11.06.2025, 16:45
Оқылды: 384

Жымпитыдағы жас туристер станциясына ғимарат салынады

Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов қосымша білім беру саласының қызметкерлерімен жүздесті. 

IMG_3249

Кездесуге Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Асхат Дүйсенғалиев қатысты. Серік Әнуарұлы өзінің кабинетіне қарасты салалардың тынысымен танысу, алдағы жұмыс жоспарларын пысықтау мақсатында кешенді кездесулер өткізіп жүргені белгілі. Кеше әкімдік залында қосымша білім берудің жетістіктері мен мәселелері талқыланды.

А.Ғұбайдуллин атындағы балалар музыка мектебі - жай мектеп емес, аудандағы рухани орданың бірі. Мектепте бүгінгі таңда 12 педагог қызмет етеді, 102 оқушы музыка әлемінің құпиясын үйренуде. Мектеп директорының міндетін атқарушы Әсел Бисенғалиеваның баяндамасын тыңдап отырсақ, Жымпитыдан жас пианистер мен баян шеберлері және домбырашылар көптеп шығып келеді. «Шабыт» республикалық балаларға арналған өнер байқауына фортепиано және баян сыныптарының оқушылары қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Дубайға жолдама ұтқандары да бар. Ал, домбырамен ән шырқап, күй шарықтататын балалар аудандағы мерекелік шаралардың көркі болып жүргенін көріп жүрміз.

Бұл саладағы негізгі мәселе - педагогтардың сағат санын көбейту. Өнерін ел мойындаған мамандардың мұғалім болып сабақ беруінен де ұтарымыз көп. Серік Әнуарұлы саз мектебінің үйірмелерін Бұлдырты ауылынан да ашу туралы тапсырма берді.

Ал, Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығындағы тәлімгер саны басқалардан едәуір көп. Мекеме директорының міндетін уақытша атқарушы Гүлім Рахметованың айтуынша, шығармашылық үйі 2024-2025 оқу жылын  885 оқушымен бастаған. Орталықта сәндік-қолданбалы, көркем-эстетикалық, қоғамдық-гуманитарлық, техникалық, спорттық бағыттардағы үйірмелер бар.

Байқағанымыздай, шығармашылық орталықта да, музыка мектебінде де басыбайлы басшы жоқ. Мамандар директорлардың міндеттерін уақытша атқарып жүр. Біздіңше, саладағы еңбек өнімділігі мен нәтижелі табыс тұрақты, тағайындалған басшының болуынан басталады. Сондықтан, кадрлық мәселелерді шешу - бірінші шаруа. Жиында Сырым аудандық жас туристер станциясы басшысы Бейбіт Батыршин баяндама жасады. Станция қазіргі таңда 34 үйірме жұмыс жасайды, оған 409 оқушы барып жүр.

Балаларды гаджеттен ажыратып, табиғатпен тілдестіру қаншалықты маңызды болса, туристер мекемесінің жұмысы соншалық маңызды. Бейбіт Ахметұлы салаға қолдау көрсету туралы ұсыныстарымен бөлісті. Бірінші - мекемеде дербес ғимарат жоқ. Станцияда су туризмі, жаяу жорық, веложорық, туристік кедергілер, спорттық бағдарлау жанрлары бойынша құрал - жабдық толық болуы тиіс. Бірақ, “төртеу түгел” деп айту қиын. Бір ғана мысал, ауданда спорттық туриадаға қажет құралдың 70 пайызы жоқ. Серік Тоқмамбетов көңілден кенже қалған туризм мекемесіне қолдау болатынын, ол жабдықтарды жаңартудан басталатынын айтты.

Ең қуанышты жаңалық - биыл Жымпитыда жас туристер үшін дербес ғимараттың құрылысы басталады.

- Инвесторлармен сөйлесіп, келістік. Аудан орталығынан жас туристер станциясы үшін жаңа ғимарат салынатын болады. Қос қабатты нысан табиғатпен тілдескен, салауатты өмір салтын ұстанған туристердің өз үйіне айналады деп сенемін. Құрылыс биыл басталады! - деді аудан әкімінің орынбасары. Серік Әнуарұлы айтылған мәселелерді шешу бағытында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбылға бірқатар тапсырмалар берді. Салалармен кездесу тоқсан сайын өтетін болады.

Б. Шерім, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале