Жымпитыда ұлттық лицей ашылады. Бұл туралы QAZBILIM GROUP басқарма төрағасы, жоба авторы Аятжан Ахметжанұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
– Тұңғыш QAZBILIM ұлттық лицейінің ашылуын Тобыл-Торғай тұңғыштар мекені, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туған Қостанай облысынан бастап ек. Әрине, символдық мән үшін, ұлттық мектептер желісінің бастауы үшін әдейі сол қадамға бардық.
Енді тағы бір сондай қадамға бармақпыз.
QAZBILIM ұлттық лицейінің мектеп интернатын, алғашқы ауылдық жердегі мектебін Батыс Алаш орданың орталығы болған Жымпитыдан ашуды жөн көрдік. Бір жыл бұрын Сырым ауданы әкімі Жұмакелді Батырниязов мырза өзі осы ұсынысты тастағанда қуана келісіп тірлікті бастағанбыз. Дәл қазір ауыл ортасынан 1,2 гектарлық жер құжаттастырылды. Мектеп құрылысының жобасы жасалып жатыр, - деп жазды Аятжан мырза.
Жоба авторы кешегі аптада арнайы Жымпитыға келіп, мектеп салынатын жер, жатақхана мен мұғалімдерге үй салынатын орындармен танысып, алдағы жоспарларды пысықтады.
Шілде айында құрылыс жұмыстары басталады.
Айта кетейік, QAZBILIM Ұлттық қорының негізгі мақсаты – мектеп пен сапалы білім тапшылығы жиі кездесетін аймақтарда ұлттық мектептер жүйесін қалыптастыру. Жоба өзін ақтап та жатыр.
Қазіргі таңда ұлттық лицей мүмкіндігі арқылы әлеуметтік тұрмысы нашар, толық емес жанұялардан шыққан оқушылар сапалы, жүйелі білім алып, қосымша дарынды балаларға арналған НЗМ, БИЛ, РФММ сияқты үздік мектептер мен алдыңғы қатардағы үздік ЖОО-ларға гранттар ұтып алып жатыр.
Таза қазақ тілінде тереңдете сабақ беретін, ұлттық құндылық пен тәрбиені тірек еткен ұлттық лицейлер алғаш 2022-2023 оқу жылында Атырау, Ақтау, Қостанай, Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында ашылды. Бүгінде үш қалада 1 000-ға жуық оқушы білім алып жатыр. 2023 жылдан бастап ұлттық лицейлер қатары көбейіп, Алматы мен Шымкент қалаларында ашылды. Осы қатарға енді Жымпиты қосылмақ.
– Жымпиты! Бұл ұлылардың шоғыры дүниеге келген қарапайым ғана аудан орталығы. Ал, біз QAZBILIM ұлттық лицей ғимаратын осындай қасиетті даладан аяқтап ашсақ, ұлт алдындағы бір парыздың орындалғаны, - дейді жаңа заманның Ыбырайы Аятжан Ахметжанұлы.
Бауыржан Ширмединұлы,
zhaikpress.kz