27.05.2024, 15:45
Оқылды: 88

Журналистиканың жүгін қайыспай көтерген

Өз ғұмырында кісіліктің туын биік ұстап өткендердің өр тұлғасы жылдар алға жылжыған сайын тіпті асқақтай түседі. Солардың адамгершілік мөлдір мұрасынан түп тамырымызды көреміз. Бізге не қымбат, не асыл екенін білеміз. Дүниеге махаббатпен қарап, төгілген тілекпен өмір кешуді ұғынамыз. Тарих доңғалағы қалай домаласа да, солай болған. Осылай болуға да тиісті.

DSC_0159

Алдымызда шырақтай жарқырап тұрған бұл шындықты кешегі жұма күні Қазақстанның Құрметті журналисі, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Базарғали Қуатовты еске алуға арналып Орал төрінде өткен шара және бір мәрте қуаттап берді. Ағаның ауылдас қарындасы, ақын, жұбантанушы, ҚР Білім беру ісінің үздігі Үзілдік Елеубайқызы тізгінін ұстаған басқосу жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмейтініне, ізі өшпейтініне әбден тәнті етті. Осыдан 85 жыл бұрын ауданның Сайқұдық ауылында дүниеге келіп, өмір бәйгесіне қосылғаннан жұртына қауқарлы қызметін арнаған жанның адамдық ажары, мақсаткерлігі жайында сөз сапталды.

DSC_0143

Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған соң, орта мектепте бір жыл мұғалім болып, іле «Орал өңірі» газетіне ат басын бұрады. Дырдай дипломмен корректорлыққа кіріскеніне таңданғандар аз болмапты. Бірақ ол жүрек қалауын, яғни журналистикаға деген талғамын, ынтасын алдымен осы сатыда сынап көргісі келгені сөзсіз-ау. Баспасөз ісі – өмірдің қат-қабатына, иірімдеріне сүңгу деген сөз. Мұндай бейілі, өзіне нық сенімі айқын танылмай ше?! Көп ұзамай тілшілікке ауыстырылғаны да сондықтан. Одан әрі шығармашылық топта шыңдала жүріп, лауазымдық баспалдақпен өрлей түсті. Ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, сосын бас редактордың бірінші орынбасарлығы – бұл Базағаның қалам қарымын, ұйымдастырушылық қайраткерлігін тіпті жарқ еткізіп көрсеткен кезеңдер-ді. Жас әріптестеріне қалтқысыз қамқорлығымен де танылғанын еске алу шарасында ҚР Құрметті журналисі, ҚР Мәдениет қайраткері Есенжол Қыстаубаев баяндады.

– Ісімізде кемшілік ұшырасып жатса, сылап-сипамай, тіке айтатын. «Сендер іні болуға жарасаңдар, мен аға болуға жараймын», – деп, зейінімізге қондырып, ойлы әңгіме айтатын, – деді ол.

- Университет қабырғасында жүргеннен-ақ жазуға қабілетін Әбіш Кекілбаев, Оразбек Сәрсенбаев, Мұхтар Мағауин сынды курстастары талай айтқан, әйгілі қаламгер Ғабит Мүсіреповтің жазушылық стилі туралы жазған дипломдық жұмысын атақты сөз зергері Зейнолла Қабдолов жоғары бағалаған Б.Қуатовпен бірге біраз жыл жұмыстас болған шақты еске түсіре тұрып, ақын, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Айтқали Нәріков «Егер соңына түссе, одан танымал ақын, жазушы, әдебиеттанушы шығары кәміл еді. Алайда мерзімді баспасөздің жүгін қайыспай көтеріп өтті. Шашасына шаң жұқпаған журналист болды. Ал бүгінгі шараның Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханада ұйымдастырылуының символдық заңдылығы  бар. Кезінде бұл тарихи ғимаратта «Орал өңірінің» редакциясы болды. Бәрі жадымызда жаңғырады», – деді.

DSC_0168

Шара барысында Базарғали Сәниұлының халқымыз алыптары шоғырындағы Жыр-Жұбанның есімін осы рухани орлаға берудегі зор еңбегі де атап көрсетілді. Бір топырақта туған іні ретінде елдің қыран текті перзентінен алған тәлімінен, өнегесінен тасқа басқан естеліктері өз алдына құнарлы дүние.

DSC_0176

Кезінде Жайықтың сол жақ бетінде құрылған Ақжайық ауданының «Ақжайық» газетінде 1978 – 1988 жылдары редактор, 1992 – 1998 жылдары «Қазақгаз» мемлекеттік холдинг компаниясының салалық «Рауан» газетінің бас редакторы болды. Тәуелсіздігіміздің ақ таңын қарсылған соң өз құндылықтарымызға оралу, рухани тұтастығымыз тақырыбына түйдек-түйдек жазбаларын арнады. Соның бәрімен жер-жердегі оқырман қауым қызыға танысып, талқылаулар өткені есімізде. Базағаң 2004 – 2011 жылдарда жарнамалық-ақпараттық «Информбиржа» газетінің «Дидар» бетін шығарып жүргенінде ұлттық салт-дәстүрімізді жан-жақты дәріптеуімен көпшіліктің қошеметіне және бөленді. Бірқатар кесек мақалалары тың дүниелерімен бірге «Уақыт іздері», «Ардагерлер әлемі», «Беласу» кітаптарында жарық көрді. Айталық, «Уақыт іздерінде» тәлім-тәрбиенің кені болып табылатын мақал-мәтелдеріміздің зор күші, шешендік өнер, сондай-ақ тапқыр сөз бен ұшқыр ойға жүйрік замандастардың сөйлеу әдебі, бүкпесіз, реалдық шындыққа суарылған өз жырлары топтастырылған. Басқосуда мұны М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры Зейнолла Мүтиев кеңінен айтып берді. Автордың әдебиетіміздің алтын қорынан, ауыз әдебиетінен, мол білімі, ізденісі көрінетін еңбектерін жастардың жанын тәрбиелеуге пайдалану жайында еңбек ардагері Әленғали Кереев тілге тиек етсе, белгілі ардагер-қаламгер Тихон Әліпқали облыстық басылымда Базағамен бірге өткізген жылдардан естелігімен бөлісе келіп, рухани кеңістігіміздің тазалығы, ұлттық рухтың салтанаты үшін бүгіндегі журналистердің парызы хақында айтты.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, қазақ педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Абат Қыдыршаев:

«Ол өмірден түйіндерін рухани тәжірибе ретінде қалдырды. Осы мұрасымен өзіне ескерткіш орнатты. Ғалым-журналист, ғалым-публицист биігіне көтерілді», – деп, осындай жандардан оқып-үйренудің шексіз пайдасын жиналғандар арасындағы жастарға меңзеді.

DSC_0178

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Максим Үмбеталиев бастаған ақжайықтық өкілдер келген бұл зерде шарасында ұйымдастырушыларға Б.Қуатовтың жары Роза ана, жиені Шынтемір Ғалимат, Құрайлысай ауылдық округінің әкімі Орынбек Жапашев алғыстарын арнады.

DSC_0185

Болат Қосжанұлы,

Фото: Нұрбек Ихсандікі

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале