ҚР Тәуелсіздігі күні қарсаңында Сырым ауданында мейрамхана ашылды. Жымпиты ауылында бой көтерген жаңа нысан «Marzya Grand Hall» деп аталады.
Кешенде 350 қонақты бір мезгілде қабылдай алатын банкет залы, VIP зал және кафетерий бар. Залдар сапалы жарық және дыбыс құрылғыларымен, LED экрандармен жабдықталған. Жалпы айтқанда, салтанатты шараларды жоғары деңгейде өткізуге барлық мүмкіндік бар.
Нысанның салтанатты ашылуы шарасына Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов қатысты.
- Кәсіпкерлік нысандар — ауыл көркі. Әр адам өзінің бизнесінің мекені ретінде ауылын таңдау арқылы, туған жерін түлетуге үлес қосады. Бүгін алғашқы меймандарын қабылдаған «Marzya Grand Hall» мейрамханасы — туған жерге деген сүйіспеншіліктің зор көрінісі. Сырым ауданы бойынша 2024 жылдың 10 айында ауданға тартылған инвестиция көлемі 6 млрд 516 млн тг құраса, соның ішінде 1 млрд 261 млн теңге жеке қаражат екен. Ауылдан алып сарай салып, инвестициясын елге игілікті жобаға арнаған азаматтарға алғыс айтамын! - деді Жұмагелді Батырниязов.
Иә, ҚР Президенті Қасым–Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында «Экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз екені анық. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Ол үшін, ең алдымен, салық саясаты тұрақты болуға тиіс. Сонда бизнес те сапалы дамуға ынталы болады және жауапкершілікпен жұмыс істейді», - деген еді. Әкімнің айтып отырғаны осы мәселе. Екінші тараптан, жаңа мейрамхана Самара–Шымкент тас жолының іргесінен бой көтеріп, өңірдегі жол сервисін дамытуда да табысты рөл ойнамақ.
Мейрамхананың иесі – жымпитылық Асхат Мамбетқазиев. Мамбетқазиевтердің жанұялық кәсібі – сан салалы. Олар мал шаруашылығын да ширатып, көлік жөндеу орталығы, дүкен, шаштараздардың қызметін ұсынып, ауыр техникаларды да жұмысқа салуда. Міне, енді мейрамхана мен кафе іске қосылды.
Салтанатты ашылу шарасында әкелері Рамазан мырза балаларының ісіне батасын берді.
Айта кетейік, нысанның құрылыс жұмыстарын қаржыландырған негізгі серіктес – елге тележүргізуші, журналист ретінде танылған жымпитылық Досымбек Қонысбекұлы.
- Туған ауылымда да сәнді, салтанатты сарай тұрғанын қаладым. Мейрамханамызды халық игілігіне пайдалансын. Әр сырымдық жанұяда той болсын! - дейді Досымбек мырза. Мәрзия –танымал тележүргізушінің анасының есімі. Сондықтан да нысан асыл жанның құрметіне «Marzya Grand Hall» деп аталыпты.
Түсте ашылу шарасына орай мейрамханада Құран оқытылып, қонақасы берілді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы