Жымпиты кентіндегі Мәдениет үйінде Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты шара өтті. Нәзікжандыларды мерекемен Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов құттықтады.
- Әйел-Ана – өмірдің өзегі, тіршіліктің күре тамыры, ыстық ықылас, пәктік пен тазалықтың қайнары. Бесік тербетіп, батырды өсіретін, ұлтымызды сақтайтын да біздің қадірлі аналарымыз. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің жолдауларында еліміздің әрбір азаматын ел игілігі үшін қызмет етуге, алға қарай адымдап дамуы жолында үлес қосуға шақырып, үлкен сенім артады. Отан отбасынан басталады деген рас. Әйелдің қоғамдағы рөлі ерекше. Өйткені отбасының құты болған әйел Отанға да адал қызмет етеді. Тәуелсіз еліміздің ұл-қыздарын тәрбиелеп, азаматтарға сенімді тірек болып, қоғам ісіне білек сыбана кірісіп жүргендеріңіз үшін Сіздерге шексіз алғыс! - деді ол.
Салтанатты сахнада көпбалалы аналар жамбылдық Гүлфара Рашиденова, жымпитылық Айнұр Сұлтаниярова Мемлекет басшысының Жарлығымен «Күміс алқа» белгісімен марапатталды.
Бұлдырты жалпы білім беретін орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Ғалия Қуанышова, Сырым мектеп-бөбекжай балабақша кешенінің мұғалімі Гауһар Досқалиева Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиевтің алғыс хатына ие болды. Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының алғыс хатын Бұлан орта мектебінің директоры, физик Майра Байниязова, Қ.Мырзалиев атындағы мектептік педагог-дефектологы Райхан Беленова алды.
Сондай-ақ, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар ханымдарға Сырым ауданы әкімінің алғысхаты табыс етілді. Олардың жұмысшы мамандықтардың иелері – аспаздар, су құбырының бақылаушылары, наубайханашы-кондитерлер, кіші қызметкерлер бар.
Шара әрі қарай «Демалыс орталығы» МКҚК даярлаған «Ана деген теңдесі жоқ ұлылық!» мерекелік концертпен жалғасты.
Сырым ауданының көркемөнерпаздарымен бірге «Серілер» этно тобы өнер көрсетті.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы