1.06.2022, 10:00
Оқылды: 38

"Жымпитының топырағынан азаттықтың рухы тарайды"

Кеше Сырым ауданына белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімов пен жазушы, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Қуандық Түменбай келді. Сапарды ұйымдастырушы - ҚР Жазушылар Одағының БҚО филиалы.

1

Қазақ әдебиетіне "ғарыштан" құлаған жұлдыз, Ә.Кекілбаев, Ф.Оңғарсынова, М.Мағауин сияқты классиктертен "Ерекше мәнерлі, өзгеше сипатты құбылыс" деген баға алған Тыныштықбек ақынның Жымпитыға сапарының жөні бөлек. Өйткені ол Алашорда үкіметінің Күнбатыс бөлімшесі орнаған қазық жұртқа – Алаш қаласы Семейдің сәлемін арқалап шыққан екен.

3

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, ҚР Жазушылар Одағының БҚО филиалының төрағасы, ақын Бауыржан Халиолла бастаған меймандарды сырымдықтар Датұлы кесенесінің тұсынан қарсылады. Қос қаламгермен бірге батырдың еліне Тыныштықбек ақынның зайыбы – М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Шағангүл Жанаева, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Асантемір Қаршыға, педагогика ғылымдарының докторы, Орал қалалық мәслихатының депутаты Светлана Бахишева келген екен. Олар дәм мен әннен татты әуелі. Тоғанастың қырында "Көп болды Ақжайыққа бармағалы..."- деп салған Армат салдың әні қалқыды.

Қаламгерлерді Жымпитыдағы Қадыр алаңында оқырмандар тосып тұрды. Ақын ескерткішінің алдында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев сөз сөйледі.

4

Кейін қадірлі қонақтар Алаш саябағындағы 31 мамыр - қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасына қатысып, әрі қарай С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейін, Алаш мұражайын аралады. Ж.Досмұхамедов атындағы мектептің ауласына келгенде боздақ мүсінінің жанындағы "Жасасын, Алаш! Жасасын!"- деп ұрандап, "Алаштың ұлы – Жаһанша!" - деп жұлқынған бозбалаларды көрген олар ерекше тебіренді. Болашақтың бақшасында азатшыл рухпен тыныстап, Алаш идеясымен суарылған жас өскіндердің бар екенін анық түсінді.

- Алаш саябағындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштің алдындағы театрландырылған қойылымға әсерлендік. Азаматынан айырылып, аңыраған жар. Жетегінде қос сәбиі. Балалар жалаңаяқ. Қудалау – оғландарды қырды, оттарды өшірді. Азаттыққа деген арман- аңсардың шоғы кеуделерде қалды. Шоқ қызды, лапылдап жанды. Біз бүгін соған жылынып келеміз. Көріністен кейін көзден жас ыршыды,- деді Тыныштықбек Әбдікәкімов.

- Жымпитының топырағынан өн бойыма Азаттық рухы тарады"- деп толықтырды ерінің сөзін "Қара өлеңнің келіні" Шағангүл ханым.

2

Сапар Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп музейінде қорытындыланды.

Бауыржан Ширмединұлы,

Суреттерді түсірген: Айман Өтеғалиева

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале