6.03.2025, 11:15
Оқылды: 314

Қызғалдақ қырманы

...Қырдағы самал желмен ырғатыла тербелетін қызғалдақтардың әрқайсысының жұпар иісі, сұлулығы, жаныңызды  жайландыратын  ләззаты  ерек  болмаушы  ма  еді?!  Сол жер нәрі, күн  сәулесіне  шомылып,  толысқан  қыр  сұлуларын  жинап  әкеліп,  жылыжайдың  ішіне  көшіре  салғандай  құдды!  Сыртта – наурыздың ақ  қары, мына  әлемде  – құлпырған  көктем,  қырмызы  гүлді  кілем.  Бірақ  даладағы  гүлдерге  қарағанда  сидаң,  тостағандары  ірілеу,  торғындай  жұқа  үлбектерінің  түстері  де  сан  алуан.  Қауызын жара қоймаған қыр  гүлдері  заманауи  технологиямен,  яғни  гидропоника  әдісімен  өсірілген.  Сырт көзге қызғалдақ өсіру оңай  болып  көрінеді.  Алайда  оның  мехнаты  көп  шаруа  екенін  Бәйтерек  ауданының  Щапов  аулындағы  гүл  өсірушілер,  «AsAm  Flowers»  ЖШС-ның  құрылтайшылары  Жансәуле  Мұқамбетжанова  мен  оның  жұбайы  Фархат  Есетов,  Динара  Сахтанова  мен  оның  ері  Нұрлан  Бауғашев  жақсы  біледі.

қожайындар

Жансәуле бұрын гүл саудасымен айналысқан. Ресейден, Голландиядан қызғалдақ түрлерін сатып алдыратын. Бірақ оның сырттан тасымалданатын өнімнің сапасына көңілі толмайтын. Өсімдік те адам секілді ауырады, кейбірі жол көтермейді. Өйткені ол да тірі ағза. Шетелден  тасымалданатын қызғалдақтардан кейде ауру шығып, шекарадағы фитосанитариялық бақылаудан өтпей қалатыны болады. Ондайда қалтаң қағылды дей беріңіз. Кәрі құрлық бойымен түрлі климаттық белдеуден өтіп, қиырдағы Оралға жететін гүлдердің солып не ажары пәсеңдейтіні байқалады. Ондайда Жансәуле «Осы голланд қызғалдақтарының отаны Қазақстан емес пе, оны неге өзіміз өсірмеске?» деген ойға берілетін.

5e41c59c-f4e8-4010-a806-d43478fcc110

Кәллаға түскен кей ойдың нақты іске жетелейтіні бар ғой. Санасын сансыратқан сұрақтың жауабын тауып, бір шешімге келу үшін жұбайымен ақылдасты. 2023 жылы екеуі гүл пиязшықтарын сатып алып, 50 мың тал гүл өсіретін жылыжай салды. Баладай мәпелеген қызғалдақтары өсіп, шаруасы өрге тартты. Отбасылық достары Есетовтермен бірігіп, 200 000 түп қызғалдақ өсіретін жылыжай салып, кәсібін  кеңейтті.

– Жер телімін  алуға және «Ауыл аманаты» жобасы бойынша несие рәсімдеуге «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның сол кездегі басшысы Нұржан Өтепбергеновтің көп көмегі тиді. Жоба аясында  2,5%-бен 9 млн 230 мың теңге несие алдық. Несиені бес жылға  деп алғанбыз, бірақ созбай, биыл толықтай жабуға ниеттіміз. Жаспыз, күш-қуатымыз барда, еңбек еткіміз келеді. Сондықтан несиенің көлеміне көңіліміз толмайды.

Мынадай үлкен аумақты қамтитын жылыжайға 9 миллион теңге деген бүркуге де келмеді. Сондықтан мемлекеттен берілетін қолдау көбірек, 2,5%-бен берілетін несие ресурсы молынан үлестірілсе, дұрыс болар еді. Несие қаржысы аз болғандықтан, өзіміздің жеке жинақинвестициямызды негізгі капиталға құюға тура келді. Оған қоса, қосымша несие алдық. Жылыжай шаруашылығын 2023 жылы бастап қолға алдық. Бұл – екінші жылыжайымыз, – деді Динара.

5a2280fd-65e2-42c7-bc9a-4352ee479d12

Қазіргі кезде қызғалдақ өсірушілер өнімдерімен облысты, көршілес қалаларды қамтып отыр. Алдағы уақытта еліміздің барлық өңіріне гүл жеткізу жоспарланған. Өйткені нарықта қызғалдаққа деген сұраныс зор. Компания гүлді  көтерме сауда арқылы сатудың тиімділігін көріп отыр. Сатып алушылар жылыжайдан келіп, өздері алып кетеді. Гүлдер патшалығында голланд қызғалдағының сегіз түрі өсірілуде. Қызғалдақтың пиязшығын Нидерландыдан арнайы тапсырыспен алдырады. Оны топырақсыз, гидропоника әдісімен пластмасса жәшіктерде өсіреді. Өйткені бұлай өсіру экологиялық жағынан тиімді, таза әрі пиязшық бұзылып  кетпейді.

Динараның айтуынша, жылыжайда 15 шақты адам жұмыс істейді. Жергілікті ауыл тұрғындары, жастар келеді. Шаруашылықтағы агроном маман гүлдердің жай-күйін қадағалайды. Жылыжайдағы ауа гүлдердің өсу шамасына қарай реттеліп отырады. Қызғалдақтар дымқыл ауаны ұнатады, тіке түскен күн сәулесін жаратпайды. Әлі бүр жармаған гүлдер +15, +16 градус шамасындағы ауа температурасында жайқалып өсіп тұр. Қожайындардың өздері де бел шешпей жұмыс істейді. «Гүлдерім баптағанды, жылы сөздерді ұнатады. Көтеріңкі көңіл күймен жүргеніңді сүйеді. Сол себептен де оларға ылғи қуана қарап, балаларымдай айналып-толғанамын», – деп сыр бөлісті Динара.

– Мемлекет жас кәсіпкерлерге газ құбырын, электр желісін тартуға көмек берсе, керім болар еді. Мұндай шаруаны тындыру бізге оңайға түспеді. Қазір мемлекет гранты тек көкөніс өсіретіндерге беріледі, ал гүл өсірушілерге ондай көмек жасалмайды. Болашақта жылыжай шаруашылығын кеңейтіп, қаланы көгалдандыруға қажет өсімдіктерді және жеміс-жидек, көкөніс түрлерін өсіргіміз келеді. Көкөніс қоймасын да салар едік, – дейді қос құрбы.

Жансәуле мен Динара – жоғары білімді, 30 жаста. Әрқайсысының отбасында ата-әжелерінің қамқорлығымен балалары өсіп келеді. Динара Алматы энергетика және байланыс университетін қызыл дипломға бітірсе, Жансәуле Малайзияда дипломат мамандығы бойынша оқыған. Жылыжайды қызылды-жасыл кілемдей құлпыртқан олардың армандары асқақ, мақсаттары биік. Бұл күндері 250 мың тал гүл Халықаралық әйелдер күні мерекесі алдында  түгелдей көтерме бағамен сатылып кеткен. Соған қарағанда, қызғалдақ бизнесінің  талқаны  таусылмайды.

Тақырыпқа  тұздық

Қызғалдақ  туралы  қызықты  деректер:

-  Бұл гүлдің жаңа түрін өсіру үшін шамамен 20 жыл   қажет;

-  Көбіне бір сабақтан бір гүл шығады;

-  Қызғалдақтардың жақын туыстары – әдемі лала гүлдер. Ал алыс туысы – пияз және сарымсақ;

- Шамамен 1634 жылдан 1637 жылға дейін қызғалдақ   әлемдегі ең қымбат гүл деп есептелді. Кей деректерге сүйенсек, оның бағасы Голландиядағы кейбір   үйлердің бағасымен пара-пар болған;

- Қызғалдақтың жапырақтары жеуге жарамды.

Оларды салаттарға, десерттерге немесе безендіру  үшін пайдалануға болады;

- Бұл гүлдің тек көк және қара түстері жоқ. Қалған барлық түстегі қызғалдақты табуға болады. Ал ел арасында «қара қызғалдақ» атанып кеткен гүлдің түсі шын мәнінде қою күлгін.

Қыр  гүлі  туралы  аңыз

Аңыздардың бірінде бағзы заманда дәулеті тасыған, сараң бай өмір сүріпті. Оның жан дегенде жалғыз қызы болған. Байлықтан басы айналған әлгі адамға жалғыз қызым тұрмысқа шығып, бар жиғаным күйеу баланың қолына өтеді деген арам ой маза бермеген. Ақырында қыр төсінде кетіп бара жатқан қызына біреулер қанжар сұғып өлтіреді. Бейкүнә қыздың қаны тамған жерге жалғыз түп гүл өсіп шығады. «Қыздан қалған дақ қой» дескендер гүлдің атын «қызғалдақ» деп атаса керек.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

«Орал өңірі»,

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале