырылған. Мысалы, қайтарымды негізде жастарға микронесие беріледі. Оның ең жоғары сомасы 5 миллион теңгеге дейін және жылдық мөлшері 2,5 пайыздан аспайды. 2023 жылы аудан бойынша 10 жас 2,5 пайызбен осы несиені алған. Жалпы мемлекеттік шаралар бойынша толық ақпарат алу үшін әр азамат Ақсай қаласы, Абай даңғылы 3/1 мекен жайында орналасқан "Мансап орталығына" жолыға алады.

P.S. Еңбек ету қай кезде де маңызды болған және бола береді. Бұл – аксиома! Себебі еңбекпен тапқан әр тиын бір отбасыдан бастап, түгел бір мемлекет үшін де пайдалы. Тентіреп жүрген, телміріп отырған адам теңге табады дегенге сену қиын. Мемлекет берген мүмкіндікті молынан пайдаланып, еңбек нарығындағы ұсынысты есіл жібермеу маңызды.

Аслан Нұразғали, 

Бөрлі ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале