11.02.2025, 17:45
Оқылды: 293

Жылқы десе ішер асын жерге қояр

Халқымыздың ерекше қастерлеп, жанына жақын тартатын қасиетті түлігінің бірі – жылқы. Тариxи деректерде адам баласы жылқыны біздің жыл санауымыздан 3-4 мың жыл бұрын білген және қазақтың ұлы даласы ең алғаш қылқұйрықты қолға үйреткен жер деп айтылады.

WhatsApp Image 2025-02-11 at 17.52.17

Жылқы – қазақ халқының жан серігі. Елтаңбамызда қанатты тұлпар бейнеленуінің осындай сыры бар. Елімізде тәуелсіздік алғаннан кейін атакәсібіміз – жылқы шаруашылығын дамыту қолға алынды. Жылқыны ондап, жүздеп, мыңдап өсіретін шаруалар, кәсіпкерлер қатары өсіп келеді. Қазақтың ежелгі ат ойындары да жанданды. Ат бәйгесі, көкпар, теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ, жамбы ату, асау үйрету сынды спорт түрлері қайта жаңғырды.

WhatsApp Image 2025-02-11 at 17.52.55

Жуырда Ақжайық ауылында ұлттық спорт жанашырларының ұйымдастыруымен ат спорты түрлерінен «Қыс қызығы» атты сайыс өтті. Іс-шараға ауыл жастары белсене қатысты. Алдымен тай жарысы болып, кейін жаппай көкпар тарту ойыны тартысты өтті. Қорытындысында тай жарысынан Зымыран торының шабандозы Мансұр Нұрлыбекұлы (ат иесі – Ақболат Құсан) I орынды қанжығасына байласа, Бес қасқаны тақымдаған шабандоз Асыланбек Шыңғысұлы (ат иесі – Шыңғыс Алтынбайұлы) II орыннан көрінді. Ал Ерке торысымен шабандоз Арман Сағындықұлы (ат иесі – Ақболат Құсан) III орынға табан тіреді.

PHOTO-2025-02-06-15-18-02

Осы сайыста көрермен көзайымына айналған жас шабандоз Санжар Қатымғали өзінің болашағынан үлкен үміт күттіретінін байқатты. Жаппай көкпарда шабандоздар Зинолла Яасин мен Нұрдәулет Мұсағали ерекше көзге түсті. Бәйге жеңімпаздары, салым салған шабандоздар ұлттық нақыштағы, атап айтсақ, жүген, тарақ, қамшы секілді сыйлықтар мен ақшалай жүлдеге ие болды.

Т.Тоқмамбетов,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале