Бүгін Сырым ауданының орталығы Жымпитыда «Жаңару мен жақсылықтың бастауы – Наурыз» мерекелік мәдени-көпшілік шара өтті.
Сырымдықтар мен аудан қонақтарын ұлттық мейраммен Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов құттықтады.
Байқағанымыз, бұл жолы ұйымдастырушылар, Наурыз мерекесін жылма-жыл қайталанатын «көшірме» шара емес, шын мәнісінде халықтық думан болуына күш салыпты. Мәдени бұқаралық жобаның кеңістігі зорайған. Орталық сахна жаңа орынға тігілді. Ал, мәдениет үйінің алдындағы алаңға «Сырымның ұлы даласы» атты этноауыл жайылды. Этноауылдың қақпасынан енген адам әр қадам сайын тарих пен тағылымға жақындайды.
Киіз үйлердің әрқайсысы – бір-бір тағдыр, бір-бір шежіре. Сырым батырдың айбары, Қадыр ақынның жыры, әнші Амангелдінің үні, суретші Мұратбектің бояуы – бәрі осы алаңда қайта тірілгендей. Көшпенділердің тұрмысы мен қолөнері, ұлттық болмыстың бояуы заманауи технологиямен астасып, жасанды зерде көмегімен таныстырылды.
Алаң шетінде сауда жәрмеңкесі қыза түсіп, береке мен ырыстың нышанын аңғартты. Сауда жасап, самбырлаған жұрт, білектің күші мен жүректің жалыны қатар сыналған ұлттық спорт жарыстары, қиқулаған жанкүйерлер, алтыбақан маңында әуелеген ән мен жастардың шат күлкісі - әзел заманнан Наурыздың нақышы, дәстүрдің дауысы емес пе?!
Бүгін кешке Наурыз мейрамының құрметіне Жымпитыдағы Мәдениет үйінде эстрада жұлдызы, белгілі әнші Асқар Жүнісбеков ән шырқайды.
Б. Шерім
Суретке түсірген: Қоңдыкер Елеуов
Сырым ауданы