Жуырда Алматы қаласында Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен Халықаралық түркітілдес журналистердің ІІІ медиафорумы өтті. Еліміздің әр облысынан және Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Бельгия және Британиядан келген журналистер үш күндік кездесу өткізді.
Іс-шараның алғашқы күнінде Шымбұлақтың табиғатына тамсанып, Медеу мұз айдынына барып, коньки тептік. Жалпы, басқосулар таудың саф ауасымен тыныстап, қаланың туристік мекендерін аралаудан басталды. Одан кейін журналистер медиафорум аясында «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбында семинар-тренингке қатысты. Белгілі психолог Жания Бейсенова «Психологиялық қысым және эмоцияны басқару», «Эмпатия» тақырыбында ой қозғады. Атап айтқанда, медиатренер Жания Бейсенова тақырыпты жан-жақты түсіндіріп, топпен тәжірибелік жұмыс жүргізді. Журналистер сұхбат алу кезінде қай нәрсені ескеруі керектігі туралы ой қозғап, әсіресе, зорлық-зомбылыққа тап болған жандардан сұхбат алғанда қателік жібермеу керектігі баса айтылды. Семинар-тренинг барысында қатысушылар бір-бірімен қызу пікір алмасты. Сонымен қатар «Соғыс, зорлық-зомбылық, табиғи апат құрбандарымен сұхбат алу, қарым-қатынас жасаудың психологиялық тәсілдері» туралы да айтылып, топпен тәжірибелік жұмыс тартымды болды. Семинарда медиатренер Мейіржан Әуелханұлы жүргізген «Жасанды интеллектті журналистикада пайдалану» тақырыбы бүгінгі XXI ғасырда өте өзекті болғандықтан, қатысушылардың қызығушылығын ерекше арттырды. Тәжірибелік жұмыста түрлі сұраққа жауап берілді. Сурет пен видео өңдеуде де көп нәрсені көңілге түйдік. Семинар-тренинг барысында қатысушылар бейнематериалдар арқылы берілген психологиялық тапсырмаларды талдап, топтық және жеке жұмыс істеді. Одан бөлек бүгінгі күні танымал әрі сұранысқа ие технология – жасанды интеллектпен жұмыс істеу мен тәжірибеге енгізуді үйренді.
Форум алдында гала-банкет ұйымдастырылып, «Еркін сөз – 2023» және «Әлеумет – қоғам айнасы» байқауларының жеңімпаздары марапатталды. «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен және «Халық банк» АҚ демеушілігімен өткен журналистер арасындағы «Еркін сөз» шығармашылық байқауының қорытындысы бойынша «Үздік телесюжет» аталымын Гүлнәр Тайжан, «Үздік мақала» аталымын Құндыз Қабылденова, «Сайттағы үздік мақала» аталымын «Айқын» сайтының тілшісі Жадыра Мүсілім иеленді. Жеңімпаздар диплом және қаржылай сыйақымен марапатталды. Сонымен қатар Жолдасбек Дуанбай атындағы арнайы сыйлықпен Әділет Қанат, Айнұр Сыдықова атындағы арнайы сыйлықпен Қалқаман Нұрлыхан, Сәкен Орынбасарұлы атындағы арнайы сыйлықпен Алтынай Жетпісбаева марапатталды. «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ Қазақстандағы қаржылық сауатты арттыру мақсатымен отандық БАҚ өкілдері арасында ұйымдастыратын байқау жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді.
Ал әлеуметтік саланы дамытуға үлес қосып жүрген жобаларды елге насихаттау мақсатымен ұйымдастырылған «Әлеумет – қоғам айнасы» байқауынан жеңімпаз атанған журналистер арасынан үшінші орынды Қалмұрат Дәулетбаев, екінші орынды Ақбота Мұсабек иеленді. Эльмира Жүрсінбекқызы бірінші орынды жеңіп алып, мерейі үстем болды.
«Мақсатымыз – түбі бір түркі елдерін жақындастыру» деген Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы түркі елдерінің ақпарат құралдары мен журналистері қысқа және ұзақ мерзімді стратегиялық жоспар құра отырып, мақсатты да үздіксіз дамуға мүдделі екенін айтты. Оның айтуынша, медиафорумды «TURKTIME: ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ МЕДИА БІРЛІГІ» атауының бірнеше себебі бар.
- 2023 жылдың 3 қарашасында Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтті. Халықаралық жиында Қазақстан ұйым төрағалығын қабылдап алды. Президент Қ. Тоқаев: «Түркі бірлігін таныту үшін біздің төрағалығымыз «ТҮРКІ ДӘУІРІ!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтеді», – деп мәлімдеді. Осы орайда «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітіліп, Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамыту мақсатымен маңызды сегіз бағыт – салт-дәстүр, түбі бір түркіге ортақ құндылықтарды біріздендіру, реформалар, ғылым, сенім, инвестиция, медиация және энергияға басымдық берілген болатын. «Дәл осы басты бағыттар арасында түркітілдес бұқаралық ақпарат құралдарының бірлігі де болуға тиіс. Себебі кез келген бастаманы халыққа жеткізіп, насихаттайтын – БАҚ өкілдері. Кейінгі кездері соғыстар, пандемия, климаттың өзгеруі, ресурс тапшылығы, экономикалық қиындық, медиа саласындағы бәсекелестіктің артуы, ақпараттық манипуляция мен жалған ақпараттың күшеюі, БАҚ-тағы кәсіби этиканың жиі сақталмауы Қазақстанмен қатар, әлемдік журналистиканың басты проблемасына айналған», – деді Нәзия Жоямергенқызы.
Форум спикерлері мен қатысушылары Қазақстан мен түркі елдерінен жиналған әріптестермен бірге медиа саласындағы түйткілдер мен оларды шешу жолдарын қарастыра отырып, ортақ жобалар жасауға кеңесті. Бұған дейін 2023 жылдың тамызында Түркітілдес журналистер қоры Қазақстан, Ұлыбритания, Германиямен бірігіп, Дүниежүзілік баспасөз ассоциациясын құрған болатын. Бүгінгі күні бұл қауымдастыққа Қазақстан төрағалық етіп отыр. «Басты мақсат – қазақ журналистерін әлемдік деңгейде дамыту, халықаралық БАҚ және медиа саласындағы үкіметтік емес ұйымдармен бірге ортақ жобаларды жүзеге асыру. Кейінгі кездері отандық БАҚ өкілдеріне қысым мен шабуыл жиіледі. Осы орайда Түркітілдес журналистер қоры қажет болған жағдайда қазақ журналистерінің құқын Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясы арқылы әлемдік деңгейде қорғауды көздейді. Бүгінде мың құбылған әлем бірігуге, бір болуға мәжбүрлейді. Сондықтан бауырлас халықтармен іргеміз ажырамасын. Біз, қазақ журналистері, түбі бір түркінің медиа саласын бірге дамытуға күш салайық», – деді форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының президенті, Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясының президенті Нәзия Жоямергенқызы.
«Журналистика шекараға бағынбайды, түркі елдерінің медиасын дамыту үшін онлайн журналистиканың мүмкіндігін пайдалану қажет» деген белгиялық журналист Юсуф Джинал өз ұсынысын білдірді. «Бір кездері Жібек жолы арқылы сауда жасағандар, сонымен қатар ақпарат жеткізушілер де болатын. Біз, журналистер, ақпаратты бір дереккөзден алып, екінші бір дереккөзге жеткіземіз. Осы қызметті атқару барысында бізге жүктелген жауапкершілік пен зор миссия бар. Өз діліміздің, тіліміздің, еліміздің өкілі боламыз. Қазір Жібек жолының міндетін онлайн БАҚ өзіне алып, атқарып отыр. Мен өзім Түркияда әрі Еуропада журналист ретінде қызмет етемін. Мүмкіндігімізді пайдалана отырып, өзіміз үшін, әрі түркі мемлекеттері үшін түрлі жоспар құрып, жұмыс істей аламыз. Әлбетте, ол үшін қарым-қабілетіміз бен білімбіліктілігімізді біріктіруіміз қажет. Мысалы, Алматыда отырған бір журналист Еуропаның кез келген еліндегі медиада жұмыс істей алады. Яғни маңызды ақпаратты, түркі елдеріне ортақ құндылықты насихаттай аламыз. Алдағы уақытта Түркітілдес журналистер қорымен бірлесіп, Еуропадағы үкіметтік емес ұйымдармен бірге бірқатар жұмысты қолға аламыз. Мұндай жобаларды Түркиядағы әріптестермен бірлесіп жасап жүрміз, ендігі кезек Қазақстанда», – деді Юсуф Джинал.
Оның пікірінше, түркі мемлекеттерінің БАҚ-тарында бірлесіп жұмыс істеу үшін көп мүмкіндік бар. Мәселен, бауырлас елдер медиа нарығына қажет кадрларды даярлап, тәжірибе алмаса алады деп есептейді. Еске сала кетейік, «Turktime: түркі мемлекеттерінің медиа бірлігі» тақырыбына ІІІ халықаралық түркітілдес журналистер медиафорумының ұйымдастырушылары – «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ мен Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясы (World Foreign Press Association – WFPA), серіктесі – «Шеврон» компаниясы. Форумға Қазақстанның барлық облыс, аудандарынан, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия, Бельгия, Британия, Нидерланд елдеріндегі түркітілдес БАҚ басшылары, журналистер, медиа саласындағы үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, ЖОО журналистика факультеттерінің декандары мен оқытушылары қатысты. Жалпы аталған форумның берері мол болды. Қатысқанына еш өкінбеген әр өңірдің журналистері қимастықпен қоштасты. Алдағы жылда осындай басқосулар қазақ журналистикасының алға қарай ілгерілеуіне және қарыштап дамуына зор септігін тигізеді деген сеніммен Орал бағытына қарай ұшаққа отырдық.
Темірболат Әнуарұлы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz