Жылдың басынан бері Сырым ауданының орталығы Жымпитыда жәрмеңке 16 рет ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің берген мәліметінше, жәрмеңкелерде 25, 4 тонна өнім сатылып, халық 10 205 750 теңгеге сауда жасаған.
Жәрмеңкелерді өткізудегі басты мақсат не? Ол туралы Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев «Сырым елі» қоғамдық – саяси газетіне берген сұхбатында былай дейді:
-Халықпен кездесулерде ет бағасының арзандап кеткенін, қымбатырақ бағаға өткізетін жердің жоқ екенін айтып, мәселе көтеріп жатады. Мен бұл жерде мәселе көріп тұрған жоқпын. Жымпитыда өтетін бір жәрмеңкеде бас – сирағы, ішек – қарынымен бірге 4 малдың еті санаулы сағатта сатылып кетеді. 2019 жылғы жәрмеңке науқаны басталғалы 4 тонна 355 келі ет сатылыпты. Қаймақ – май, ірімшік пен құрт та сондай өтімді тауарлардың қатарына жатады. Қазір ауыл адамдары көбі қорасында мал ұстайды. Малдың сүтін, қаймағын бір аптадай жинап, жәрмеңкеге әкеліп сатса – ол жанұя әжептеуір пайда табады. Жәрмеңкені ұйымдастырудағы басты мақсат - әрбір тұрғынның өз ауласындағы өнімін өткізуге мүмкіндік беру, сол арқылы тұрғындардан кәсіпкер жасау. Жұмыссыздықты кәсіппен ғана жеңуге болады, - дейді аудан әкімі.
Бүгінгі күні ауданда 20 адам «Игілік» бағдарламасымен 57, 5 млн теңге несие алып, 164 ірі қара, 10 жылқы сатып алды. Ол жанұялар да жаңағыдай жолмен шаруашылықтарын табысты бизнеске айналдыруды ойлап отыр.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы