28.11.2019, 12:36
Оқылды: 25

Жүректе қалған өкініш...

Кешкіғұрым. Қарбалас жұмыс уақыты аяқталып, адам аяғы саябырсыған кез еді. Таза ауа. Ауыл іші тып-тыныш. Әдеттегідей үйге қайтатын жолмен келе жатып, жол жиегінде отырған кішкентай бүлдіршінге көзім түсті. Жан-жағыма қарасам ешкім жоқ.

bala

Содан әлгі баланың жанына жақындадым. (Іштей дүкеннен анасын күтіп отырған шығар деп ойладым). Қарақаттай көздерінен аққан моншақтай жас бетін жуып кеткен. Жүрегім елжіреп кетті. Тіптен, айтарға сөз таба алмай, кідіріп қалдым.

-Балақай, есімің кім?

-Атым – Мансұр.

-Біреуді тосып отырсың ба?

-Иә, әкем мен анамды күтіп отырмын. Олар әлі... дей бергенде, әжейдің:

-Балам, ол жерде не істеп отырсың, жүр үйге қайтамыз деген дауысы естілді. Артыма қарасам, ақ жаулықты қолында таяғы бар егде жасқа келген әжей жәймен бізге қарай аяңдап келеді екен. Амандасып, жөн сұрастым. Баратын жолымыз бір болып шықты. Содан таныстық барысында:

– Немереңіз бе? -деп әңгімемді бастадым.

-Иә, немерем ғой. Жалғыз ұлым бар еді. Осыдан 1 ай бұрын келінім екеуі жол апатынан қайтыс болды. Қазір көзімнің қарасы, өмірімнің мәні осы алтыным (Басынан сипап). Дәл сол жерде соңғы рет көріскен екенбіз ғой. Шығарып салған едік. (Көз жасын сүртіп...). Әлі күнге шейін менің ата-анам қайтып келеді деген үмітпен тосады. Әдет етіп алыпты, күнде кешкісін осы жерге келіп, көзі жасаурап күтеді, - деді.

Кішкентай балақайдың сол үшін де көңіл-күйі болмаған екен ғой. Осы әңгіме турасында үйге келіп қалғанымды да байқамаппын.

Әрине бір жамандықтың арты бір жақсылыққа ұласары сөзсіз. Бірақ, кішкентай бүлдіршіннің тәтті балалық шағын ұрлаған тағдырға шара бар ма? «Не деген қатаңдық?», «Неге олай?» деген сауалдар кеудемді өртеп барады. Жауабы жоқ сансыз сұрақтар. Жүзі жылы шырай танытқанымен кеудесі от-жалынға оранып, мазасыз күй кешіп жатқан шығар.

Әкесінің мойнына қуана асылып, анасының еркелеткен сөздерін естіген бүлдіршенде арман жоқ шығар, сірә! Қайталанбайтын уақытты өзегі өкініштен өртенген күйде өткізу оңай емес. Бүлдіршінге қараған сайын түпсіз терең тұңғиыққа батып бара жатқандай, енді қайтып мына әлемнің қуанышын сезіне алмайтындай көрінеді.

Ата-анамды бір көрсем деген арманы ешқашан орындалмайтындығы көңілімді түсірді.

Әттең-ай, тым болмаса, тым болмаса... бір-ақ рет..! Сағыныштан қамыққан періштенің көңіл түкпіріндегі үміт шырағы ешқашан сөнбесе екен.

Диана Бақсық

 Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале