Республика күніне орай аудандық жас туристер станциясының ұйымдастыруымен «Аспан астындағы музей қала» атты экскурсиялық бағдарлау жарысы өтті. Оған Бәйтерек ауданының алты мектебінен құралған тоғыз команда сапында 40-қа жуық оқушы қатысты.

Жарыстың басты мақсаты – жасөспірімдерге туған өлкеміздің тарихи-мәдени ескерткіштерін таныстыру арқылы қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, олардың танымдық қасиетін арттыру, саламатты өмір салтын насихаттау және оқушылардың туристік-өлкетану бағыты бойынша білім-білігін дамыту. Бағдарлама аясында оқушылар екі бағыт бойынша сайысқа түсті.
Біріншісі – «Экскурсиялық бағдарлау» жарысы. Мұнда қатысушылар тарихи-мәдени нысандар белгіленген маршрут бойынша жүгіріп өтіп, әр бақылау нүктесінде өлкетанулық тест сұрақтарына жауап берді. Әр команда құрамында үш оқушы болды. Қатысушыларға 20 нысан бойынша бақылау пункті ұсынылды. Байқау шартына орай командалар бақылау бекеттерін ретімен тауып, ондағы сұрақтарға дұрыс әрі толық жауап беруге тиіс. Уақыт көрсеткіші де шешуші рөл атқарды. Бекеттерді дұрыс реттілікпен өтпеген жағдайда команданың ұпайы есепке алынбады.
Екінші бағыты «Бір ескерткіш – бір оқиға» деп аталды. Онда оқушылар өз аймақтарындағы тарихи орын немесе ескерткіш туралы қысқа (3-5 минуттық) подкаст форматында бейнематериал ұсынды. Подкастта ескерткіштің тарихы, қызықты деректері, аңыздар мен естеліктер қамтылды.
Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлде Қ. Аманжолов атындағы орта мектепке берілді. Қалған жүлделі орындарды Переметный мен Есенберлин атындағы мектептер иеленді.
Бұл жарыс жас буынды тарихи-мәдени мұраларға құрметпен қарауға, елін, жерін сүюге тәрбиелеумен қатар, саламатты өмір салтын ұстануға бағытталған маңызды іс-шара болды. Соңында жеңімпаз командалар дипломдармен, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Осындай іс-шаралар арқылы жас ұрпақ өз өлкесін тереңірек танып, болашаққа ұлттық рухпен қадам басары сөзсіз.
Ақгүл Абдрахманова
Бәйтерек ауданы