29.04.2025, 18:00
Оқылды: 544

Жыр аманатын арқалап жетсе ақындар

«Ақжайыққа келсең, ақынмын деме» дейді Батыс өңірінде. Ал сол туған мекеннен түлеп ұшқан мұзбалақтар шыңдалып, елге оралып, жұртшылықпен жүздессе, сондай асқан мерей бар ма?! Бүгін Ақжайығымыздың арынды ақыны Асан Темір Қаршығаұлы аудан орталығына қасына белгілі ақын Бауыржан Қарағызұлын ерте келіп, Жұбан ақынның рухына тағзым етті.IMG_1191

Алдымен қос ақын жуырда модернизациядан өткен Сағынғали Сейітов атындағы аудан кітапханаға ат басын бұрып, заманауи өзгерген рухани орданы аралап шықты. Осында жайылған кең қанатты «Жұбан елі – жыр әлемі» атты кітап көрмесінен Ақжайықтың мақтан етер қаламгерлерінің туындыларымен танысты.

IMG_1256

Ақындардың елге сапарының басты мақсаты – биыл 105 жылдығы ауқымды аталып өтетін Жұбан Молдағалиевтің шығармашылығын дәріптеу, оның рухымен сырласу. Мақсаттары орындалды да, екеуі ақынның ескерткішіне гүл шоғын қойды.

Артынша Жұбан орталығында «Жыр көшінде қос ақын» тақырыбында әдебиетсүйер қауыммен емен-жарқын жүздесу өтті. Аталмыш шараның тізгінін қолына алған облыс ақыны Мейірман Шәкенов меймандарды таныстырып, Жұбан мен жасын жыр тақырыбында ой-толғанысын бөлісті. Ақын шығармашылығындағы эпикалық жанрдың ерекшеліктеріне тоқталды.

Жырды жастанып оқитын оқырманға мәлім дерек: Жұбан Молдағалиевтің «Қыран дала» мен «Сел» поэмалары – КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленген дара туындылар. Осы екі жырдан үзіндіні Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің оқытушысы Сәтжан Елешев пен осы колледждің студенті Шерхан Ғұбайдоллин оқып берді.

Әдебиетіміздегі ірі құбылыс  Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығы ақынның кіндік қаны тамған жерден ауқымды шаралармен шеру тартып, атырап-аймағымызда жалғасуда. Осы жүздесуде сөз алған А.Қаршығаұлы мен Б.Қарағызұлы барлық мерейтойлары кезіндегідей, бұл зерделі шаралардың да Жұбан елінің жақсы атын шығаратынына сенім білдірді.

IMG_1220

– Жұбан бүкіл қазаққа ортақ болғанымен, оның әруағы алдында, әрине, жерлестерінің парызы, міндеті салмақтырақ. Тұрғындар, жастар поэзиямыздың аса көрнекті тұлғасының ақындық алымдылығы мен азаматтық келбетіне жан-жақты қаныға түскені абзал, – десе А.Қаршығаұлы, Б.Қарағызұлы  текті перзентін ұлықтаған жұртшылыққа ризашылығын білдірді, ақынға мәңгі құрметке тәнті екенін жеткізді.

IMG_1263

Осыдан соң кезек қос ақынның шығармашылығына да келіп, Асан Темірдің «Менің бабам» өлеңін Арман Шыңғалиев, Бауыржанның «Сұрақ» өлеңін Тұрсынай Сейтжанова оқып берді. Ақжайық ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Ақын-жыршылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев қос ақынның шығармашылығына жоғары баға беріп, әдебиет әлеміндегі орнын атап өтті.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Райгүл Серікқалиқызы  меймандарға құрмет көрсетіп, иықтарына шапан жапты.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале