Аты жаман вирус елімізге қадам басқалы төтенше жағдайдан бөлек, елдің аузында 42500 теңгенің «жыры». Үкімет «береміз» деді, халық алғаш «неге аз?» деп байбалам салды, кейін бәрі осы ақшаны қалайда алып қалудың қамына кірісті.
Төтенше жағдай кезінде табысын жоғалтқан тұлғаларға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік көмек көрсетіледі. Ия, сол 42500 теңге. Бұл қаржы бәріне бірдей берілмейтіні тағы бар. Егер сіз шағын және орта субъектілерде жалдамалы жұмысшы болсаңыз, сонымен қатар жалақысы сақталмайтын демалысқа шықсаңыз ақша сіздікі. Одан соң өз-өзін жұмыспен қамтыған жеке кәсіпкерлер. Олардың өзі екі санатқа бөлінеді екен. Бірі-салығын,зейнетақы жарнасын төлеп, ресми тіркеліп жұмыс істегендер, бірі - мемлекетке еш төлем жасамай өз бетінше жұмыс істейтіндер, жеке практикамен айналысатын адвокат, нотариустар. Бұл категорияға енген азаматтар 1389 теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлем аударып, 42500 теңгеге өтініш бере алады.
Еш жерде тіркелмей өз бетінше такси жүргізушісі, бала күтушісі, жүк көтеруші сынды қызметтерді атқарып жүргендер де бұл әлеуметтік төлемді ала алады. Ол үшін азаматтар өтініш берер алдында бірыңғай жиынтық төлемді аударуы міндетті. Студенттер де жоғарыда көрсетілген соманы алу мүмкіндігіне ие. Зейнеткер, мүмкіндігі шектеулі жан не Үкіметтен жәрдемақы алатын кез-келген адам төтенше жағдай жарияланғанға дейін жұмыс істеп, салық төлесе, БЖТ аударса, олардың 42500 теңге алуға өтініштері қарастырылады.
Әлеуметтік көмекке міндетті түрде онлайн өтініш берілуі қажет. Егер сізде мүмкіндік болмаса, әрбір ауылдық округ әкімдігінде халыққа өзін-өзі қызмет көрсету бұрышы бар, сол бұрыш арқылы 42500 теңгеге өтініш бере аласыз.
Алайда төлемақы табыстау механизмінде шикіліктер бар екендігі, ол халықтың арасында қызу талқыға түскендігі жасырын емес. Ол жөнінде ҚР Президенті Қ.Тоқаев былай деген болатын:
- Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған азаматтарға көмек беру үшін жұмыстанып жатырмыз. Оларға 42500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем тағайындалды. Баршаңызға мемлекеттік жәрдемақының шын мәнінде төтенше жағдайдың себебінен қаржылық қиыншылықтарға ұшырағандарға берілетінін айтамын. Сол себепті жеткілікті табысы барлардың 42500 теңгелік төлемді алуына жол берілмесін,- деген еді.
Бүгінгі таңда Теректі ауданы бойынша 7987 адамға әлеуметтік көмек төленуде. Әрине, уақыт өткен сайын бұл сандарға өзгеріс енуі де мүмкін. Сонымен бірге, 1,2,3 топ мүмкіндігі шектеулі жандарға, 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға және мүмкіндігі шектеулі балаларды күтіп отырған ата-аналарға азық-түлік қоржыны ретінде ақшалай 5567 теңге берілетін болады. Оған аудан тұрғындары құжат тапсырмайды, жоғарыда көрсетілген санаттар бойынша тізім әкімдікте бар.
Әрине, қиын сәтте мемлекеттің көмек беруі дүйім қазақстандықтар үшін жақсы. Бірақ әлеуметтік төлем талаптарына сәйкес келмейтін тұрғындар да өтініш қалдырып, дені қаражатты алып үлгеріп жатыр. Бұл - заңға қайшы әрекет. Үкімет нақты тексерістер жүргізіп, талапқа сай емес қаражатты иемденген тұлғалар ақшаны қайтарады деп отыр.
Әділет Орынбасарұлы
Теректі ауданы
zhaikpress.kz