14.01.2026, 23:00
Оқылды: 84

Өркендіктер арақтан бастартты

Өткен жылдың соңында Көшім ауылдық округына қарасты Өркен ауылы «Ішімдіксіз ауыл» жобасына қатысуға белбайлады. Сөйтіп тұрғындар салауатты өмір салтын ұстануға ден қойып, ауылдағы дүкенде арақ-шарап сату тоқтады. Осындай игі істі жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін облыс әкімі Нариман Төреғалиев таяуда Көшім ауылдық округының әкімі Ауған Алмурзинге алғысын білдірді.

IMG-20260114-WA0001

БҚО прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы Оралда өткен «Қауіпсіз өңір – сенімді болашақ» форумында ішімдіктен бас тартқан облыстағы 9 ауылдың бірі болған Өркендегі игі іске арнайы тоқталып өтті. «Жергілікті атқарушы құрылым осындай ауылдардың қатарын көбейтуге барынша жағдай жасауы керек,-деді Нұрбек Ұласбекұлы.-Өзге аудан әкімдері мен ауыл әкімдері әріптестерінің бұл тәжірибесінен үлгі алғандары жөн».

photo-output
​Айта кетейік, Өркенді арақсыз ауылға айналдыру жөніндегі бастаманы былтыр, жыл соңында Бәйтерек ауданының прокуроры Алмас Меңлібаев көтерген еді. Өркендіктермен кездескен ол заң мен тәртіпті нығайту, адал әрі саналы азаматтарды тәрбиелеу, жас ұрпаққа өнегелі жол көрсету мақсатында ішімдіксіз ауыл атануға шақырды.
​-Аудан прокурорының осындай бастамасын естігенде қатты қуандым. Себебі өзім елу алты жылдық ғұмырымда ішімдік атаулысын ауызыма алып көрген емеспін. Жалпақтал өңіріндегі Талдыапан ауылының тумасы болып табылатын біз - бес ағайындымыз. Соның төртеуі, яғни менімен бірге үш бауырым - арақтан алшақ жандармыз. Үйімізде «ащы су» болған емес. Сол себепті перзенттеріміз де одан қашық. Енді ауылымыздың тұрғындары да атадан қалған ас болып саналмайтын одан аулақ боларына қуаныштымыз. Сөздің шыны керек, бұл да бірден бола қоймайтын нәрсе ғой. Қазір ауылдағы 70 үйдің он пайыздайы ғана шын мәнінде, арам астан ада ақ дастархан жайып отырса, бұл сан жыл өткен сайын көбейеді деп сенеміз. Өзім бастап ауылдағы садақа, қонақтық секілді отбасылық шараларда осы мәселені айтып жүрмін. Біраз туыстарым, достырым, құрдастарым осы 2026 жылдан бастап «тентек суды» өздері ұстамайтындарын әрі дастарханға қоймайтындарын айтты. Дегенмен қасарысып жүргендер де жоқ емес. Олар өздері ішпегенімен, «қыл мойын» болмаса той-қонақтықтың сәні жоқ деп санайды. Уақыты келгенде мұндай жандар да түсінер деп ойлаймын. Ең бастысы, елге берер игілігі мол іс басталды,-дейді жиырма жылдан бері Өркенде тұрып келе жатқан Сәлімжан Саққазов.
​Ауылда бір ғана дүкен бар. Осынау сауда орнының қожайыны Назгүл Аманғалиева да игі бастаманы қолдайтынын нақты ісімен көрсетіп отыр. Жеке кәсіпкер дүкеніндегі сөрелерден ішімдік атаулысын алып тастаған. Сөйтіп «Әли» дүкені ашылғалы бері бірінші рет Жаңа жыл қарсаңында да, одан кейін де арақ сатылған жоқ.
- Біз осында 1990 жылдың соңында көшіп келдік. Ол кезде бұл қаладағы бір кәсіпорынның қосалқы шаруашылығы (подхоз) еді. Ауылда өзге ұлт өкілдері көп тұратын. Сол себепті мас адамдарды көшеден жиі кездестіретінбіз. Арақтың кесірінен түрлі дау-дамай, тәртіп бұзушылық болып, қылмыс та орын алатын. 1997 жылдан бастап өңірімізден, соның ішінде оңтүстік аудандардың тұрғындары біртіндеп қоныстана бастады. Степной деп аталып келген ауыл 2009 жылы Өркен болды. Бүгінде ауылымызда бір ғана орыс ұлтының отбасы бар, қалғандары – қазақ жанұялары. Айрандай ұйыған ауылымызда қазір ішімдікке әуестер көп емес және олардың қатары жыл санап азайып келе жатыр. Жастарымыздың одан алшақтығы қуантады. Соған байланысты бізде тәртіп бұзушылық, қылмыс деген атымен жоқ. «Түркістан жақтардағы ауылдар арақтан бастартыпты» дегенді естіген кезде ол үрдіс біздің жаққа қашан келер екен деп іштей ойлап жүргем. Аспаннан іздегеніміз жерден табылып, қуанып жатқан жайымыз бар,-деді Назгүл Еділбайқызы.
​Округ әкімінің сөзіне қарағанда, бұйыртса енді Кіші Шаған елді мекенін де «Арақсыз ауыл» жобасына тарту ойда бар.
​Айта кетейік, Өркен - аталмыш жобаны қолға алған Бәйтеректегі алғашқы ауыл. Енді мұндай ауылдардың қатары біртіндеп көбейеріне сенім мол.

Сәкен Мұратұлы
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале