30.10.2025, 17:30
Оқылды: 183

Жымпитыдағы үш қабатты үйлердің болашақ иелері кімдер?! 

 

Сырым ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды. Биыл ауданда жаңадан салынған 47 баспананың пайдалануға ұсынылар күні таяу. Ал, Жымпиты ауылында үшқабатты үш тұрғын үй бой көтеруде. 

IMG_6569

Алашорда көшесінің бойына сән берген көппәтерлі үйдің тұрғыны болу - әркімнің-ақ арманы. Қазір халықтың арасында екі сауал бар: Құрылыс биыл аяқтала ма? Бұл пәтерлерге кімдерге тиесілі?

Алдымен, нысан туралы аз-кем ақпарат. Сырым аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, бір үйдің аумағы 2421 шаршы метрді құрайды. Әр үйдің құны 798 млн 720 мың теңге болып белгіленген.

IMG_6560

Гүлдің қауызындай бір-біріне қарап орналасқан үйлер қалалардағы кешендерді еске салады. Аулаларда тынығу орындары, балалар ойын алаңы болады.

Бөлім басшысы Артур Искаковтың айтуынша, биыл “ПМК 615” ЖШС және “Solid construction”  ЖШС салып жатқан екі үйдің құрылысы аяқталады. Үшінші үйдің қоныстойы 2026 жылға қалған.

Әр үйде 36 пәтер бар. Оның 12-сі үш бөлмелі, ал 24 пәтер 2 бөлмелі етіп салынған.

IMG_6557

“Solid construction”  ЖШС учаске бастығы Жоламан Байболатовтың айтуынша, жылыту қазандығы әр пәтерде дербес орналады.

Ал енді бұл пәтерлер кімдерге ұсынылады деген сауалға ойысайық. Биыл ҚР Тұрғын үй құрылыстары туралы Заңы өзгерді. Заңға сәйкес тұрғын үйге есеп қою, кезектілікті жүргізу және бөлу функциялары жергілікті атқарушы органдардан алынып, “Отбасы банкі” АҚ (үкіметтік банк) мәртебесіне ие болған құрылымға берілді.

Сырым аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айболат Нұрмұхановтың айтуынша, бөлімде тек үйлерді жекешелендіру құзіреті ғана қалған.

Бұрындары халық әкімдікке барып, жағдайын айтатын. Үй кезекпен ұсынылды деген күннің өзінде, Бұлдыртыдағы адамға үй Бұлдыртыдан, жымпитылықтарға Жымпитыдан берілетін. Банк тізімді тұтас аудан бойынша қарастырады, ауыл - ауылға бөлмейді. Бұл бір жағынан әділетті, себебі шалғай ауылдарда тұратын тұрғындардың ішінде ауданның басына көшіп келетіндер болуы мүмкін. Екінші жағынан, ауылдағы ағайынның қора - жайын тастап, даладан ажырап, балконнан қарап отыруы неғайбыл. Бірақ, келіссең де, келіспесең де - банк бір рет қана ұсыныс жасайды. Банк талабына сай арендалық үйлер үшін де үйдің болашақ иелерінен депозит сұралуы мүмкін. Әрі арендалық үйлер екінің біріне берілмейді. Жанұя мүшелерінің жан басына шаққандағы табысы есептеледі.

IMG_6563

“Отбасы банктің” Сырым ауданындағы консультанты Айдана Қарабасованың айтуынша, заң талаптары өзгергелі 2025 жылдың 24 мамыры мен 31 маусымына дейінгі аралықта Сырым ауданы бойынша 300 адам баспанаға мұқтаж ретінде тіркелген. Олардың ішінде “Түбі бір үй алармын” - деп тіркелгендер де, шынайы мұқтаждар, әсіресе тұрғын үйі су тасқынынан зардап шегіп, бірақ үкіметке төтенше жағдайдың зардабын тартқанын дәлелдей алмай, едені сыз, қабырғасы көктеген үйде тұратын адамдар да, бір күні жаңа пәтердің кілті қолыма тиер деп қабырғасы жарылған қараша үйде қарайлап отырғандар да бар.

IMG_6574

Бұрын кезек санатпен реттелетін. Қазір база бойынша басында баспанасы жоқ әр адам үйге үміт етуге қақылы.

 

 

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале