Қаңтар айының 5-сі күні 23:00-де Жымпиты, Өлеңті ауылдарына ауыз су беру уақытша тоқтатылды.

Ақаудың себебі келесі күні белгілі болды. Сырым аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің моторлы шанасымен Кеңащы мен Жосалының арасын сүзген электромонтерлар қатты желден 5 бағананың құлап, электр желілерінің үзілгенін анықтады. Электр қуатының болмауына байланысты, су-кен орынынан өнген суды Жымпиты ауылына қарай айдау жұмысы тоқтаған.
Кешелі бері Сырым аудандық электр торабының қызметкерлері қар кешіп жүріп, үзілген желілерді жалғап шықты. Бағаналарды тұрғызуға “Сырым” МКҚК техникалық жәрдем берді.
Ауданның бас электригі Берік Ізмағамбетов және ұжымы - электр мамандары - Серік Сихов, Әмір Арнұр, тракторшы Болат Раймов көлік жүргізуші Асылхан Алексеев, ақау орын алған учаскенің электрошебері Ерлан Ахмедияр, монтерлер Рамазан Усманов, Бақтыбай Есенамановтар уақытпан санаспай еңбек етіп, су өндіру нүктесіне электр қуатын жеткізді.
Сырым ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов пен “Сырым” МКҚК директоры Тұрарбек Нұрғалиев жағдаймен аяқтай барып, танысып, жұмыс тамамдалғанша жігіттермен бірге жүргенін айта кету керек.
7 қаңтар күні Жымпиты, Өлеңті ауылының кейбір көшелеріне ауыз суды тасымалдау ұйымдастырылды.
Қысқы уақытта тіршілік нәрінің үзіліп қалуына байланысты тұрғындар пікірі екіге жарылуда. Үйі суға кетіп, жаңа баспана алғандар “Газ қазандығы тоқтап жатыр. Үйіміз салқын!” - десе, кейбірі “Халықты неге сусыз қойдыңдар?! Алдын ала неге дайын болмадыңдар?! “ - билік өкілдерін жауап талап етті. Ал, амалдың жоқтығынан шелекті қарына іліп, көшеге су алуға шыққан жеңгейлер мен малын өзендегі суатқа айдаған ағалар, бар игіліктің, бақуатты тұрмыстың қадірін білмеген екенбіз деп, екі күннің өзі сабақ болғанын айтуда.
Жымпиты ауылдық округінде су беру қалыпты режиміне көшті.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы