Бәйтерек ауданы Янайкин ауылдық округіндегі Т.Бигелдинов атындағы мектеп жанында жылыжай ісі жолға қойылған. Игілікті кәсіпке мұрындық болған – аталмыш білім ұясының директоры Жасталап Сабыров. Білікті басшының тәжірибесіне мұндай жоба екінші рет. Құрылысы 2020 жылы қолға алынған жылыжай бүгінде өнім бере бастаған. Нысан аумағы 73 шаршы метр. Жабық алқаптағы жайқалған жас өскіндер қолдан суару жүйесімен суарылады. Жылы еден қолайлы температураны ұстап тұр. Бой тіктеп, тартылған жіпті қиялаған қиярлар көз сүсіндіреді.
- Бұл бастаманың оң нәтиже берерін білдім. Өйткені, Бөкей ордасы ауданы Орда ауылындағы Жәңгір хан атындағы мектепте жүргенде жылыжай салып, бұл шаруаның берекесін байқадық. Мектеп оқушылары үшін тәжірибе алаңына айналды. Жылыжайда былтыр шалғам, қызанақ және түрлі дәмдеуіштер егілсе, биыл ерте гүлдейтін бақша дақылдары, қияр отырғызылды, - дейді мектеп директоры.
Жылыжай ісінің өркендеуі директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары Рафик Рахимбердин мен мектеп ұжымының, оқушылардың еңбегінің жемісі. Өскелең ұрпақты шаруашылыққа тәрбиелеуде де мұндай жұмыстың маңызы зор. Мектеп жылыжайынан апта сайын 1-1,5 келі қияр алынады. Алынған өнім мектептегі адалдық дүкенінде сатылады. Түскен қаражат оқу құралдарына жұмсалады. Адалдық дүкені – мектеп оқушыларының сабаққа қажет құралын сатып алуын қамтамасыз ететін бұрыш. Ал тәжірибелі ұстаздар шәкірттерге көкөністерді күтіп-баптауды, түрлі ауруға шалдықпауын қадағалауды үйретеді. Балаларды пайдалы кәсіпке баулып жүрген биология пәні мұғалімі Қуаныш Батырғалиев жылыжай ісінде топырақтың құнарлығы маңызды екенін айтады.
- Осы уақытқа дейін өнімдерді ауыл ішінен алынған қара топыраққа егіп келдік. Қазір арнайы органикалық қалдықтарды ыдыратушы биогумус әкелініп, топырақ құнары артты. Оқушылар оқу өндірістік тәжірибеде бақша дақылдарын өсірудің қыр-сырын ғана емес, көбейту жолдарын да қарастыруда. Олардың қызығушылын арттыру мақсатында алдағы уақытта гүл өсіруді қолға алмақшымыз. Сонымен қатар күні бүгін зерттеу үшін биогумусты үш бөлікке бөлдік. Біреуіне жылумен топырақты, екіншісіне жарықпен топырақты, үшіншісіне тек биогумусты салып нәтиже күтудеміз. Биогумусты 200-250 мың теңгеге арнайы сатып алдық. Осындай қызықты әрі пайдалы сабақтар болашақта балалардың агрономия саласына қарай бет бұруына септесері анық. Заманауи мектеп жылыжайы - теория мен машықты ұштастыруға тамаша мүмкіндік. Шәкірттердің жетістікке ұмтылысы, - дейді Қуаныш Батырғалиев.
Айту керек, мектеп жылыжайы құрылысына 750 мыңға тарта қаражат жұмсалған.
Салтанат Зұлқарнаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz