8.02.2026, 22:01
Оқылды: 0

Казталовтық ұлағатты ұстаз Балғаным Кәкімова мерейлі 75 жасқа толды

Казталов өңірінің қоғамдық-саяси дамуына, білім мен ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ардақты жан, тәжірибелі басшы, ұлағатты ұстаз Балғаным Кәкімова мерейлі 75 жасқа толды. Осы атаулы датаға орай аудан әкімі Асланбек Сарқұлов мерейтой иесін арнайы құттықтап, алғыс пен ізгі тілегін білдірді.

FB_IMG_1770555319708

Балғаным Кәкімованың ғұмыр жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресі, елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Еңбек жолын Чапаев аудандық ветеринарлық зертханасында мал дәрігері болып бастаған жас маман кәсібилігімен, жауапкершілігімен көзге түсті. 1978 жылы Ленинград қаласында білімін жетілдіріп, саладағы біліктілігін арттырды. Әр жылдары Ақсуат совхозында бас мал дәрігері, Пятимар совхозында партия ұйымының хатшысы, кейін Казталов ауданында салалық хатшы, ауданның бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды.

Қай қызметте жүрсе де ел сенімін ақтап, ұйымдастырушылық қабілетімен, іскерлігімен танылды. 1992 жылы облыстық халық депутаттары кеңесінің төрайымы болып сайланып, өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. 1994-1997 жылдары Ілбішін ауылдық округінің әкімі ретінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосты.

Ал 2003 жылдан бастап 15 жыл бойы Орал қаласындағы №3 қалалық кәсіптік лицейдің директоры қызметін атқарып, сан мыңдаған жасқа сапалы білім мен тәлім-тәрбие беруге еңбек сіңірді. Ұстаздық жолы арқылы қоғамға білікті мамандар даярлап, білім саласының дамуына ерекше үлес қосты.

FB_IMG_1770555322455

Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов құттықтауында:
«Саналы еңбек жолыңызда Сіз ауыл шаруашылығы саласында білікті маман ретінде қалыптасып, кейін партиялық және атқарушы билік жүйесінде бірқатар жауапты қызметтерді абыроймен атқардыңыз. Тәуелсіздік жылдарында білім беру саласында басшылық қызмет атқарып, жас ұрпақты кәсіби даярлау ісіне өлшеусіз еңбек сіңірдіңіз. Казталов аудандық партия комитетінің салалық хатшысы, кейін ауданның бірінші хатшысы ретінде ауданды басқару ісінде көрсеткен ұйымдастырушылық қабілетіңіз бен іскерлігіңіз ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты. Сол кезеңде ауданның өндірістік әлеуетін нығайту, ауыл шаруашылығын дамыту, әлеуметтік саланы жүйелеу бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Сіздің өмірлік ұстанымыңыз, ел мүддесіне адал қызметіңіз, парасатты болмысыңыз – бүгінгі және келер ұрпақ үшін тағылымды өнеге», – деп атап өтті.

Бүгінде мерейтой иесі – көпшілік құрметіне бөленген ардагер. Оның жүріп өткен жолы – жас ұрпаққа адалдықтың, еңбекқорлықтың және отансүйгіштіктің мектебі.

Асылбек Нәсіпқали
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале