30.06.2023, 16:45
Оқылды: 134

Журналистің бір күні

Біраз жыл Тасқала аудандық «Екпін» газетінде қызмет атқарып, бүгінде зейнетке шыққан редактор Сатыбалды Ашығалиев пен қаламы қарымды журналистер Майсура Ахметова, Айтқали Нәріков, белгілі ақын, Нарынның нар ұлы Ғайса-Ғали Сейтақ, Энгельс Шыңғали сынды аға-апаларымыз бар. Ал осы басылымның қазақ тілінде жарық көріп, газет болып қалыптасуына өзіндік үлес қосқан, біраз жыл газетте басшылық қызмет атқарған марқұм редактор Мағжан Кенжеғалиевтің еңбегін ерекше атауға болады. Оның бергі жағында әр жылдары газетке Думан Ғазез, Тоқтар Кенжеғалиев басшылық етсе, қазіргі таңда аталмыш басылымның ауыр жүгін Темірболат Тоқмамбетов көтеріп келеді. Иә, көзге көрінбейтін, қиындығы мен қызығы мол бұл жұмыстың артында үлкен жауапкершілік тұрғанын көп адам түсіне бермейді. Сол себепті биыл Құрбан айт мерекесімен тұспа-тұс келген БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесіне орай қалың оқырманға осы бір сала мамандарының тынымсыз тірлігін таныстыруды жөн көрдік.

IMG_2790

Әр күні қарбаласқа толы журналистер қауымының алғашқы жұмыс аптасы әдетте жиналыстан басталады. Мұнда өзекті мәселелер талқыланып, нөмірге берілетін мақалалар пысықталады. Газеттің алдағы санына жоспар құрылады. Ауданның тыныс-тіршілігіне қатысты жиындар мен басқосулардан тілшілердің алдын ала дайындаған мақалалары мен жаңалықтар легі сараланып, газет бетіне жіберіледі.

Одан басқа шалғай ауыл, елді мекендерден келетін хат-хабарлар қорытылып, мақалалар қорына қосылады. Мұның сыртында тосыннан болатын жиналыстар мен кездесулер де назардан тыс қалмайды. Шағын жиналыстан соң әр қызметкер өз жұмысына кіріседі. Тілшілердің бірі мақала жазуға отырса, екіншісі ұйымдастырылып жатқан шараға қатысып, оны фотоға түсіреді. Себебі әр журналист уақыт пен жауапкершілікті ұтымды пайдалана білуі қажет. Бұл журналистің шеберлігін көрсетеді. Ал жаңалықты дер кезінде кешіктірмей жазып, оқырманға ұсыну газетке деген сенімді арттырады. Негізі журналистің жұмысқа баратын уақыты белгілі де, қайтатын уақыты белгісіз. Себебі олар уақытпен санаспай жұмыс істейді. Демалысқа да қарамайды. Тақырып та талғамайды. Бірде арнайы іс-шараға қатысса, енді бірде жолға шығып, ауыл-ауылды аралап, кейіпкермен сұхбат жүргізеді. Сонымен қатар редакция – аудан орталығындағы жалғыз баспасөз орталығы болғандықтан, мұнда баламалы түрде газетке жаздыру жұмысы қоса жүргізіледі. Онымен негізінен есепші айналысады. Ол жазылуға келген адамдарды қабылдап, түбіртек толтырып, компьютерге тіркейді. Әр аптаның басында редакторға жазылым бойынша есеп беріп отырады. Бұл жұмысқа қолы босағанда басқа да қызметкерлер араласады. Олар өзіне бөлінген мекемелерге хабарласып, басылымға жазылу жүріп жатқанын хабарлайды. Және сол мекеменің толықтай жазылуын қадағалайды.

IMG_2799

Ал жауапты хатшы келген мақалаларды мазмұнына қарай беттерге орналастырады. Содан соң редактор дайын беттерді қарап, қорытып шығады. Сейсенбі күні газеттің электронды макеті «Жайық Пресс» орталығына жіберіледі. Бұл жерде бет құрушы газеттің дизайнымен айналысып, мақаланың дұрыс және әдемі орналасуын қадағалай отырып, беттерді құрады. Бет құрылған соң газеттің ПДФ форматы қайта тексеріліп, корректор қателерді түзеткеннен кейін редактор қол қойып, газет баспаханаға жіберіледі. Сәрсенбі күні түнде басылып шыққан басылым ертеңгі күні түсте редакцияға жеткізіледі. Оны қабылдап алған қызметкерлер газеттерді бөліп, таратады. Жұма күні тілшілер келесі нөмірге мақала дайындайды. Халық пен билік арасына алтын көпір бола білген редакция қызметкерлерінің әр күні осылай өтеді. Журналистер қауымы алдағы уақытта да қалың елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, жақсылығын жария ете отырып, аудандық «Екпін» газетінің өміршеңдігін жоғалтпай, мазмұнды мақалаларымен оқырманның көңіл көкжиегін кеңейте беретініне сенім мол.

 Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале