Кеше сағат 12:16-да Сырым ауданының орталығы Жымпитыға тікұшақ қонды. Қызметтік әуе көлігінен ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Шыңғыс Арынов түсті.
Министрдің негізгі мақсаты – аудандағы су тасқынының алдын алу жұмыстарымен танысу.
Дайындық барысы жайлы Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов баяндады.
Биыл төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын атқару үшін аудандық бюджеттен 19,8 млн теңге қаржы бөлінді. Оның 7 миллионы ауылішілік қар шығару жұмыстары үшін жұмсалмақ. Бұл қаражат 9340 м3 аумақтың қарын тазалауға жетеді. Қазіргі уақытта Жымпиты ауылынан 5860 м3 қар шығарылды.
Көше суын сору жұмыстарына 800 мың теңге қаржы қарастырылған.
Естеріңізде болса, былтыр 13 наурыз күні Өлеңті өзені тасып, қарғын су жағасындағы 8 үйді шайып шыққан. Билік пен “AMANAT” партиясы тұрғын үйлерге тиген залалдың салдарын жою бойынша тиянақты көмек көрсетті.
Өзендегі су деңгейінің көтерілуін реттеу және суды көл табандарына су шығару мақсатында Өлеңті көлдетіп суару жүйесінің бірқатар шүмегі мен қақпасы қалпына келтірілген еді. Себебі, су тасыса – жау, пайдаланса – игілік. Министр тікұшақпен өзенді бойлай ұшып, мұз кептетілуі мүмкін нүктелерді қарады.
Өлеңті өзенінде мұз кептелісі орын алуы мүмкін 600 шаршы метр аумаққа мұз жару жұмыстарын жүргізу үшін Сырым ауданы тарапынан БҚО төтенше жағдайлар департаментіне сұраныс хат жолданған.
Шыңғыс Арынов Сырым ауданындағы сапары кезінде аудандағы төтенше жағдайлар бөлімі мен №14 өрт сөндіру бөлімшесіне кіріп, нысан мен техникалардың жай-күйімен танысты.
№14 өрт сөндіру бекетінің ғимараты 1971 жылы салынған.
19 қызметкер мен 2 ауыр техника, 1 минивен тұратын бекет үшін ғимарат тар. Оны министр де байқады. Бекетте тілсіз жаумен күресетін жауынгерлер үшін жуынатын бөлме де жоқ.
Арынов мырза техникалық базаны әуеде қалықтаушы және суға сүңгуші дронмен толықтыруды, өрт сөндіру машинасын толық жетекті көлікке алмастыруды тапсырды.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz