Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жұмыс сапарымен Сырым ауданында болды. Министрмен бірге Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов келді.
Министр ханым Жымпитыдағы орталық аурухананың жұмысымен танысты. Ол күндізгі стационарды, емхананы және хирургия бөлімін аралап, әріптестерімен ғана емес, пациенттер мен пікірлесуге уақыт тапты.
Аудандағы медициналық қызмет туралы бас дәрігер, хирург Сабыр Меңдешов баяндады.
Сырым ауданында 1 орталық аурухана, 6 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік - акушерлік пункт, 16 медициналық пункт жұмыс жасайды.
Олардың қызметін аудандағы 17284 адам тұтынады. Сырым ауданы халықаралық Самара-Шымкент автомагистралінің бойында жатқандықтан, біздің мамандар мен нысандар қызметіне жолаушылар да жиі жүгінетінін де астын сызып айта кетейік. Бүгінгі таңда орталық аурухана тозып тұр. Лифт жоқ. Халық науқастарды жоғары қабаттарға зембілмен тасуға мәжбүр. Сабыр Ғабделхалықұлы министрге жөндеу үшін жобалық сметалық құжаттар даяр екенін айтып, жобаға қолдау білдіруді сұрады.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, халықтың өмір сүру сапасын арттыру - медицина қызметкерлерінің негізгі міндеті. - Батыс Қазақстанда елді мекен көп, халық саны аз. 450 елді мекенде 700 000 халық. Медқызметтің сапасына бұл да әсер етеді. Халық шоғыры көп болған сайын, саулық шараларымен қамту да жеңілірек.
Халыққа медициналық мекемеге келіп, кеңес пен ем-шараға дейінгі қызметтерді кедергісіз алу керек. Тегін дәрі-дәрмек науқастардың қолына уақтылы тиюі тиіс.
Дәріхана сөрелеріндегі отандық дәрі дәрмектің үлесін көбейтуді үкімет баса күш салып отыр. Иә, қазақстандық фармацевтикаға сапа керек. Жуырда отандық дәрі өндірушілермен кездесіп, осы мәселені көтердім, - деді министр.
Еліміздің бас дәрігері халық арасында жиі сынға алынатын медсақтандыру мәселесіне де арнайы тоқталды.
- Ол біздің қолымыздағы шаруа, әріптестер. Егер медициналық қызметтің сапасын арттырсақ, ешкімді үгіттеп, насихаттамас едік. медсақтандыруды халық өзі ерікті түрде тұтынар еді, - деді ол.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Сырым ауданындағы саулық ісіне оң баға берді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы