19.10.2021, 10:32
Оқылды: 49

Жымпитыға керек-ау жаңа мектеп!

Жымпитыдағы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп – аудандағы ең үлкен мектеп қана емес. Былайғы жұрт үшін бұл білім ордасын ақынынан қалған алып жәдігер деп есептейді. Себебі мектепке Қадырдың аты ақынның көзі тірісінде берілген. Ол тарихи оқиғаға Қадекеңнің өзі куә болған. Бір жағынан Жымпитыға келген зиялы қауым өкілдері, әдебиетке құмар меймандар Қадырдың мектебіне бір кірмей кетуді ар санайды.

 WhatsApp Image 2021-10-19 at 10.30.46

                   Ескі ғимарат оқушыларды мүмкіндіктен қағуда

Кейінгі жылдары бұл мектептен Қадыр сыныбы ашылды. Белгілі фотосуретші, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Рафхат Халеловтың ақынның өміріндегі сәулелі сәттерін жинақтаған фотокөрмесі де, шағын музей де мектептің ішіне орналастырылды.

Бірақ мектептің ең әуелі білім беру орыны екенін ұмытпаған абзал. Тарихы терең, аты дардай Қ.Мырзалиев мектебі оқушылар үшін жайлы ма? Оқу үдерісіндегі технологиялық жаңалықтарды қабылдайтын мүмкіндігі бар ма? Мектеп заман ағымына ілесіп келеді ме? Әлде әлі күнге Қадырдың «көзін көрген» едендермен, есік – терезелермен «жартылай музей» болып тұр ма? Міне, бізді осы мәселе ойлантуы тиіс.

Қ.Мырзалиев атындағы жалпы білім беретін орта мектептің директоры Мақат Ораловтың айтуынша, мектеп 1972 жылы 960 оқушыға арнап салынған. Бүгінгі таңда мектеп толық қуатынан артық жұмыс жасап жатыр. 2021 – 2022 оқу жылы бойынша 103 педагог еңбек етіп, 992 оқушы білім алуда.

Пандемияға байланысты қазіргі кезде бір партаға бір оқушы отырады. Пандемия біткен күннің өзінде, осы тәртіп дағдыға айналуы мүмкін. Дамыған елдерде солай. Қазір Қазақстан мектептері білім саласындағы халықаралық тәжірибелерді кеңінен қолдануға кірісті. Ал жаңа заманның талаптары кеңестік білім стандарттарымен мүлде сәйкеспейді. Осыларды саралап - ақ, «1972-інші жылғы мектептің» 992 оқушы үшін өте тар екенін түсінуге болады.

Ақын атындағы білім ордасында 30 сынып бөлмесі және 50 сынып комплектісі бар бар.

-Мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Жөндеу аз, мектепті жаңадан жабдықтаса артық етпейді.

Оқу бөлмелері заманауи талаптарға жауап беруі тиіс. Мәселен, шет тілін оқытуға арналған кабинеттерде оқытушылар үшін басқару пульті мен проекциялық аппараттар үшін арнайы үстелдер, көрнекі құралдар және лингафондық құрылымдарды сақтауға арналған секциялық шкафтар болуы керек.

Химия және физика сыныптарына су, электр желілеріне қосылған көрсетілімдік парталар қажет. Химия пәніне арналған бөлменің зертханасындағы шкафтар қабырғаға өте жақын тұр. Талап бойынша, оқытушы үстелінің жанына ауа соратын желдеткіш тұруы тиіс.

Жасыратыны жоқ, ескі ғимаратымыз педагогтар мен оқушыларды көп мүмкіндіктен айырып отыр. Бастауыш сынып оқушыларына арнайы спорт залы болса, мектептің асханасы мен кітапханасы жаңа заманғы үлгіге келтірілсе дейміз. Терезе мен сырғымалы перделерді ауыстыруды айтпағанда... – дейді мектеп директоры Мақат Шәріпұлы.

 Мәселенің шешімі – жаңа мектеп

Хош, кабинеттер жабдықталсын, кітапхана мен асхана жаңартылсын. Тіпті, мектеп күрделі жөндеуден өтсін. Жарқыратқаннан, жайнатқаннан ғимараттың көлемі кеңейіп кетпейді, демек мектеп бәрібір тарлық ете беретін болады. Ал Қадыр мектебінің ауласына қосымша корпус салына қоюы неғайбыл. Осы тұста қазақтың «Ескіні жамағанның есі кетеді» - деген есті сөзі де еске оралады.

Не істемек керек? Біздіңше, Сырым ауданының орталығы Жымпитыға су жаңа мектеп салу керек. Ол құр мектеп емес, ауласынан бастап сынып бөлмелеріне дейін оқу үдерісіндегі соңғы жаңалықтарға сай жабдықталған кешен болуы тиіс.

Ауданда, ғылымтанушы шәкірттердің дамып-жетілуіне жасалған мүмкіндік өте аз. Жоқ десек болады. Міне, жаңа мектепте нақты ғылыммен айналысатын оқушылар үшін қуықтай зертханалар емес, тұтас аудиториялар, шеберханалар жұмыс жасаса. Балалар аппараттарды, зерттеу нысандарын суреттен емес, қолымен ұстап көрсе... Бұл білім ордасы сәулеті жағынан озық, мүмкіндігі жағынан университеттерден де артық, былай айтқанда, Назарбаев зияткерлік мектебінің аудандағы көшірмесі,тіпті бөлек «ғаламшар» болуы керек.

Әрине, рухани тәрбиені де ұмытуға болмайды.

WhatsApp Image 2021-10-19 at 10.31.05

Қадыр орталығы Жымпитыға да керек

Жаңа сөз басында бұл мектеп Қадыр ақынның атында, сонысымен елеулі, сонысымен танымал дедік. Көршілес Ақжайық ауданы Жұбанға орталық салып алғанда, Сырым ауданына Қадырдың костюмін мектебіне іліп, қағаздарын музейдің бір бұрышына жинап қойып отыру беруге әсте болмайды. Қаладағыдай Қадыр орталығы Жымпитыға да керек.

Ауданның басында мәдениет үйінің сахнасынан басқа мәдени шаралар өткізуге келіңкірейтін сахна жоқ. Жарқ-жұрқ еткен жарықтың, LED-экранның заманында мектептің акт залдарындағы сахналар жапқышпен тұр. Сондықтан, болашақ мектептің акт залы акт зал емес, тұтас мәдениет үйі болуы тиіс. Ол мектептің ауласында, бірақ дербес ғимарат болғаны абзал. Оқушылардың сарайының ішінде концерт залы, мәжіліс залы, алып фойе, бастысы Қадыр мұраларын жинақтаған мұражай болуы тиіс. Міне, сізге Қадыр орталығы.

Сол кезде, оқушылар мәдениет үйі тек мектептің емес, ірі шараларды ұялмай өткізетін рухани орталыққа айналар еді.

Мектеп колледжге айналса...

Жымпитыға жаңа білім ордасы салынды делік. Сонда ескі мектеп ғимаратының жағдайы не болмақ? Оған кім ие болады?

Әрине, ешкім бізден ақыл сұрап жатқан жоқ. Дегенмен, ұсынысымызды айтайық. Біз, ескі мектептің иесін өзімізше шамалап қойдық.

Сырым ауданындағы колледжде 28 педагог еңбек етіп, 148 студент білім алады. Білім алушылар саны жыл сайын өсуде. Ал бұрынғы баспахана болған қос қабатты ғимарат қысылған қос өкпедей, тарлығын сездіруде. Колледж директоры Санат Берсебаев оқу корпусын айтпағанда, студенттерге жаңа жатақхана мен спорт кешенін салу мәселесін талмай көтеріп келеді. Тіпті, демеушілер арқылы кешенге жобалық-сметалық құжаттар да жасатқан. Оның мерзімі өтіп кетті.

-Жатақхана мен спорт кешеніне зәрулік әлі де бар. Қазіргі жатақ 30 орындық қана. Құлайын деп тұр. Оның сыртында жыл сайын 20-25 студенттен жатақханаға сұраныс түседі. Колледжге арнайы аудиториялар мен зертханалар керек-ақ. Бірақ оқу корпусы тар.

Ауданда мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Ветеринар мамандар сұранысқа ие. Сондықтан, колледжден «Ветеринария» мамандығын ашқымыз келеді-ау. Корпустың тарлығы, зертханаларға орынның тапшылығы тағы қолбайлау. – деп қынжылады директор Санат Дәленұлы.

Ал қазір Қ.Мырзалиев мектебі орналасқан үш қабатты ғимаратты Сырым колледжіне берсе қалай болатын еді? Біздіңше, өте керемет болатын еді. Біріншіден, колледждің сәулетті, зәулім ғимаратта, көрнекі жерде орналасуы оның имиджіне тікелей әсер етеді. Жарқыраған колледжде оқу әркімнің – ақ арманына айналады. Бірінші және екінші қабат 28 педагог пен 148 студентке артығымен жетеді. Ал, үшінші қабатты жатақхана есебінде пайдалануға болады. Студенттерге спорт кешені де керек болмай қалады. Мектептің спорт залы – дайын кешен емес пе?

Түйін

Аудан атқамінерлерінің білім саласына қатысты қандай жоба-жоспары бар екенін білмейміз. Бірақ біздің ұсыныс жайында ойланып көруге болатын секілді. Ал оқырманның не ойы бар екен бұл туралы?

 Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале