12.02.2025, 11:15
Оқылды: 364

Жымпитыға 10 шақырым жаяулар жолы салынбақ. Сырым ауданы әкімдігі 246 млн теңгені бере ме?!

 

Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиев тұрғындармен жүздесіп, округті дамытуға қатысты ой - пікірлерді бірге талқылады. 

IMG_8706

Қазіргі таңда аудан орталығы барлық күшін көктемгі су тасқынының алдын алуға жұмылдыруда. Негізгі жұмыстар жаз, күз айларында атқарылды. Әкімдік пен Сырым аудандық  төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан су іркілуі ықтимал Б. Майлин, Ә. Оспанов, Өребаев көшелері бойындағы  қар суы жолдарының, сайлардың , ауыл ішімен өтетін каналдардың арналарын кеңейту, тереңдету жұмыстары атқарылды. Мұз кептетілмесін, су жайылмасын деп Өлеңті өзеніндегі Қапақ нүктесінің иінінде өскен қамыстар шабылды. С. Сейфуллин, А. Байжанов және С. Датов көшелерінің жоласты су өткізу құбырлары жаңартылды. Амангелді көшесінде канал құрылысы жүруде.

Өлеңті өзенін жағалай ұзындығы 8,2 км болатын су қалқаны соғылды.

IMG_8686

Тек төтенше жағдайға төтеп беру емес, округтегі жоспарлы жұмыстар да жүйелі атқарылуда. Жымпиты және Өлеңті ауылдары бойынша 293 жарықшам орнатылды. Өлеңті ауылындағы “Қазақстан халқына” атты жаңа көшеге шақырымдық асфальт төселді. Әйтеке би көшесімен 486 метр жаяу жүргіншілер жолы салынды. 10 шақырым тротуар үшін жобалық - сметалық құжат жасалған. Оны қаржыландыруға 246, 7 млн теңге пұл керек. Аудан әкімдігі бұл жобаны қолдауы тиіс деп санаймыз.

Жалқаулықпен ымырасыз күрес, еңбек қылу, кәсіп жасау - ел саясатының негізі ұстанымы. Жиында Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Саламат Иманғалиев, мансап орталығының директоры Сәбит Өмірзақов халыққа кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағдарламалары туралы айтты.

Кездесуде тұрғындар арасынан Қуаныш Райымов су тасқынынан жапа шеккендерге салынған үй, көшелердің мәселесін көтерді. Айтуынша, Қарасу мөлтекауданы Қ. Сүйірбаев көшесіндегі кейбір жаңа үйлер инфрақұрылымнан тыс қалып қойған. Жол алыс, жарықшам жоқ.

Мейрам Қайырғалиев ауылдастарын тазалықты сақтауға, көшелер мәдениетін көтеруге, ұжымдық бақша егуге шақырды.

Жиынға Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов, аудан прокуроры Ершат Қамбетов, Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева, аудан әкімі аппаратының басшысы Ерболат Ахметов және бірқатар сала мамандары қатысты.

 

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале