26.05.2022, 17:00
Оқылды: 100

Жүректі толқытқан қоңырау үні

Ақжайық ауданы мектептері бойынша оқу жылын 6413 шәкірт аяқтады. Мұның ішінде орта мектеп түлектері – 349 болса, 16 «Алтын белгіге» және 20 «Үздік аттестатқа» үміткерлері бар.

IMG_6252

Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов Чапаев №1 орта мектебіндегі 2021-2022 оқу жылының соңғы қоңырау салтанатына қатысты.

Оқу жылы тарихы бай аталмыш білім ұясы үшін де олжалы болды. Мұғалімдер арасында ізденіс, дәуір талабына сай бастамашылдық көрсеткендер аз болған жоқ. Мұны соңғы қоңырау салтанатында мектеп директоры Маншүк Мұқанова ерекше бағалап көрсетіп, оқытушылардың ілгері істерін кеңінен атады. Мектепалды даярлықтағы, шағын орталықтағы сәбилердің оқып-тоқуына байланысты оқытушылардың шығармашылық табыстары да осал емес. Осы салтанат үстінде М.Мұқанова, мұғалімдер Айнат Бақтығалиқызы, Венера Мұратқызына аудан әкімінен,  Арайлым Мұратоваға білім бөлімінен,  директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Татьяна Дәркеноваға полиция бөлімінен алғысхат тапсырылды.

Мерекеде аудан әкімі Қ.Ш.Айтмұхамбетов айтулы күнмен бала жаны бағбандарын, сондай-ақ ұл-қыздарды, ата-аналарды риясыз көңілден құттықтап, сөз сөйледі. Ол заманның тәрбиеге, білімге артқан талабын айрықша атап көрсетіп, бұдан былай да оқуда болсын, еңбек мектебінде болсын, аудан абыройын биік ұстауға тілегін арнады. Жиналғандарды сондай-ақ, еңбек ардагері Құрман Бисеғалиев, мектеп бітіруші түлектердің сынып жетекшілері, ата-аналар құттықтап, түлектерге ақ жол тіледі.

***

Аудан әкімінің орынбасарлары Бақберген Әбуов Сұлтан Ошанов (Ақсуат) атындағы, Ердос Үмітов Сарытоғай орта мектептері, аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев Тайпақ ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебіндегі салтанаттарға қатысты.

Азамат Қанапия,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале