Соңғы 3-4 жылдықта көп елдерде электронды темекіні (вейп) тұтынушылар қатары көбейіп кетті. Елімізде де бұл мәселе белең алып тұр. 2020 жылдары күрт танымалдылыққа ие болған темекінің адам денсаулығына тигізер зияны зор.
Сурет: pixabay.com
Электронды темекі (вейп) дегеніміз – тыныс алу жолдары арқылы өкпеге никотин жеткізетін темекінің бір түрі. Сыртынан қарапайым көрінгенмен залалы кәдімгі шылыммен бірдей. Вейп құрылғысының ішіне сұйықтық құйылады, және ол қыздыру арқылы түтінге айналады. Оны тұтатып та әуре болмайсың. Ол шылымға қарағанда дәмі мен иісі тәтті, сыртқы пішіні әдемі, ыңғайлырақ болады. Осындай «артықшылықтарын» ғана ескеріп, денсаулыққа зияны жоқ деп ойлау үлкен қателік. Тіпті темекінің осы электронды түріне көшіп, денсаулығымды сақтап жүрмін деп ойлайтындар бар. Бұл да дұрыс емес. Шылым шегуді қоятын болсаң бірден бас тартқан жөн. Өйтіп өзіңді де өзгені де алдау ешкімге пайда әкелмейді.
Вейптердің дәл қазіргі уақытта негізгі тұтынушылары – жасөспірімдер, жастар. Алды-артын әлі танып білмеген жас өрімдер «жұртқа» еріп, көргеніне еліктейді. Жастықтың буымен ол нәрсенің зиянына, соңында алып келер салдарына бас қатырмайды. Себебі өзінің «ортасына» ереді. Айналасындағылар түтінін будақтатып, мәз болып жүрсе бала қайдан болашақты ойласын. Басында қызық көріп дәмін татқанмен, тәуелділікке қалай ұшырағанын байқамай да қалады. Жастар арасында жақсы да, жаман да тез тарайды. Себебі бір-бірінен қалмаймыз деп басы-көзіне қарамай не болса соған ере жөнеледі.
Ал сол зиянды әдеттер олардың арасына қалай түседі? Бұл жерде үлкендердің жауапсыздығы, ғаламтордың қолжетімділігі мен тым ашықтығы себеп болып тұр. Олай дейтініміз – ата-ананың заман ағынынан қалмаймыз деп әбден жұмысбасты болып, балаларының не істеп жүргенінен бейхабар жүретіндігі. Оқуына барып-келіп, аман-есен жүрсе болды дейді. Ғаламтордан не қарайды, нені сатып алады, араласатын ортасы қандай екендігіне кейде мән бермей жатады. Сөйтіп баланың зиянды әдеттерге бой алдырғанын аңғармай да қалады. Дер кезінде тоқтау салынбағандықтан белең алып кеткен әдетті қойдыру қиынға соғады, тіпті кейде мүмкін емес. Онымен күресіп, жеңуге әрине болады. Десе де, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген абзал.
Үлкен буынның да кішіден қысылып-қымтырылмай темекісін тартып жүре беретіні де осыған бір себеп секілді. Не көрсе соны дұрысқа санап, қайталайтын бала әрине, жасы үлкеннен үлгі алады. Демек, бұл жерде тек ата-ана емес, өскелең ұрпақтың денсаулығы үшін әрбіріміз жауаптымыз. Өзі түскен қақпанға өзгенің түспеуіне ықпал ету, дұрыс емес нәрсені жұрт көзінен, әсіресе, жастардан аулақ ұстауға бәріміздің тырысуымыз қажет. Керісінше салауатты өмір салтын ұстанып, жағымсыз әдеттерден арылуға тырысып, жақсы жағынан ғана үлгі болайық.
Елімізде жыл басында қаралған шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың әкелінуі, сатылымы, пайдаланылуы бойынша заң жобасы талқыланып, кейбір тармақтары қайта қаралуға жіберілген болатын. Сәуір айында бұл заңға қол қойылып, маусым айында күшіне енді.
Яғни, енді бұл заттардың айналымы үшін тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Жыл басында қайта қарауға жіберілуінің бір себебі – заң жобасы құрылған кезде аталмыш әрекеттерге әкімшіліқ жауапкершілік қана қаралған екен. Сол тұстарына өзгеріс енгізіліп, қылмыстық жаза қолдану шешімі қабылданды. Шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы бойынша 301-1-бапта былай делінген:
Демек ендігіде осы уақытқа дейін жарнамасы жарқырап, емін-еркін сатылымда жүрген вейптердің, оған қатысты барлық нәрсенің айналымына тоқтау қойылмақ. Дәл қазір жедел әрекет етіп, қоғамның осы бір дертін түп-тамырынан шапқалы тұрмыз. Негізі электронды темекілердің кейінгі кездері пайда болғандығынан, оның қандай ауруларға, қанша уақытта әкеліп соғатыны нақты зерттеліп болған жоқ. Десе де, адам ағзасына зиян екендігі дәлелсіз де белгілі.
«Вейптерді қолдану – зиянды әдеттердің ішіндегі ең залалсыз көрінетіні. Сыртқы көрінісіне, дәм-түсіне қарағанда есірткідей қауіпті емес секілді. Сонысымен-ақ ол кез келген адамды өзіне тез үйретіп алады. Оны шеккенде түтін адамның нерв жүйелеріне әсер етіп, бір сәтке дененің босаңсуы орын алады. Бұл адам бойында үйреншікті әдетті тудырады. «Түтіні деммен бірге сыртқа шықса болды емес пе» дейтін пікір қалыптасқан. Бірақ бұлай ойлау – қателік. Вейптің картридждеріне толтырылатын сұйықтықта никотин, пропиленгликоль, хош иістендіргіштер және тағы да басқа химиялық заттар болады. Олар қыздыру нәтижесінде түтінге айналып, тыныс алу жолдары арқылы өкпемізге осы аталған зиянның бәрін жеткізеді. Енді қарапайым ойлап қарасаңыз да, организмге кірген сыртқы зиянды нәрселер аздап болса да залалын тигізері анық. Ал электронды темекіні адам күні бойы қолданып жүреді. Демек бұл зиянды әдет аз-аздан үлкен қатерге әкеліп соғады. Осы зиянды әдеттің құрығына түсіп, құрбаны болып жүргендерді алда тыныс алу жолдары, өкпе, қан тамырлары, нерв жүйелерінің қатерлі аурулары күтеді», - дейді Шыңғырлау аудандық ауруханасының салауатты өмір салты кабинетінің медбикесі Ару Ақылбекқызы. Осының бәрін көріп, біле тұра жаман әдеттерден тыйылмасақ, салдары тіптен ауыр болады.
Осы уақытқа дейін қақсап, айтылып жауыр болған әңгімені әлі де айта береміз. Міне енді заң жүзінде де тыйым салынды. Сонда да толығымен көзін жойғанша, барлығымыз бірлесіп қарсы тұруымыз керек.
Жастарға айтарымыз – адам денсаулығы біреу-ақ. Оны қайтып іздеп-тауып, ақшаға сатып та ала алмайсың. Соны біле тұра, өз қолымызбен денсаулығымызға қастық қылғанымыз қарап тұрсаң ақылға қонымсыз. Иә, бәлкім нәпсіні тыю, үйреншікті әдеттен арылу қиын шығар. Алайда бүгінгі қалауыңмен, тек бүгінгі күніңмен өмір сүрмей, тереңірек үңіле білу керек. Біздің деніміздің саулығы – ұрпағымыздың саулығы. Дені сау ұрпақ – ұлтымыздың жарқын болашағы.
«Бір маған қарап тұрған не бар...» деп ойлаймыз кейде, дегенмен қандай да игі істі адам ең алдымен өзінен бастау керек. Біздің деніміздің саулығы тек өзімізге керек, оны құрту да, сақтау да өз қолымызда. Қолыңнан келіп тұрған жақсы амалды неге жасамасқа?!
Гүлжазира Асу
Шыңғырлау ауданы