16.01.2026, 12:30
Оқылды: 108

 «Заң мен тәртіп» қағидаты – әлеуметтік, экономикалық және құқықтық тұрақтылықтың негізі

Бүгінгі мақалаға арқау болған тақырып – «Заң мен тәртіп» қағидаты. Қоғам қауіпсіздігін, азаматтардың құқығын қорғауды, құқық қорғау органдарының ашықтығын күшейту – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі тапсырмаларының бірі. Аталмыш  қағидат бойынша аудан деңгейінде қандай жұмыстар жүзеге асырылуда, қандай жаңа тәсілдер мен басым бағыттар енгізілуде? Осы және өзге де сұрақтарға аудан прокуроры Алмас Таспихов жауап берді.

WhatsApp Image 2026-01-16 at 11.52.20 (1)

– Алмас Төрегелдіұлы, алдымен осы қағидаттың мәніне тоқталсақ. «Заң мен тәртіп» бағыты – бүгінгі мемлекеттік саясаттағы, соның ішінде ішкі саясат, яғни идеологиядағы негізгі бағдарлардың бірі. Қағидаттың маңызын қалай түсіндірер едіңіз? Қоғам тіршілігіне берер әсері қандай?

– Алдымен «заң», «тәртіп» деген түсініктердің мәнісі қандай – соған тоқталып өтсек. Шын мәнінде алсақ, заңсыз зайырлы қоғам, бүгінгі өркен жайған адамзат та болмас еді. Тарихқа көз шалсақ, адам қауымдастық боп өмір сүре бастаған кезден бастап, белгілі бір талаптарды  ұстанып өмір сүрген. Ежелгі Мысырдың папирустары, Ежелгі Греция, Бабыл, Рим мемлекеттерінің сол кезде дамуының өзі заңның күшімен жүзеге асқаны анық. Алыс-жақын шет елдерді тергемей-ақ қоялық, өзіміздің шежіремізден хабары бар адам Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы, Әз Тәукенің «Жеті жарғысының» тасқа қашалып жазылғанын біледі. Әлем ұстанатын дәстүрлі діндердің қасиетті кітаптары: Құран, Інжіл, Тәурат та адамзаттың заңға бағынуы керектігін әр тәмсілімен айғақтап тұр.

Тәртіп! Тәртіп дегеніміз – үлкен бір тәрбие. Ата-әжелеріміздің қағылез ұл-қызға «тәртіпті бір бала» екен дегені оның ата-анасынан жақсы тәрбие алғанын білдіреді. Ақын Фариза Оңғарсынованың мына бір сөзі бар: «Басшысыз үйде бала азар, Тәртiп жоқ жерде жан азар». Ал Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегені Джоко Виллингтің «Тәртіп дегеніміз – еркіндік» сөзінің мазмұнымен астасып тұр.

Демек, заңға бағыну, тәртіпті сақтау – қоғамның дұрыс бағытта дамып келе жатқанының көрінісі.  Бүгінде елімізде қабылданған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының басты мақсаты да осы. Бұл тұжырымдаманы жүзеге асыру арқылы әлеуметтік, экономикалық және құқықтық нәтижеге қол жеткізу көзделеді. Олардың әрқайсысына тоқталық өтейін.

Әлеуметтік нәтиже дегеніміз – ел азаматтарының заңды сыйлауы, оған бағынуы, өзара адал қарым-қатынасы. Осыған қол жеткізсек, әр қазақстандық күнделікті тірлігінде, ортада өзін қауіпсіз сезіне алады, яғни қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Тәуелсіздікті жаңа алған алағай да бұлағай кезеңді еске түсірсек, қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар көп тіркелетін, қорқыту, бопсалау, тонаудың көбейгені соншалық, адамдар түнде жүруге қорқатын еді ғой. Қазір жағдай сол кездегімен салыстыруға келмейді. Тыныш өмір, ертеңгі күнімізге алаңдамаймыз. Бұл тек құқық қорғау органдарының жұмысының нәтижесі емес, тұтас қоғамның санасының өзгергенінің көрінісі. Дегенмен осымен шектеліп қалуға болмайды, алда да идеологиялық тұрғыда қылмысқа қарсы нөлдік төзімділік қалыптастыруға байланысты ауқымды істер жүзеге асырылады.

Экономикалық тұрғыда алар болсақ, «Заң мен тәртіп» қағидатының көздейтіні – кәсіпкерлердің кәсібін өркендетуіне жағдай жасау, инвестициялық ахуалды жақсарту, артық шығындарды қысқарту.  Баршамызға белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет, жергілікті атқарушы билік өкілдеріне қойған басым талабының бірі – ауыл-елге инвестиция тарту. Ойлап қараңызшы, қауіпті, қылмыс белең алған мемлекетке қалтасы қалың инвестор келіп, кәсібін ашар ма еді? Әлде болмаса, бизнесін жүргізуге тосқауыл көп жерде кәсіп бастауға қай-қай жанның да жүрегі дауаламайтыны сөзсіз. Сондықтан бизнесті жетілдіруге барлық жағдай жасалған мемлекет қалыптастыру – міндет. Аталмыш тұжырымдамада осының бәрі қарастырылған.

Тұжырымдамадан күтілетін тағы бір маңызды міндет – құқықтық нәтиже. Аты атап тұрғандай, бұл арқылы құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін арттыру, ашықтығын қамтамасыз ету көзделеді. Яғни соттың әділ төрелік жасауы, полицияның мінсіз тергеуі, прокуратураның қалтқысыз бақылауы, адам құқығының қорғалуына кепілдік берілуі заң мен тәртіп салтанат құруы үшін маңызды.

Мына тұсты атап өту керек, осы тұжырымдамадан күтілетін нәтижелердің бәрі өзара тығыз байланыста. Біреуі кемшін түсіп жатса, тұтас  жүйенің тиімді жұмысы мүмкін болмайды. Айталық, әлеуметтік жағдай тұрақты, адамдар қылмыстан аулақ болса, кез келген жұмыс ширай түседі. Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған осындай мемлекетте бизнес те өркендейді, демек, экономика дамиды. Құқық қорғау органдарының білікті қызметі осы тұрақтылықты сақтауға бағытталады.

– Сіз – заңды сақтау, құқық қорғау саласындағы маңызды бақылау органы прокуратура қызметшісіз, демек әділдіктің жаршысысыз. Сіздің басқаруыңыздағы аудан прокуратурасы осы қағидат аясында қандай міндеттерді бірінші кезекке қойып отыр? Басты басымдықтар қандай?

– Дұрыс айтасыз, прокуратура – республикалық деңгейде жоғарғы қадағалау міндетін жүзеге асыратын конституциялық орган. Біздің алдымызға қойылатын ең басты мақсат – азаматтарымыздың конституциялық құқықтарын қорғау.  Конституциялық құқықтарға адамның өміріндегі ең басты құндылықтар кіреді – еңбек ету құқығы, бас бостандығын сақтау құқығы, кәсіпкерлердің құқықтары, т.б.. Соңғы жылдары бізге инвесторлардың мүдделерін қорғау міндеті де жүктелді. Инвестор дегенді көп адам шет елден келген бизнесмен деп қабылдайды, әйткенмен бұл олай емес. Туған жерінің өркендеуіне қаржы құятын отандық кәсіпкер де біздің қорғауымызда. Олардың кәсібіне жөнсіз тосқауылдардың болмауы, бизнесін кедергісіз жүргізуіне баса назар аударамыз.

Негізгі жұмыс бағытымыз – азаматтардың құқықтық мәдениетінің қалыптасуы. Құқықтық мәдениет дегеніміз не? Осыған бір зер салып көрелікші. Ол қарапайым күнделікті тірлігіміздегі әдебіміз, ішкі адами ұстанымдарымыз, тәртібіміз.  Бұл бір үлкен жаһандық мәселе емес, әр адамның өзінен басталатын дүние. Өзінің үйіңдегі тазалық, ауладағы мұқияттылықтан бастау алады. Айналасын тып-тиянақты, жанын таза ұстайтын жан қоғамдық ортада да сондай болмақ. Демек, қоқысты бей-берекетсіз шаша бермейді, көшеде кім көрінгенмен жаға ұстасып, жыртыспайды, өзгенің дүниесіне көзін алартпайды, жақынға қиянат жасамайды. Бір сөзбен айтқанда, адамгершілігі зор қоғам осындай адамдардан құралады.

Көпшілігі прокуратура қызметкерлерін сот отырыстарындағы айыптаушы деп қабылдайды, әлбетте, біз үшін әділдік, дұрыстық, адам құқықтарының бұзылмауы маңызды. Сонымен қатар адал азаматтардың адал қоғамын құру үшін де түсінік жұмыстарын жүргіземіз.

– Тәртіп бұзушылықты тіркеп отыру жеткіліксіз, бастысы, оның алдын алу керек. Ауданымызда профилактикалық жұмыстың жаңа формалары, жаңа тәсілдері енгізіліп жатыр ма? Ауылдық округтермен байланыс қалай?

– Бүгінде қай-қай сала да еліміздегі реформалардың нәтижесінде халық мүддесін қолдайтын мүлдем басқаша күйге енді деп айта аламыз. Прокуратура саласындағы қызметте де бұл үрдіс анық байқалады, ашықтық пен жариялылыққа бетбұрыс айтарлықтай. Біздің мамандар әрдайым жұртшылықпен жүздесіп, ауыл-елдерге жиі барып жүр. Арнайы аккаунтымыз бар әлеуметтік желіде. Барлық жаңалықтар, халыққа пайдалы ақпараттар дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да оқырманға жетуде. «Заң мен тәртіп» қағидаты енгізілгелі бұл жұмысқа жаңаша серпін бердік.

Құқықтық ағарту жұмысында басты мән беретін мәселе – оқушылардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Аудандағы мектеп шәкірттерімен ұдайы кездесіп, заң талаптарын сақтаудың маңызын қарапайым тілмен ұғындырамыз. Оған, әрине, тек прокуратура қызметкерлері ғана емес, полиция, әкімдік өкілдері, аузы дуалы аға буын өкілдері қатысып жүр. Осылайша бәріміз жұмылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, заң мен тәртіптің құндылығын түйсініп өсетін ұрпақ тәрбиелесек қана, ісіміз жемісті болары шүбәсіз.

Халықпен ашық байланыс орнатуға келер болсақ, көпшілікке белгілі, соңғы жылдары «Халық заңгері» республикалық акциясы дәстүрлі негізде өтуде. Сонда мемлекеттік бөлімдерден бастап, құқық қорғау органдары, сот орындаушылары, нотариустарға дейін тұрғындарды қабылдап,  сұрақтарына жауап берді.

Түсіне білгенге, мұның бәрі – құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған шаралар. Қылмыс орын алып, оның себеп-салдарымен күрескеннен гөрі, «ауырмаудың амалын» іздегеніміз абзал. Мейлінше түсіндіру жұмыстарына пәрмен үстесек, халыққа ақпаратты кең көлемде жеткізсек, жоғарыда айтып кеткен құқықтық мәдениеттің діңгегі беки түсетіні айқын.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамдағы жасырын, бірақ күрделі мәселе. Президент бұл бағытта қатаң шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Ауданымызда тұрмыстық зорлық фактілерін азайту, алдын алу бойынша қандай іс-шаралар атқарылуда?

– Өкінішке қарай, тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасында әлдінің әлсізге әлімжеттік жасауы  қазіргі таңда күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселеге айналып тұр. Санамызға сіңіп кеткен менталитет сондай – отбасындағы қандай да бір мәселе бұрын көп талқыланбайтын, жарыққа шықпайтын. «Бас жарылса, бөрік астында, қол сынса, жең ішінденің» кері де бұл. Әрі «қайтып келген қыз жаман» деп ерінен ажырасқан нәзік жандыны кінәлау да болатын. Ұлтымыздың дәстүрі деп, «жабық қазан жабулы қалмауы» тиіс, әйелі отағасынан зардап шекпеуі үшін  қайта осы кесапатпен ел болып күресуіміз керек. Шағын отаны болып саналатын отбасында әркім өзіне қауіп төнбейтінін, қорғалғанын сезінуі керек.

Қазір жағдай мүлдем басқа. Отбасы институтын қолдау, әйел-баланың құқығын қызғыштай қорғау – біздің басты міндетіміз. Сондықтан осы мәселе жасырылмай, ашық айтылуда.

Кей уақытта тек ауданымыздың өзінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 3-4 іс қаралып жатады.  Көп жағдайда, осы процестердің 99 пайызындажеп айта аламын, кінәлі тарап – отбасының асқар тауы, тірегі болуы тиіс отағасы. Мұндай істердің қозғалуына тек физикалық қысым көрсету себеп болмайды. Мысалы, ері үйге масаң күйде келіп, шаңырағында келеңсіз атмосфера туындатса, баласына ақырып-жекіп, әйелін үркіткенінің өзі жеткілікті әкімшілік құқықбұзушылық іс тіркеуге.

Отбасындағы өзінің рөлін кері түсінетін, «үйдің иесі екенмін» деп, өзінің туғандарына зәбір көрсететін мұндай жандар, әлбетте, белгілі бір мерзімге арнайы есепке алынады. Отбасының өзге мүшелеріне қорғау нұсқамасы шығарылады. Егер көрсетілген уақытта кінәлі тарап өзінің айыбын түсініп, түзелуге бет алмаса, бұдан да ұзақ мерзім бақылауда болады. Ал бір жылдың ішінде отбасына қоқан-лоққы көрсетуін тағы қайталаса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұндайда  жұдырықтының бас бостандығын шектеу, тіпті айыруға дейін жаза қарастырылған.

Неліктен жаза осыншама қатаң? Себебі зайырлы, өркениетті, құқықтық мемлекетте ең басты құндылық – адам. Өзгеге қол көтеріп, психикасына қысым жасап, оның құқығын аяқасты етуді  еш жолмен ақтап алуға болмайды. Осы ақиқат әрқайсымыздың санамызға сіңуі тиіс. Өткен жылдың соңында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы аясында ауданымыздың әр округінде ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Жанұядағы әке мен ананың рөлі, отбасылық құндылықтар дәріптелген бірқатар шараларға өзім де қатыстым.

Шаңырағын ойрандатып, жары, баласына зәбір көрсететіндердің психологиясын түсініп білу қиын. Олар аяқ астынан бұзақы, өзінен басқаға жаны ашымайтын қатігез болып жаратылған жоқ қой. Бұл жерде бәрі сол отбасынан басталатынын айтып кеткім келеді. Бәлкім, оның әкесі балаларының көзінше анасына ақыра сөйлеп, қит етсе, жұдырығын ала жүгіріп, үркітіп-қорқытқан шығар. Сондықтан санасы әлі бекімеген бала үшін бұл қалыпты жағдай болып көрінеді. Міне, есейіп, өзі шаңырақ көтерген соң, «ұяда көргенін» қайталайтын есерсоқтар – бұлар.

Халқымыздың даналығына назар аударайықшы. Қазақ – қашан да қызын қонағындай сыйлаған, отанасын «екінші байлығым» деп бағалаған халық. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесеміз десек, осы құндылықтардан нәр алған ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Дәстүрімізге берік болайық. Ұлықты ұл, қылықты қыз тәрбиелегісі келсе, ата-ана тәрбие жұмысын өзінен бастауы қажет.

Иа, рас, қазір заң бұл тұрғыда қатаң. Бұрын осы санаттағы істі тіркеу үшін міндетті түрде арыз жазылуы керек болатын. Қазір арыз жазбай-ақ, полиция қызметкерлері анықтаса да, іс қозғалады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты істер әкімшілік жауаптылықтан қылмыстық жауаптылыққа ауысты.

– Прокуратура органдары да цифрландыруға көшті. Азаматтар өтінішті онлайн жолдайды, қызмет көрсету жеңілдеді. Аудан прокуратурасында цифрлық қызметтер қаншалықты қолжетімді? Тұрғындармен ашық байланыс орнатылған ба?

– Алдымен айта кетейін, прокуратураның есігі әр азаматқа әрдайым ашық. Кейде жұмысқа таңмен келгенде, күтіп тұратын адамдар болады. Сондайда «Қабылдау күнінде келіңіз» демей, олардың талап-тілектерін тыңдап, барынша мәселенің шешілуіне жұмыстануға күш саламыз. Әлдебір кездері осындай жеке қабылдаумен аяқталады жұмыс күні.

Ал егер жол алыс, шалғайда болса, ол азамат бізге өтінішті «E-Otinish» платформасы арқылы еркін жолдай алады.

Цифрландыру жайында бір-екі ауыз сөз айта кетейін. Әңгіменің басында инвесторларды қорғау жөнінде сөз еткенмін. Міне, осы инвестор, барша кәсіпкерлерді тексеретін органдардың қай-қайсысы да бізден электронды түрде рұқсат алады. Прокуратураның осы рұқсатымен қажет болса, айыппұл салып, әкімшілік жауапкершілікке тартады.  Бұрынғыдай аяқтай жүріп қол қойдыру, қағаз тасу деген жоқ қазір, бұл шаруаның бәрі цифрлық қолтаңбамен тындырылады.

Құқық қорғау жүйесін реформалаудың нәтижесі – осыдан төрт жыл бұрын қылмыстық сот ісін жүргізудің үш буынды моделі енгізілді. Барлық процесс бірнеше кезеңге бөлінеді, оның басты мақсаты – тергеу органы, прокуратура және сот арасындағы өкілеттіктерді нақты ажырату. Үшбуынды модель деп аталуының себебі – қандай да бір қылмыс бойынша полиция деректерді жинайды, тергеу жүргізеді, прокуратура бұл іске құқықтық баға береді. Заңды ма, әлде заңсыз ба айыптың тағылуы? Прокурор 24 сағаттың ішінде дәлелдемелерге тәуелсіз баға береді, негізді процестік шешімдермен келіседі не болмаса бас тартады. Негізді процестік шешімдердің прокурордың келісімінсіз заңды күші жоқ екенін және құқықтық салдарға әкеп соқпайтынын атап өткен жөн. Ал сот төрелігін айтып, шешім шығарады.

Бүкіл процесс цифрландырылған және электрондық форматта өтеді.  Бұл бұзушылықтардың жолын дереу кесуді және қылмыстық процестің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Бұрын қылмыстық істерге қатысты бүкіл  жұмыс қағазға басылып, том-том болып тігілетін. Ал қазір тағылған айып, тергеу барысында алынған жауаптар, жалпы тергеудің жүргізілуіндегі бүкіл деректерді біз компьютер арқылы көріп, процесттің әділ өтуін бақылап отырамыз. Демек, белгілі бір дәлелдемелерді жою, өзгесіне алмастыру, оны істен алып тастау, т.б. қитұрқы әрекеттерді жасау мүмкін емес. Себебі тергеу барысындағы әр әрекеттің артында «цифрлық із» қалады, адами фактор болмайды. Үшбуынды осы модель адамның конституциялық құқығын сот кезінде ғана емес, тергеу басталған бойдан-ақ қорғауға ықпал етуге қауқарлы.

– Ауылдық жерде жиі кездесетін мәселе – малдың жолға шығып кетуі, соның салдарынан орын алатын жол-көлік оқиғалары. Прокуратура бұл бағытта қандай қадағалау жүргізіп отыр?

– Бұл мәселені реттеудің тек бір жолы бар – мал бағымын ұйымдастыру. Әрине, қынжылтарлық жағдай, ауданда бағым жүйелі жолға қойылмаған ауылдық округтер бар. Мәселені түпкілікті шешуге қауқарсыздық, тұрғындармен ортақ істі ұйымдастыруда әлсіздік деп білемін өз басым мұны.  Осы ретте қайта айналып «Заң мен тәртіп» қағидаты, «Адал азамат» бағдарламасы, «Таза Қазақстан» жобасына оралуға тура келеді. «Заң мен тәртіп» ұстанымдары тұрғындардың өз мүлкіне жауапкершілік алуынан көрінеді. Ал өз малын ешкімге кесірі тимейтіндей бағып, адал тірлік еткен жанның тірлігі  өзгелерге құрмет емей, немене? Міне, «Адал азамат» деген осы. «Таза Қазақстан» дегеніміз – осы сөз жазылған футболканы киіп, айына бір сенбілікке шығу емес, туған жер, кіндік кескен ауылға жанашырлық, қамқорлық. Малға қандай қатысы бар десек, тәуліктің 24 сағаты бойы ауылдың ішінде жүрген төрт түлік көшелердің сәнін келтіре ме? Әрине, жоқ. Керісінше, жас отырғызылған теректерді жапырып жеп, қоқыс контейнерлерін төңкеріп, шашып, ауылдың ажарын кетіреді.

«Ойлап қараңызшы, сіздің жолда жүрген малыңызға соқтығысқан таксидің ішінде үйге асыққан студент балаңыз келе жатса...» – мен мал бағымына қатысты тұрғындармен өткен жиындарда осындай мысалды жиі айтамын. Сондағы мал иелерінің бар жауабы – «Мұндай көлденеңнен сақтасын». Айтады да қояды. «Сақтасын» деп тілейді де, қояды. Тілек бар, әрекет жоқ, өкінішке қарай.

Былтыр малға соқтығысқан көлік апаттарында адам өлімі орын алған жоқ. Айталық, 2024 жылы осындай 36 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, 2025 жылы 24 дерек болған. Азайды, мұндай келеңсіздікті жоюға ұмтылуымыз керек.

Осыдан бір тұяқ жоғалып кетсінші, полицияға жүгінеді. Тіпті қашан, қайдан жоғалғанын да білмейді кейде мал иесі. Келесі мен келтіретін дерек біраз мәселеден хабар береді – айталық, былтыр тіркелген ұрлықтардың қай-қайсысында мал қорадан қолды болмаған, еркін жайылымнан ұрланған. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді», «Бақпасаң, мал кетеді» деп ата-бабаларымыздың қаперлеуінің дәлелі емес пе осы?!

Соңғы болған сот процестерінің бірінен мысал – 2020 жылы 18 жылқы ұрлаған барымташыға айыптау үкімі шығарылып, ол 8 жылға түрмеге тоғытылды. Әккі ұры далада үйірімен жайылып жүрген жылқылардың бір-екеуін өз қорасына әкеліп қамап, артынан сойып, етін сатып, кәсіп қылыпты. Сотта жауап берген жәбірленушілер қай уақытта малының жоғалғанынан да хабарсыз. Осыдан шығатын тұжырым – бәрі демей-ақ қояйын, бірақ мал асырайтын көп ағайын тек түлігіне иелік еткісі келеді, ал сол үшін жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді.

Облыста қылмыспен күрес жөнінде үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Сол кеңестің төрағасы – облыс прокуроры. Кеңес отырыстарында жергілікті атқарушы билік өкілдері, құқық қорғау органдарының өкілдері өңірімізде орын алып жатқан мәселелерді талқылайды. Сонда жол-көлік оқиғаларының көбею проблемасы көтерілді. Шешім қандай? Жолды қоршап қоя алмайды, әрине. Ең оңтайлы, тиімді, қолжетімді тәсіл – ірі қара, жылқының мойнына жарық шағылыстыратын флиппер тағу. Бұл әдіс тек біздің аудан емес, өзге аудандарда да қолға алынып жатыр. Өзім байқап көрейін деп өткен күзде түнгі уақытта жолға көлікпен шыққам. Сонда байқағаным – малдың мойнына тағылған флиппер тек жолдың үстінде ғана емес, орман жолағында жүрсе де, көліктің жарығына шағылысып, анадайдан көрінеді екен. Жоғарыда келтіре кеткен сандардан байқаған шығарсыздар, 2024 жылмен салыстырғанда, малдың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалар былтыр азайды. Демек, нәтиже бар деген сөз.

Қазір жұртшылықпен жүздесіп, осыны халыққа түсіндіріп жатырмыз. Флиппердің 1 метрі көп қымбат емес, әрі кетсе, 200 теңгенің айналасы. Жеке тұрғындар, шаруа қожалықтары осыған бет бұрды, малына таға бастады.

Көп жағдайда көлік апатына себеп болған малдың иесін анықтай алмай жатамыз. Себебі түлік бірдейлендірілмеген, не сырғасы, не таңба, не ені жоқ. Айта кетейін, 2020 жылы облыстық мәслихат ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың ережелері мен тәртібі жөнінде шешім шығарды. Соған сәйкес, мал бағымы ұйымдастырылып, жайылымға шығарылатын мал вакцинацияланған,  бірдейлендірілген болуы тиіс. Ал осы жұмыстардың бәрін кім жасауы керек? Әрине, ауылдық округ әкімі. Осы ережеде тағы бір қаперленген тұс – мал өріске ауылдың белгілі бір көшесімен шығарылып, сол көшемен өрістен кері қайтуы, бағым малдың жынысы мен жасына қарай ұйымдастырылуы қажет. Кей округтерде бағымның өзі жөнге қойылмаса, көше, жас пен жынысты айтудың өзі артық-ау.

Әлбетте, малды бағу әкімнің міндеті емес, әкімдікке жүктелетін жұмыс – бақташы тауып беру, мал жайылатын телімді белгілеу, ортақ іске жұртшылықты жұмылдыру. Қаншалықты өміршең болатынын айту қиын, бірақ күре жолдың бойындағы бір-екі ауылдық округте қоғамдық қызметкерлердің күшімен жолға шығып кеткен мал қайтарылуда.

– Бүгінгі сұхбатымызды көріп, тыңдап отырған аудан тұрғындарына қарапайым азамат ретінде  «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында айтар негізгі кеңесіңіз қандай? Құқықтық мәдениетті көтеру үшін әр адам нені білуі тиіс?

– Ең алдымен, санамыз түзу, ниетіміз адал, жүрегіміз таза болсын. Адамның ішкі жан-дүниесі сыртқы мәдениетімен үйлесім тапқаны абзал. Көшеде сусын ішіп келе жатсың ба, ыдысын «ешкім көріп тұрмағанда, құтылып қалайын» деп далаға лақтыра салма, қоқыс контейнеріне таста. Қарапайым ғана осы әрекет – рухани жетілгеніміздің, ішкі мәдениетіміздің көрінісі. Саған қарсы келе жатқан ұл не қыз осыдан үлгі алады. Ауылымыздың ортақ мекен екенін, оны ыбырсытып ластауға болмайтынын сенің осы әрекетіңнен көріп ұғынады, санасына түйеді.

Заң мен тәртіп салтанат құруы үшін әркім жұмысты өзінен бастауы тиіс.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен Әлия Шарапиева

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале