«Әннің де естісі бар, есері бар» демекші, бүгінгі таңда сөзі мазмұнды, әуені құлаққа жағымды әндер сиреп кеткендей. Өткен 1960-1970 жылдары соқпалы аспапта, соло-гитарада, бас-гитарада ойнайтын «Битлз» рок тобы көптің есінде. Сырымдықтадың да өздерінің «Битлзы» болды десек, артық айтқандық емес. 1973 жылы құрылған «Аққайың» вокалды-аспаптар ансамблінің жарты ғасырға жуық тарихы бар.
Құрылған жылдары Әл-Фараби атындағы Шымкент мәдени-ағарту институтының түлегі Әлеует Мәмбетов жетекшілік етсе, бас гитарада Еркін Ғабделов, ритм гитарада Валерий Милюков, Дауылпазда Бауыржан Рысжанов, юникада Шапағат есімді кәсіби музыканттар көрерменнің жүрегінен ойып тұрып орын алып, өңіріміздің аудандары мен елді мекендерін аралап, концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Ал 1980 жылы екінші құрам ансамбль жұмысын жалғастырып, Батыр Меңдіғалиев бас гитарада, Серік Кажимов ритм гитарада, Салтанат Жұбаниязова клавишада, Талғат Шайхиев дауылпазда ойнаса, жеке солистер құрамында К.Нұрманова, Г.Наурызғалиева, М.Сидарова, А.Темірғазиева, Ж.Ғатауова, Б.Нұрғалиева, Т.Есмұханов, Г.Берікқалиева, Б.Кенжеғұлов, марқұм А.Ғұбайдуллин, Г.Үсеновалар болды.
Ансамбль репертуарында 40-тан астам қазақтың халық әндерінен бөлек, Қазақстан, Ресей композиторларының шығармалары, өзге елдердің әндері орындалып жүрді. Тіптен, ауылшаруашылық науқандары кезінде үгіт бригада құрамында концерттік бағдарламаларын паш етіп жүрді.
Өнерпаздар тек аудан, ауыл, елді мекендермен шектеліп қалмай, 1986 жылдары Көкшетау қаласындағы поляк халқының әндерін орындаушылардың Бүкілодақтық фестивалінде жүлде еншілесе, Балқаш көлінде 1 ай бойы балықшылар ауылында концерт қойған еді. Репертуарларындағы «Той жыры», «Құдаша», «Қайдасың?», «Махаббат мұңы», «Ахау бикем», «16 қыз» секілді бірқатар ән құлақ құрышын қандырып, аудандағы бір де бір шара да, би кештері де «Ақ қайыңсыз» өтпейтін.
Кейіннен топтың үшінші тынысы ашылғандай болды. 2019 жылы облыс орталығында «Қаһарман ардагерлер» шығармашылық байқауында «Вокалдық топтар» жанры бойынша ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
2020 жылы желтоқсан айынан бастап Талғат Шайхиев зейнеткерлікке шығып, қазіргі таңда келісім шартпен «Ақ қайың» вокалды-аспаптар ансамблі жұмысын жандандырып келеді.
Былтыр ұжым құрамы өзгеріп, қайта толығып, қазіргі құрамында – 5 адам болды. Талғат Хамитұлы жетекшілк ететін жаңа құрамда Салтанат Жұбаниязова, Армат пен Алмаз Жұмагелдиевтер, Ринат Шайхиев өнер көрсетеді. Алдыңғы аға буынға қарап бой түзейтін өнерді жан-тәнімен сүйетін, музыкаға ғашық жас буын үшін Т.Шайхиев пен С.Жұбаниязованың тәлімі зор десек болады. Олар бүгінде ескірген қазақ композиторларының әндерімен қоса, алыс-жақын шетел әндеріне де жаңа серпіліс жасап жүр. Ең алғашқы құрам мүшелері секілді есімдері тарихта қалу үшін Орынбор, Башкирия қалаларында, киелі Қаратөбе, Ақжайық, Теректі, Бәйтерек аудандарының жұртшылығын да есті әндерімен сусындатып, алғысқа бөленіп үлгерген. Біз жоғарыда аталған ансамбль мүшелерін бөліп-жармай, жалпылама «Ақ қайыңның» өткені мен бүгінін сөз етсек, ескірмейтін естеліктер мұрағатында, кезіндегі «Қайнар», «Қызыл Ту» газеттерінде Жәмилә Ғатауованың мектеп жасынан бергі өнерге құштарлығын, «Шайхиевтер» ансамблінің әкеден балаға ұласқан талантын, «Ақ қайыңдықтардың» кешегі жарқ еткен жұлдызды сәттері, бүгінгі ұрпаққа қалдырған мол мұрасы әр жылдары газет беттерінде жарық көріп отырған. «Бремен музыканттары» мультфильмін көрмеген бала кемде-кем шығар. Сол аты аңызға айналған туындының кейіпкерлеріне арналған әйгілі ескерткіш Германияның Бремен қаласында орнатылған. Біздің ауданымыздан шыққан «Ақ қайыңның» өнеріне құрметіміз ескерткішпен өлшенбесі мәлім. Әйтсе де, ұлы музыканы, сүйікті топтарды жаңа заманға енгізу жас ұрпақтың қолында екенін ұмытпайық.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz