8.10.2021, 16:25
Оқылды: 41

Жылыту маусымы: әзірлік пен қауіпсіздік деңгейі қандай?

Көп ұзамай қылышын сүйретіп қыс келмек. Қоңыр күздің де соңғы апталары тез өтіп, ызғарлы суық пен бұлттанған аспан қыс айының «қыр астында отырғанын» сездіргендей. Қора-қопсысын қымтап, шаруалар тыным таппай, ал үй-жайының қамын ойлап тұрғындар  жарғақ құлақтары жастыққа тимей қам жасайтын уақыт бұл.

IMG-20211003-WA0009

Аптап ыстықта аннан-мұннан бой көрсетіп, «мазаны қашырған» тілсіз жау күз келе екі есе көбейіп, өрт сөндірушілердің үнемі сақадай сай болуын тексергендей.Осындайда өрт және төтенше жағдайға жауапты мекемелердің тынымы кетеді,жұмыстары қауырт болады. Себебі де түсінікті, алты ай жаз пайдаланылмаған жылыту қазандықтары мен  жекелердің үйлеріндегіпеш және жылыту құрылғыларының осы кезде іске қосылатын уақыты. Адами факторлардан туындайтын қатерлердің пайызы еселеп өсіп, материалдық шығындар мен кей кезде тіпті адам өліміне, соның ішінде бала өліміне әкелер жағдайлар осындайда тіркеледі.

IMG-20211003-WA0010

«Өрттің салдарын жою және оны болдырмау жолдарының алдын алар мекемелердің жұмыстары күз басталғанда еселене түсетіні айдан анық. Мамандарды оқыту, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын өткізу бір бөлек, ал төтенше жағдай немесе өрт орын алған уақытта ырғақты және кәсіби түрде жұмыс жасау өте маңызды. Сонда ғана  өртке тез жету, халық қауіпсіздігін дер кезінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өртті мейлінше тез әрі шығынсыз ауыздықтаудың өзі техникалық-материалдық қамтылуға, заманауи жабықталуға да тікелей байланысты. Әйтсе де өрт сөндіру құрылымдары өртті тез сөндіру  мал-жануарлар, мүлікті, ең алдымен адам өмірін құтқаруда біліктіліктерін көрсеткенімен, өрт оқиғаларын азайтуға, оны болдырмауға ықпал ету кемшін боп жатады. Көп жағдайда өрт оқиғалары адамдардың қателіктерінен туындап отырғанын ұмытпаған жөн. Сондықтан да өрт қауіпсіздігіне қатысты тұрғындарға талапты күшейтіп, оларды ұдайы ақпараттандырып отыру керек»,-дейді Шыңғырлау ауданы ТЖБ бөлім бастығының міндетін уақытша атқарушы Нұржан Қуанов.

Иә, статистикаға көз жүгірсек, биыл елімізде өрт оқиғалары жиілеген. Әсіресе жұртшылықты жаға ұстатқан оқ-дәрі қоймаларындағы жарылыстар, өндіріс орындарындағы төтенше жағдайлар, тіпті тонналап өртенген мал азығы, үйлер мен сауда орындары, айта берсек автокөліктер, қоймалар да әлсін-әлсін оқыс оқиғалар лентасын шұбарлап, күнделікті жаңалықтарға шығып қалады. Сондықтан төтенше жағдайдың алдын алу бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Шыңғырлаулық «төтеншеліктердің» ақпаратын шолып өтсек, жыл басынан бері аудан көлемінде тоғыз өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 оқиғаға кем. Әйтсе де шабындықтар мен орман, далалықты өрт шарпдың 14 оқиғасы тіркеліп, салдарынан 221 гектар алқап күлге айналған.
«Шындық солай, соңғы кездері  тіпті кәдімгі көліктер де өртенгіш болып кеткен. Басқа-басқа, темір екеш темір де өртке шыдамсыз болып бара жатқандай. Авто және ауыл шаруашылық техникаларының да жылыту жүйелерінің дұрыс, талапқа сай болуы қажет. Жыл сайын техникалық байқаулардан өту тек қағаз жүзінде болмауы тиіс әрі әрбір көлік иесі техникасының талапқа сай жұмыс істеуін үнемі қадағалап, өзі мен айналасындағы адамдардың да амандығы үшін қаракет жасауы тиіс»,- дейді аудандық МАИ өкілдері. Өкінішке орай, көбінесе өртті көргенде көлік жүргізушілері қарапайым қағидаларды білмеу салдарынан көлігін тастай қашып немесе капотты ашып қалып, айналасындағыларға қауіп төндіріп жататын көрінеді.

Тұрғындар  өрт қауіпсіздігіне мән бермейді. Олардың өртке қатысты бейқам көзқарасы осындай ойға жетелейді. Сондықтан да қауіптің алдын алу мақсатында аудан көлемінде 3250 жеке аулалар араланып, 5870 тұрғынмен түсінік жұмысы жүргізілген. Айта кету жөн, жыл сайын  пештерді тексеру мақсатында рейдтер ұйымдастырылады, сол кезде адамдар есігін ашпай қойып, түрлі айла-тәсілдермен барынша төтенше жағдайлар қызметі мамандарын үйлеріне кіргізбеуге тырысқан. Сол себепті де тұрғындардың өрт қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігін жоғарылату керек. Жыл бойына мамандарға пешін тексертуге құлықсыз тұрғындар төтенше жағдай орын ала қалса, ең алдымен өзін емес, өзгелерді кінәлап шыға келеді. Төтеншелік мамандардың ең алдымен тұрғындардың өзінің қауіпсіздігі үшін қауіпсіздік ережелерін талап ететінін ескере бермейді. Бұл жұмысқа өткен жылы қоғамдық бірлестіктер де тартылды, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 11 отбасында  жадынамалар таратып, түсіндіру шаралары жүргізілді. Ал мамандар болса тіпті балабақша және мектеп сыныптарында да ашық сабақ өткізген болатын. Бәрі де өрт қауіпсіздігі, адамдар амандығы үшін жасалған шаралар.

Сөзіміз негізсіз емес, елімізде орын алатын өрттің 70 пайызына дейін жеке тұрғын үй секторларында орын алады екен. Өрттердің негізгі бөлігі қауіпсіздікке тиісті деңгейде көңіл бөлмеу салдарынан, электр құрылғылардың, пештердің ақаулығынан, сондай-ақ балалардың отпен ойнауынан туындап жатады. Біздің де айтарымыз, қамсыз отыру, бейқамдық арты өкініш тудырар жағдайларға әкелмесе екен. Жылыту маусымы басталды, ендеше әрбір адамның бұл істе мұқият болғаны жөн-ақ.

А.Муса,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале