5.10.2022, 10:00
Оқылды: 35

Жымпитының «Пошташы Печкині»

Өз ісіне адал Салауат Аманов бір күнде бірнеше жүздеген үйді аралап, хат-хабар таратады. Бүгінгі күн әлеуметтік желінің заманы десек те, Жымпитыда газет-журнал күтушілер, хат алмасушылар әлі де көп. Үйлеріне аптасына екі рет келіп-кететін Салауат Уахитұлы  ауылдастарына туғандай боп кеткен. Пошташылықты атқарып жүргеніне небәрі бір жылға жауықтаса да, көптің ықыласына бөленген Салауат ағаның қызметіне басшылығы да дән риза.

1664881640749

Салауат Аманов Сырым аудандық пошта байланыс торабы бөліміне жұмысқа кірмей тұрып, пошташы жарының  тасуға тиіс газеттерін таратып  көмектесіп жүрген.  Хат, мерзімді басылымдарды тез, тиянақты үлестіретін Салауат Уахитұлы көп ұзамай «Қазпошта» АҚ-ға жарты бірлікпен қосымша жұмысқа орналасады. Сәрсенбі, сенбі күндері ауылды аралап, газет таратады. С.Сейфуллин, Ә.Молдағұлова, Б.Қаратаев, С.Датов, Н.Қолғанатов, Б.Момышұлы, С.Жонысов, Асадуллин, О.Исаев, Қ.Сүйірбаев  көшелері мен аудан орталығындағы 25 мекемеге хат-хабар, газет-журналдар жеткізу өзінің мойнында. Еріншектікке жаны қас кейіпкеріміздің негізгі жұмысы – Сырым аудандық статистика бөлімінде күзетшілік. Кезекшілік күнінен соң, газет тасиды, оны бітірген соң, қырға шығып, мал дәрігерлік көмек көрсетеді. Күніге тыным көрмейді. Велосипед тебу, таза ауада жүруді денсаулыққа пайдалы деп санайды.

– Бұйыртса, зейнет жасына дейін пошташылық қызметімді жалғастырсам деймін. Биыл балаларыма пошта тасуға мерейлі 60 жасыма шағын көлік алып беріңдер дедім. Газетті мәшинемен таситын боламын. Қазір үйлердің қақпалары профлистен жасалған, пошта жәшіктері жоқ, газет қыстыруға да келмейді. Тұрғындар  пошта жәшігін орнатса екен,- дейді Жымпитының пошташы Печкині.

–  Бізде пошта тасушының бос тұрған бірнеше вакансиялары бар. Салауат Уахитұлы бізге жұмысқа келген соң, пошташының тапшылығы сезілмейді. Бір өзі бірнеше учаскенің газетін жеткізеді. Өлеңтіге дейін тасиды. Ешқандай ренжуді де білмейді, досы көп, халықпен тіл табысқыш. Бір үйде тегі әртүрлі біреше адам тұрса да, шатаспай, иесіне басылымды дер кезінде апарады. Жасы желтоқсанда алпысқа келеді. Сонда да толып тұрған газетті көрсе, таратып бітірмей, тынбайды,-дейді Сырым аудандық пошта байланыс торабының басшысы Айнагүл Джумиева.

Пошташылардың еңбекақыларының аздығы – мемлекеттік деңгейдегі мәселе. Күніге тапжылмай үй-үйді аралайтын олардың қызметі жоғарғы жалақыға лайық. Соған қарамастан еңбек етіп жүрген Салауат Аманов газет-журналды уақтылы жеткізу үшін аянбайды, талмайды.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале