31.01.2024, 19:00
Оқылды: 78

«Жыр ордасы – Жымпиты!»

Биыл Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі, «Демалыс орталығы» МКҚК жанындағы Ж.Ерман айтыс мектебінің жұмысын бастағанына 5 жыл толады. 2019 жылы белгілі ақын Бауыржан Халиолланың 40 жас мерейтойы қарсаңында Жымпитыда ашылған мектептің тұсаужібін аты аңызға айналған Асанәлі Әшімов пен айтыстың атасы, қайраткер ақын Жүрсін Ерман кескен еді.

423862110_932710618854482_4670431941673314620_n

Айтыс мектебі – сөз сиқырына құмар шәкірттердің шынығатын, айтысқа желігі бар жандардың бас қосып, пікірлесетін орынына айналды. Мектептің ұйымдастыруымен аудандық, облыстық және республикалық деңгейде бірқатар айтыстар өтті. Домбыра ұстап топқа кірген түлектер де аз емес. Кеше Жымпитыда өткен «Жыр ордасы – Жымпиты» атты ақындар айтысы осы құтхананың 5 жылдығына құрметіне арналды.

423779080_932710778854466_2958262329045365921_n

Айтыс – ойдың майданы, сөздің жекпе – жегі. Сондықтан, кешегі айтысты жекпе – жек сипатында өткізді. Сахнада Ж. Ерман мектебінің ақындары мен облыс айтыскерлері кездесті.

Бірінші айтыс сырымдық Қоңдыкер Елеуов пен теректілік Әділ Ахметовтың арасында өтті. Дәстүр бойынша елдің иесі Қоңдыкер сөз бастады:

- Шашбауын көтерем деп бұл елімнің,

Бисмиллях білегімді түре білдім.

Жүрсіннің мектебіне 5 жыл толды,

Арқаңда мына сенің тілеуіңнің.

Қиқу салып, делебемді қоздырсаңдар,

Кісінейтін кезі келді күреңіңнің.

Мен сенің алғаш ұшқан түлегіңмін,

Мен сенің алғаш соққан жүрегіңмін! – деген сөзінде жан бар. Қоңдыкер – Ж. Ерман айтыс мектебінің алғашқы шәкірттерінің бірі.

Жас ақын Жымпиты тарихындағы айтулы оқиға – «Асыл домбыраның» ауылға келуін де өлеңге қосты:

- Сілкіндіріп алайын халықты енді,

Әйтпесе Қоңдыкерің нағып келді.

Ағайын, қуанышың құтты болсын,

«Асыл домбыра» ауылын тауып келді.

Бауыржан, Мұрадым мен Жансая апам,

Жыл бойы намысыңа шауып берді.

Елдің қуанышы ғой бұл дегенің,

Батысымның байрағын қағып келді.

Асылдың сынықтары алдарыңа,

«Асыл домбыраны» алып келді. – дегенде ел қиқулап қол соқты. Себебі, «Асыл домбыра» - ақындармен бірге оларды туған елге де ортақ сияпат қой.

Екі құрдас қағысып та біраз жерге барды. Әділ Ахметов – ақын ғана емес, көкірегі күйсандықтай саз төккен әнші. Сазбен сиқырланған сөзді тыңдаушы құлағы қанбай тыңдайды. Ақындық бірге, әншілік, тәжірибе және ең бастысы – тактика – міне, осылар Әділді қарсыласын биіктетіп тұрды.

Келесі болып сахнаға Сырым ауданында туған тағы бір тамаша талант Абзал Кәримолла көтерілді:

- Жан едім жыр айтудан ерінбейтін,

Мұндайда өлең бар ма төгілмейтін.

Есімін ер Сырымның ұран етіп,

Ерлер бар елім дейтін, жерім дейтін.

Доспын деп келген жанға құшақ ашып,

Жау болып келген жаннан шегінбейтін.

Ақындық пен батырлық қаныңда тұр,

Елміз біздер іргесі сөгілмейтін.

Атыңнан айналайын туған жерім,

Бірлігі балталаса бөлінбейтін! – деп туған жері туралы толғанған Абзал әрі қарай айтысқа кірісті.

Абзалдың қарсыласы - жаңақалалық Орынбек Меңдіқұл еді. Орынбек – үлкен сахналарды көрген, республикалық айтыстарда бойы көрсеткен азулы айтыскер. «Айтпаса сөздің атасы өледі» - дегенді ақ кеуде тұмардай таққан ақын сөз арасында Сырым өңіріндегі жетістіктерді де, түйткілді мәселелерді де айтты:

- Мен енді елдің жайын ән етемін,

Ақындар екі ортада дәнекерің!

Жымпиты – Ақсай трассасы салынуда,

Жырға қосып бұл жайтты ал өтемін.

Жұрт қуанды жолымыз жөнделмек,

Трактормен қырғанға сәл етегін.

Бірақ жұмыс ұзамай тоқтап қалды,

Білмедік не секрет бар екенін!?

Жығылмай шындық деген соқпақта шын,

Ақындар аттың басын көп тартпасын.

Сол трасса жөнделсе жолай жатқан,

Талдыбұлақ, Тасқұдық, Аралтөбе,

Бақыттың ашар еді ақ қақпасын.

Шенділерге айтатын аманатым,

Жұртымның жүрер жолын жоқтатпасын,

Алға қарай талпынған үш ауылды,

Тоқтап тұрған трасса тоқтатпасын!

- дегені шындық сөз емес пе? Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласы мен Жымпитыны қосатын жолдың табаны тозғалы қай заман?! Қыстай қар кептеледі, көктем мен күзде балшық арылмайды. Талай төрт тұяғын тең басқан тайпалғырлар – төрт дөңгелегі қатар айналатын жол талғамайтын көліктерді айтамыз, жолда қалған сәттер болған. Орынбек айтқан шаруа оңалса, жол бойындағы шаруа жұрттың жүгі жеңілдер еді – ау!

423584146_932710718854472_2829157580361732163_n

Кешегі айтыста балғын ақындар да сахнаның алғашқы баспалдағын аттады. Ж. Досмұхамедов атындағы мектеп – балабақша – бөбекжай кешенінің 5 сынып оқушылары Нұрмұхамед Мақсот пен Айгерім Ажғалиева қыз бен жігіт айтысының тамаша үлгісін көрсетіп, халықты тамашаға бөледі. Айгерімнің «сары балапан» деген сөзіне шамданбай, «сары балапан ертең – ақ қыранға айналады» деген Нұрмұхамедтің бойынан ақындық мінез байқалады. Ал, Айгерімнің де сахнаның сәніне айналарына сендік.

Ел күткен жекпе – жек – сырымдық Ақылбек Бекболатов пен Тайпақтан келген Мейірман Шәкеновтың айтысы. Ақылбек – аудандық айтыстарда бой көрсеткені болмаса, әлі болып – тола қоймаған ақын. Бірақ, өлеңдерінде шымырлық та, шынайылық та бар. Әрі актерлігі оған сахнада қанат бітіреді. Мейірман болса – Жүрсіннің алдын көрген жүлделі жүйрік. Адуынды, арқалы ақын. Қысқасы, екеуі де осал емес. Майысқан Мейірманді, абдыраған Ақылбекті байқамадық.

- Бұл саған Тайпақ емес, еркінсіме! – деп әзілдеген құрдасына Мейірман:

- Сырым еліне бөтен емеспін. Анам – Жосалыдан. Бұл елге жиенмін! – деп жауап қайырды. Жиені табылған нағашы жұрт мәз!

Екінші қайырымды Мейірман мейман ретінде сызылуын қойып, Ақылбекті тықсыруға кірісті:

- Мерейі құрдасымның өсіп кеткен,

Алады қайта – қайта осып беттен.

Ағайын былтырғы жайт есіңде ме,

Қыс бітіп, жүрген шақта тосып көктем.

Өлеңті арнасынан асып кетіп,

Жанына сайдың суын қосып кеткен.

Сегіз үй суға кетсе де сегіз қырлы,

Ақылбек тойда сөйлеп, бөсіп кеткен.

Мен енді сенімен қалай айтысамын,

Елден бұрын желменен жосып кеткен.

Қара суда қалғанда ауылдасы,

Қарасу жаққа қарай көшіп кеткен. – деп тіліп сөйледі шайыр Шәкенов. (Қарасу – Жымпиты ауылындағы мөлтекаудан).

Мейірман Жосалы ауылдық округіндегі А. Жұмағалиев атындағы мектептің де тозып тұрғанын жырға тақырып қылды:

- Спортзалдың төбесін жамағанмен,

Басқа кабинеттерден су кетпей ме?

Терезесін сырлайтын сыр да жетпей,

Жатқандығы арқаңды терлетпей ме?

Мұратбек, Жаскелеңдер оқыған жер,

Әлі талай дарынды сөйлетпей ме?

Абдолла отын үшін опат болды,

Алтын ұясын опат қылмай, тербетпей ме?

Ақылбек осыларды неге айтпайсың,

Тойға жеткен жеріңе ой жетпей ме?

Батырдың атындағы сол мектепті,

Батырниязов әкімің жөндетпей ме?- деп сауалды төтесінен қойды.

Айтыстың қорытындысында ақын, «Атамекен» өнер ордасының директоры Бауыржан Халиолла, Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев сөз сөйледі:

- Ж. Ерман айтыс мектебінің Сырым ауданында жұмыс қылуы да - мәртебе емес пе?! Аңыз Асаналі мен абыз Жүрсін аяқтай келіп ашқан айтыс мектебі - сөздің сәулелі шаңырағы.

Бүгін мектеп ақындары облыс айтыскерлерімен жекпе - жек айтыс өткізді. Әзіл де, қалжың да, сын мен өкпе де, мәселе де айтылды. Міне, айтысты халық сол үшін іздейді. Ақынның да, әкімнің де міндеті - елге қызмет қылу. Келіскен жеріміз үшін мақтанбаймыз, келіспеген жерді түзейміз. Бізге халықтың пікірі қымбат.

Домбыра ұстаған бауырларыма Қадыр айтқандай “туған жердің жырауы” болуды тілеймін.

Ақын биігінен, халық бірлігінен ажырамасын! – деді Артур Мұратұлы.

423777659_932710842187793_6658329292896525409_n

Айтысқа қатысушы барлық ақынға қаржылай жүлде, ал Бауыржан Халиолла бастаған «Асыл домбыра» иегерлеріне елдің атынан домбыраларына көрімдік берілді.

Осылайша, Жымпиты Жайық айтысының жаңа маусымын ашты.

Б.Шерім,

Суреттерді түсірген: Айжан Амангелдина 

Сырым ауданы

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале