Ақжайық аудандық ауруханасының жылжымалы диагностикалық медициналық кешені апта сайын ауылдық округтерге барып, тұрғындарды қабылдауда. Дәрігерлермен бірге кешеннің Мерген ауылына кезекті сапарына редакция тілшілері де ілесті.
Ауылдың адам көп қатынайтын тұсына тоқтаған кешен жұмысын таңғы сағат 9-дан бастады. Іле-шала денсаулығын тексертуге келген тұрғындардың да қарасы көріне бастады. Күн ұзаққа бұл кешенде әр саладағы дәрігерлердің қабылдауына 80-ге жуық адам қаралды. Солардың 60-ы жалпы тәжірибе дәрігерге көрінсе, отоларингологтың қабылдауында 68 тұрғын болды. Тісін жөндетуге, көзінің нашар көретініне шағымдана келген адамдардың да қарасы қалың, 40-тан асып жығылады. 40 әйел гинекологтың кеңесіне жүгінсе, 15 тұрғын хирургқа, 25 адам жүйке жүйесін емдейтін дәрігерге алдын ала жазылыпты. Медициналық кешеннің іші құдды шағын емханадай – мұнда ультрадыбыстық зерттеу, рентген аппараттары бар, шағын зертханада диагностикалық анализдерді де қабылдайды. Айталық, УДЗ-ден осы күні 60 адам өтсе, 74 жан флюорографияға тіркелді.
– Бүгін біздің ауылға атбасын бұрған дәрігерлерге өзіміздің денсаулығымызды тексертіп жатырмыз. Бұл біз секілді ауылда тұратын халық үшін өте ыңғайлы. Денсаулық, ең алдымен, өзіміз үшін керек, десек те, аудан орталығына баруға уақыт та, қаржы да шығын. Міне, дәрігерлер арнайы келіп, тексерілуге ниет білдірген әр тұрғынды қабылдауда. Біз ризамыз. Осылай жиі келіп тұрғанын қалар едік, – дейді ауыл тұрғыны, зейнеткер Үнзила Молдағалиева дәрігерлерге алғысын жаудырып.
Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын тұрғындардың денсаулығын уақтылы тексеру, көшпелі жағдайда диагностикалық зерттеулер жүргізу мақсатында аудандық ауруханаға заманауи жылжымалы диагностикалық медициналық кешен алынған болатын. Кешенде 7 арнайы кабинет бар. Аталған кешен арқылы тұрғындарға көшпелі түрде профилактикалық, емдік және сауықтыру іс-шаралары жүргізіліп, қажет болса, орталық медицина мекемелеріне жолдама да беріліп жатыр. Сырқатқа шалдыққандар есепке алынып, олар кейін бақылауға алынуда. Былтыр дәрігерлер 20 елдімекенде болып, 12892 адамды қабылдаса, биыл 11 елді мекеннің тұрғындарына осы мүмкіндік көрсетілді.
Нұрбек Ихсан,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz