Таңмен таласа редакциямызға жылы жүзді қария келді. Тілшілермен сәлемдесіп, әңгімені бірден газеттің қоғамнан алатын орны туралы бастай кетті. Таныса келе, Сырым ауданының тумасы, тарихшы Жолдығали Өтейұлы екенін білдік. Шама келгенше газеттің әр санын қалт жібермейтін ақсақал аудан тұрғындарын газетке жазылуға шақырды.
Өлеңтілік қария бүгінгі таңда Подстепный ауылының тұрғыны атанған. Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, шәкірт тәрбиелеуден жалықпаған. Сондай-ақ ақын Қадыр Мырза Әлінің суреті бар төсбелгіні кеудесіне таққан қария ақын өлеңдерін арқырап оқып берді. Содан соң «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» газетінің соңғы сандарын сұрап, аудан айнасының біраз уақыттан бері келмей жүргенін ескертті. Газетті өзінің бигінде сүйетінін, барлық ақпаратты, мәселер мен танымдық мақалаларды оқитынын айтты.
- Ауыл әкіміне газеттің дер кезінде келіп тұрғанын қалайтынымды айтып, өтініш білдірген едім. Дегенмен соңғы сандары мүлдем келмеді. Үйде жай жата алмай, өзім алып кетуге келдім. Сырым, Теректі аудандық газеттерін үзбей оқимын. Газет – рухтың, сананың ұшар басы. Әр білімді адам газетке құрметпен қарап, қолдауға тиіс. Жеке өзім газетті жүрген жерімде оқып, ойыма тоқыған дүниелерімді елмен бөлісіп жүремін, - деді өзінің сөзінде.
Жас ұрпаққа үлгі боларлық қарияның деніне саулық тілеп, ризашылығымызды білдірдік. Тағылымды әңгімелерін соңына дейін құмарлана тыңдадық.
Ақтілек Әлібек,
Теректі ауданы,
zhaikpress.kz