4.04.2025, 0:00
Оқылды: 103

Жымпиты футболын қазақ таныған күн

Сырым ауданының футзал командасы тарихи жеңіске жетті. Жымпитыдағы А. Шайхиев атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің футбол үйірмесінің оқушылары бүгін футзалдан Қазақстан Респуликасының чемпионатында (U17) қола жүлдегер атанды.

PHOTO-2025-04-03-16-42-21

Чемпионат 2024 жылдың 30 қазанында басталған. Осыған дейін алғашқы екі турды Щучинск қаласында, кейін үшінші турды Алматы алаңында ойнаған “Сырым БЖСМ” командасы өздеріндей іріктеуден іркілмей өткен мықтылармен Қостанай облысы, Рудный қаласында кездесті.

Қазақстанның барлық өңірінен 18 команда қатысып, 3 тур бойы жинаған ұпай сандарымен плей-офф кезеңіне 8 мықты шықты. Ширек финалда “қызыл жейделілер” «Бәйтерек» /Орал/ командасын ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда «Атырау» футзал клубына есе жіберді. Бірақ, үшінші орын үшін болған ойында жігіттер барын салды. Жаңаөзен қаласынан келген «Мұнайшы» құрамасына сырымдық сұрмергендер үш гол салды. “Мұнайшы” олардың біріне ғана жауап бере алды.

Бүгін “Сырым” БЖСМ командасы қола медаль тағынып, кубоктарын көкке көтерді. Жымпитының “Мессиі” атанған, алдыңғы жылы Испания алаңында доп теуіп келген Фархат Болат чемпионат үздік ойыншысы атанды. Ол алғашқы ойыннан басталған күннен бастап қарсыластардың қақпасын 30 мәрте тура көздеген! Ауыл балаларынан қуатты құрама жинаған, “Жымпитының футболы” деген терминнің қалыптасуына себеп болған команданың бас бапкері Руслан Чукуровқа ел риза.
Бапкердің көмекшісі - Бекзат Бекниязов.

PHOTO-2025-04-03-16-42-29
Ал, жас футболшылар:
Бапкеріміз Руслан ағайға, демеушілерге, бізге сенген жанкүйерлерге мың алғыс! - деп алғыс жолдап жатыр.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале